Жаһан жұртын бейбітшілікке бастаған аңыз адам

2957

Қазақстанды адамзат тарихында тұңғыш рет ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел ретінде әлемге танытып, халықты ажал аждаһасынан аман алып қалды.

Жаһан жұртын бейбітшілікке бастаған аңыз адам

Елбасы осыдан 28 жыл бұрын Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойып, әлем қоғамдастығына ядролық сынақ жүргізуге мораторий жариялау қажеттігін шегелеп жеткізді. Осылайша ол өз халқының ғана емес, жаһан жұртының жанашырына айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев төрткүл дүниені мәмілегерлігімен, бастамашылдығымен, бейбітқұмарлығымен ауызына қаратып отырған бітімгер басшы. Бұған Елбасының халықаралық жиындардың биік мінберлерінен жасаған мәлімдемелері мен жаһан жұрты жұмылып жүзеге асырып жатқан жарқын жобалары дәлел.

Алмағайып дүниенің тамырын тап басып, оның жүрек дүрсіліне әлемнің құлағын түргізу, сол арқылы адамзаттың бас ауруына айналған шетін мәселелердің түйінін тарқату екінің бірінің қолынан келетін оңай шаруа емес. Ал адамзаттың жүрегіне жара болып жабысқан кері құбылыстарға алаң көңілмен қарайтын және оның жаһандық деңгейде шешілуіне ықпал ететін саяси фигуралар саусақпен санарлық. Солардың бірі де, бірегейі – Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазір әлемнің алты құрлығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты жаһан жұртын бейбітшілікке бастаған һәм туған халқын ядролық қарудың құрбаны болудан аман алып қалған аңыз адам деп ерекше құрметтейді. Атағынан ат үркетін әлемдік деңгейдегі дуалы ауыздар Нұрсұлтан Назарбаевты дүниенің төрт бұрышын ғаламдық сын-қатерлердің алдын алуға жұмылдырып жүрген сұңғыла саясаткер деп қана емес, жер шары бойынша ядролық сынақ жүргізуге мораторий жариялау бастамасы арқылы жалпыадамзаттық құндылық қалыптастырған реформатор деп дәріптейді. Олар Елбасының "Семей полигонын жабу туралы" Жарлыққа қол қоюын ғасырда бір рет жасалатын ерлік деп біледі. Ал отандастарымыз Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанды адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде әлемге танытқан тарихи тұлға және халқын ажал аждаһасынан аман алып қалған ерен ер ретінде мақтан тұтады.

Қазақстан қалай қарусызданды?
Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда "Семей полигонын жабу туралы" жарлыққа қол қойды. Ізінше Қазақстан Лиссабон хаттамасына қосылып, ядролық қаруы бар ел мәртебесінен өз еркімен бас тартты. Биыл Елбасының дүниежүзін елең еткізген тағдыршешті жарлығының орындалғанына 28 жыл толды.

1993 жылы Бүкіләлемдік алғашқы антиядролық конгресте Елбасы барлық ядролық сынақтар мен жаппай қырып-жоятын қаруға мораторий жариялау­ды ұсынды. Ал 1994 жылы Қазақстан ядролық қарудың Ресей аумағына әкетілуіне рұқсат берді және ТМД кеңістігінде бірінші болып "Ядролық қаруды таратпау туралы" халықаралық шартқа қосылды. Өз кезегінде ядролық бестік мүшелері – АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қытай және Франция Қазақстанның қауіпсіздігіне кепіл болу үшін Будапешт келісіміне мөр басты.  

2012 жылы 29 тамызда Астанада өткен "Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге" атты халықаралық конференцияда Елбасы өткенге оралып: "Осыдан тура 21 жыл бұрын халқымыздың ерік-жігерімен жүзеге асырылған тарихи актінің орасан зор өркениеттік маңызы бар. Мен 3 негізгі жайтты бөліп көрсеткім келеді. Біріншіден, бұл Қазақстан үшін шынайы егемендік пен тәуелсіздікке қарай жасал­ған шешуші қадам болды. Ядролық қару мен радиация 40 жылдан астам уақыт бойы біздің жерімізді азапқа салған зұлымдықтың нақ өзі еді. Екіншіден, 29 тамыз күллі Орталық Азияға ядролық қарудан азат аймақ мәр­тебесін берудің басталған күні болды. 2006 жылдың қыркүйегінде біз ай­мақтағы басқа елдермен бірге Ор­талық Азияны "ядросыз аймақ" деп жариялаған Семей келісіміне қол қойдық. Үшіншіден, Семей полигонының жабылуы­на байланысты ядролық қаруды таратпаудың және қарусызданудың жа­һандық үдерісінің жаңа кезеңі басталды. 1991 жылдың 29 тамызына дейін ядролық қауіпсіздік саласында негізі­нен шектеу шаралары қолданылып келді. Қазақстан бірінші болып ядролық сынақтарға  тыйым салу актісі арқылы "ақырет күнінің" қаруын жетілдіруді тоқтатуды жүзеге асырды", – ­­­деді.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығында "Қазақстан халқы өз миссиясын орындады, біздің арқамызда әлем Үшінші Дүниежүзілік соғыстың басталуынан аман қалды", – деп жазылған.

