Мамандар оны тікелей мессенджердің өзінде қалай пайдалануға болатынын түсіндірді.
2025 жыл – адамзат өмірінің барлық қырына жасанды интеллект енген жыл ретінде тарихта қалатын түрі бар. ЖИ-ді енгізуге биыл барлық ірі компания білек сыбана кірісті.
Олардан Қазақстандағы танымалдылығы жөніне №1-ші мессенджер де қалыспауға ұйғарыпты. "Уатсапптың" нейрожелісі Perplexity деп аталады.
"Бір жыл ғана бұрын чат-боттар тек интернеттегі сайттарда және жекелеген ұялы қосымшаларда жұмыс істеген еді. Ал, енді оларды әрбір адамға етене жақын, барынша үйреншікті мессенджерлерге белсенді кіріктіре бастады. Осының арқасында заманауи технологияларға қол жеткізетін пайдаланушылар саны тіпті еселеп артатын болады", – деп жазды "AppleInsider" мамандандырылған басылымы.
Бұдан бұрын әлемдегі №1 миллиардер Илон Маск "Grok" чат-ботын Телеграмға енгізген болатын.
Қазіргі кезде WhatsApp-қа кезек келді. "Жасыл мессенджерде" "Perplexity AI" нейрожелісі пайда болды.
Бір ғажабы, енді нейрожеліге қол жеткізу үшін сізге сыртқы, бөгде қосымшаларды орнату қажет болмайды.
"Смартфоныңыздан арнайы сілтеме бойынша өтсеңіз жеткілікті, Perplexity нейрожелісі сіздің ұялы телефоныңызда ашылады. Немесе, +1 (833) 436-3285 телефон нөмірін WhatsApp-ыңыздағы контактілер тізіміне қоса салсаңыз болады. Аталған сілтемемен өтсеңіз, алдыңыздан қарапайым чат ашылады. Дәл сонда сіз өзіңізді қызықтыратын кез келген ақпаратты біле аласыз", – деді айти-шолушы Кирилл Пироженко.
Уатсаптағы "чат джи-пи-ти" не істей алады?
Шын мәнінде, Perplexity AI – ChatGPT-дің баламасы. Бірақ мессенджердегі нейрожеліден көп нәрсе күту әбестік. Әйтсе де, WhatsApp-тың чат-боты ағылшын, орыс және басқа тілдерінде салыстырмалы түрде сауатты мәтіндер құрастырып бере алады.
Сондай-ақ, сұрауыңызға қарай сурет салуға, фото жасауға қауқарлы. Бұдан бөлек, қандай да бір сұрақ бойынша сізге қажетті ақпаратты тауып, ұсына алады.
Мысалы, Кирилл Пироженко "Перплексити ИИ"-ден Айфон ұстаған адамның қолын бейнелеуді өтінді. Нәтиже жаман емес сияқты және көп ойланбастан, лезде, бір секундқа да жеткізбей, жасап берген:
"Бұған қоса, Уатсабымдағы Perplexity футболдан Чемпиондар лигасы мен Ұлттық хоккей лигасының плей-офф матчтарының соңғы нәтижелері туралы жылдам әрі оңай әңгімелеп берді. Сонымен қатар нейрожелі өзі сүйенген дереккөздердің бәрін де осында көрсеткені өте қолайлы. Өйткені кейбір чат-бот ойдан шығаратын болып алды. Яғни, қаласаңыз, таңдаған сайтыңызға өтіп, толығырақ ақпаратты, репортажды содан оқуға болады", – деді сарапшы.
Ол Perplexity-дің iPhone-дағы файлдармен жұмыс істей алатынына да қуанғанын айтады.
Айталық, егер өзіңізге жіберілген және көп беттен тұратын құжатты оқуға уақытыңыз болмаса, оны нейрожеліге жүктеп, онда не туралы айтылғанын баяндап беруді сұраңыз.
"Перплексити ИИ" бұл міндетті де көзді ашып-жұмғанша орындап береді. Демек, қалауын тауып, дұрыс қолдана білсе, іскер адамдар біраз уақытын үнемдейді.
Қорыта айтқанда, мамандардың сендіруінше, тұтынушылар әлемде танымал ChatGPT-ге толық сәйкес болмағанымен, соған жетеқабыл баламасын үйреншікті WhatsApp-та пайдалануға қол жеткізді.
Нейрожеліні пайдалану үшін басыартық қосымшаларды жүктеп, смартфоныңыздың жадын толтыруға, сондай-ақ мессенджерден тыс шығуға тура келмейді.
Perplexity-ді әзірлеушілер оны ChatGPT-ге тегін және ашық қолжетімді балама ретінде таныстырды. Ол тек ақпарат іздеп қана қоймай, сондай-ақ мәтін мен видеоны талдай алады.
Perplexity чат-боты сөздің мағынасын, контекстін және сұраудың ньюанстерін түсіну үшін GPT-4о және Claude 3 сияқты озық тілдік моделдерді пайдаланады екен. Осыдан кейін ол интернетті сканерлейді, беделді деген дереккөздерден ақпарат жинайды.
Содан соң барынша маңызды идеяларды бірізді және түсіну үшін қарапайым жауапқа біріктіреді.
Perplexity-дің ChatGPT-ден келесідей артықшылықтары бар:
- Ол әрбір деректің қайнар-көліне сілтеме жасайды және төл сөз (цитата) түрінде береді.
- Ақылы кеңейтулерсіз-ақ, тегін нұсқасында барынша өзекті және жаңа деректерді ұсынады.
- Барынша оңайлы және интуитивті түрді ұғынықты интерфейске ие.
- Perplexity AI-да көптеген опциялар қолжетімді.
Соның ішінде жауаптарды шынайы уақыт режимінде интернеттен іздеу және дереккөздеріне сілтемелерді алу, оқу жоспарларын құру, күрделі тақырыптарды барынша қарапайым тілмен түсіндіру, нарықтарға талдау жүргізу, сала бойынша заңдық құжаттарға қысқаша шолу бар.
Сондай-ақ, іскер тұлғалар қаржылық есептерді, нарыққа қатысты болжамдарды, инвестициялық стратегияларды таба алады.
Блогерлер осы чат-ботқа айтып, сценарийлер мен видеоға арналған сахна-сценаларды және диалогтарды жазғызып алғанын хабарлады.
Бұл жасанды интеллект халықаралық тілдерде электронды хатты дайындауға көмектесе алады.
Perplexity-ге сұрауды қалай жазу керек?
ChatGPT және оған ұқсас жүйелердегі сияқты, Perplexity-ге арналған сұрау да барынша егжей-тегжейлі, нақты детальдарға толы болуға тиіс. Әзірлеушілер бұл тұрғыда бірнеше кеңес берді:
- Чат-ботқа оның не жасауы керектігін, міндетін нақты түсіндіріңіз!
- Бірқатар анықтамалық ақпарат беріңіз!
- Сұрауға мейлінше көп нақты деректерді қосыңыз!
- Perplexity назарын сұраудың маңызы жөнінен басымдықты детальдарына шоғырландыруына көмектесу үшін шешуші терминдерді пайдаланыңыз!
- Сұрауды "что такое", "как", "what", "which" сияқты сұраулық есімдіктерден бастаңыз.
Сонымен бірге, әзірлеушілер сұраудың барынша қарапайым тілмен құрастырылуы, нейрожелінің көмегімен бірден бірнеше емес, бір міндетті шешуге тырысу қажеттігіне назар аудартты.
Дұрыс сұрау-промпттың бір мысалы келесідей: "Мен Жапонияға саяхаттауды жоспарлап отырмын. Маған Токио мен Киото бойынша жеті күндік егжей-тегжейлі маршрутті құрып бер. Оған көрнекті орындарды, ұсынылатын жергілікті мейрамхана-дәмханаларды, мәдени іс-шараларды, біркүндік турларды, қалалар арасында қатынайтын көлік түрлері нұсқаларын қос. Сондай-ақ әрбір орынға және мен болған кезде өтетін әрбір іс-шараға қай уақытта барған дұрыс екенін ұсын".
Осының нәтижесінде, Perplexity смартфоныңыздағы гидке де айнала алады.