Расында да Елбасы халқымен бірлесіп, бүгінгі ұрпақтың болашағы үшін тарихи миссияны жүзеге асырды. Президент Семей полигонын жабу арқылы Хиросима мен Нагасакида орын алған зұлматтың Қазақстанда қайталану қаупін түп-тамырымен жойды. 

Елбасы "Невада-Семей" қозғалысын қолдады
Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылдың 28 ақпанында пайда болған "Невада-Семей" қоғалысына және оның жетекшісі, ақын Олжас Сүлейменовқа жан-жақты қолдау көрсеткен екен. Бұл туралы "Невада-Семей" қоғалысының жетекшісі өткен шақты еске алып жазған естелігінде: "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысы 1989 жылы сәуір айында Әділет министрлігінде Қазақстандағы ең алғашқы үкіметтік емес ұйым ретінде тіркелді. Нұрсұлтан Назарбаев қозғалысқа басынан бастап қолдау көрсетті, осы үшін біз оған алғыс айтамыз. Ол сөйлеген сөздерінде бірнеше мәрте: "Мен Кеңес одағының әскери-өнеркәсіптік кешені мен басшылықтың қысымына қарамастан, Қазақстан халқының арқасында ядролық полигонды жаптым" деп кесімді пікір білдірді", – деді.

"Невада-Семей" қоғалысының жетекшісі естелігінде антиядролық қозғалыс атынан Мәскеудегі КОКП Орталық комитетіне, КСРО Жоғарғы кеңесіне және КСРО министрлер кабинетіне хат жолдағанын баяндайды.  

"Билік басындағылар соңғы хатқа жауап беріп, арнайы  комиссия жіберді. Олар ешнәрсе шеше алмайтындарын бірден байқатты. Компартия Орталық комитетіне Нұрсұлтан Назарбаевтың келуі жағдайды күрт өзгертті. Ол 1989 жылы 27 маусымда зиялы қауыммен кездесіп: "Бұл –  толғақты мәселе. Қазақстандағы экологиялық жағдай мен Семей полигоны күн тәртібінде тұр. Біз "Невада-Семей" қозғалысын қолдаймыз, әрі оның мақсаты ізгі деп есептейміз", – деді. Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде өткен КОКП Орталық комитетінің пленумында да батыл сөйледі. Ол Қазақстанда әскери ведомстволар миллиондаған гектар жерді шаруашылық айналымнан шығарғанын, Семей сынақ алаңында 40 жыл ядролық қару сыналып жатқанын, халықтың оны жабу туралы талабы орынды екенін айтты", – дейді Олжас Сүлейменов.

Ақынның естелігінде Елбасының  ядролық жарылыстар мен уран өндіруден зардап шеккендерге өтемақы төлеу туралы талап қойғаны да баяндалады.

"Мәскеу бұған мән бермеді. Нұрсұлтан Назарбаев қызметіне кіріскен соң, Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл – тәуелсіз Қазақстанда қабылданған алғашқы маңызды құжаттың бірі болды", – деп нақтылайды Олжас Сүлейменов естелігінде.

Вашингтонда жасалған алғашқы мәлімдеме
1991 жылдың желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масымен ТМД-ның құрылуына ғана емес, бұрынғы Кеңестік кеңістіктегі ядролық қару-жарақтарға ортақ бақылау жасау тетіктерінің пайда болуына мұрындық болған Алма­ты декларациясына қол қойылды. Осы декларациямен бірге ядролық қарусыз ел атануға ұмтылған тәуелсіз мемлекеттерге құрметпен қарау жөнінде мәлімдеме жасалды.

Қазақстанның ядролық қарусыз мемлекет атануына жол салған тағы бір маңызды қадам Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау тура­лы келісімшартқа қосылуға дайын екенін мәлімдеуі болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы өз мәлімдемесін 1992 жылы мамыр айында Вашингтонға жасаған алғашқы ресми сапарында жариялады.

Мәлімдеме ая­сында Қазақстан аумағындағы барлық ядролық оқтұмсықтарды залалсыздандырудың нақты тетіктері жасалды. Көп ұзамай Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қосылды. Кейін тек өз аумағында ғана емес, жалпы Орталық Азия аумағында ядролық қарусыз кеңістік құру бастамасын көтеріп, оны табысты жүзеге асырды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қадамын күллі әлем елдерінің көшбасшылары айрықша жоғары бағалады. Осылай тәуелсіз қазақ елі өзінің әрбір әрекетімен, әрбір қадамымен кең-байтақ қазақ елінің бейбіт мақсатын әлемге әйгілеп, барлық көршілерімен және алыстағы стратегиялық әріптестерімен тату қарым-қатынас құрды.

Нұрсұлтан Назарбаев қабылдатқан қарар

Елбасы  БҰҰ-ға Семей ядролық полигоны жабылған тарихи күнді, яғни 29 тамызды халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама 2009 жылы бірден бекітілді. Содан бері дүниежүзі осы датаны жыл сайын халықаралық қауымдастықты қарусыздануға үндейтін күн ретінде атап өтеді.

Дәл осы күні әлем елдері жыл сайын ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы мемлекет Қазақстан екенін естеріне түсіреді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен БҰҰ қабылдаған қарусыздануға қатысты қарар ядролық сынақ салған жараның аузын ашуды емес, мүдделес мемлекеттерді жалпыадамзаттық қауіпке қарсы біріктіруді көздейді. Бүгінгі таңда жоғарыдағы қарар Нұрсұлтан Назарбаевтың  ядролық сынақ жүргізуге мораторий жариялау туралы ұсынысы өзектілігін жоймайтынына және ядролық қауіп-қатерден азат әлем құру жолындағы бастамасы жалғаса беретініне кепіл болып отыр.

"Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қару таратпау үдерісінің көшбасшысы"
2010 жылы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама Қазақстанның Тұңғыш Президентіне осылай деп баға берді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан әлемдегі қуаты жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқаны үлкен ерлік екенін атап өтіп, өзге елдер осы үдерістен үлгі алуға тиіс екенін тілге тиек етті.

"Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қару таратпау үдерісінің көшбасшысы. Атомды бейбіт мақсатта пайда­лануда Қазақстан Президенті  әлемдік қоғамдас­тық алдында бірқатар маңызды бас­тамалар көтеріп, олардың орындалуы үшін нақты іс-әрекет жасап жатыр", – деді Барак Обама.

2010 жылы Семей сынақ алаңына арнайы сапармен келген БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун де Нұрсұлтан Назарбаев жайлы пікір білдірді.

"Мен өзімнің Семейге сапарымды еш уақытта ұмытпаймын. Семейде бейбітшіліктің лебі есіп тұр. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды антиядролық қозғалыстың негізгі нүктесіне, қозғаушы күшіне айналдырды", – деді.

Ал өзіміздің отандасымыз, "Атом" жобасының құрметті елшісі, Семей ядролық полигоның зардабын тартқан суретші,  аузымен, аяғымен сурет салатын қылқалам шебері Кәріпбек Күйіков ядролық сынақтың соңғы құрбаны өзі, нағыз хас батыры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болуға тиіс екенін алға тартады.

"Мен бар ғұмырымды Семей полигонының зардабын жоюға арнап келемін. Жаппай қырып-жою қаруы бір-ақ күнде дүниенің астан-кестенін шығаруы мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда 7 млрд адамның тағдыры түймедей ғана тетікке байланысты болып тұр. Әлдекім сол тетікті басып қалса, адамдар қынадай қырылады. Мен Қазақстанның, Елбасының ядролық қарудан бас тарту туралы бастамасын қолдаймын және әлем халқын бейбіт өмір сүруге, қан төкпеуге шақырамын!", – деді Кәріпбек Күйіков.

"Бейбітшілік қабырғасы"
Былтыр 29 тамызда – Семей полигонының жабылған және Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнінде Нұрсұлтан Назарбаев елорда да "Бейбітшілік қабырғасы" атты тарихи, саяси мәні зор монументті ашты. 

 

"1949 жылы дәл осы күні Семей полигонында ядролық қару алғаш рет сыналған болатын. Қырық жыл бойғы 450-ден астам жарылыстың салдарынан миллиондаған адам зардап шекті. Менің Жарлығыммен 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Бүгін, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні, біз елордамызда жаңа маңызды нысанды – "Бейбітшілік қабырғасы" монументін ашып отырмыз", – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілік пен келісім береке мен бірлікке бастау болатынын баяндады.

"Семей ядролық полигонының жабылуы, ядролық қару-жарақтан бас тартуымыз, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру бастамасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, "Әлем. XXI ғасыр" манифесі, Сирия жөніндегі Астана процесі – осының бәрі Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан нақты үлесі", – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінше, Астанада бой көтерген "Бейбітшілік қабырғасы" монументі тарих сабақтарынан тәлім алып, оны ұмытпауға және еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақты бағалауға үндейді.

"Бейбітшілік қабырғасы" – бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеуді және өткен тарихымыздың қасіретті кезеңдерін қайталамауды замандастарымыздың есіне салып тұратын нысан. Біздің бітімгершілік бастамаларымыз, ең алдымен, болашақ ұрпаққа арналады. Біз барлық тілде ұрпақтарымызға "Бейбітшілікті сақтаңдар!" дейміз. Бұл – жер бетіндегі әрбір адамның бойында болуға тиіс ең басты құндылық", – деді Елбасы.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың  "Әлем. ХХІ ғасыр" антиядролық манифестінің идеясы негізінде салынған монумент 3 үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі – бөлшектеу мен оқшаулауды, екінші бөлігі – үміт пен еркіндікті және  тәуелсіздікті, үшіншісі – бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Ұзындығы – 111, ені – 18,4, биіктігі – 17,5 метрді құрайтын мемориалда әлемнің 51 тілінде "Бейбітшілік" сөзі жазылған.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу