Жаһандық газ экспорты Қазақстанға шығын әкелуде

14912

Министр ресейлік ГӨЗ-ге наразы бастамашыл топқа жауап қайырды. 

Жаһандық газ экспорты Қазақстанға шығын әкелуде Фото: sputniknews.kz

ТЖ, коронавирус және ұлттық валюта девальвациясының үстемеленген соққысының астында қалған бұқара Үкіметке шағымдануда.

Айтқандай, әлемдік экономикадағы қиыншылықтар газға деген сұранысты күрт құлдыратты. Сөйтіп, дүниежүзінде, әсіресе, Еуропада "көгілдір отын" бағасы рекордтық деңгейде арзандады. Еуропалық хабта (Нидерландының TTF-інде) 1 мың текше метрінің бағасы 100 доллардан да төмендеген. Баға 93,5 долларға дейін құлады. Салдарынан, Қазақстан, Ресей және басқа да табиғи газ өндіруші елдер миллиардтап қаражат жоғалтып жатыр.

Covid-19 кесірінен көптеген елде өндіріс тоқтап, өнеркәсіп дағдарды. Бұл газ нарығындағы сұранысқа соққы болды. Сұранысы аз сұйытылған табиғи газ хабтарда қордаланып қалуда. Содан сатушылар жеңілдік беріп, сатып алушыларды өзіне тартудан жарысуда екен.

Энергетика министрлігі Қазақстанның экспорттық бағдарлары біршама әртараптандырылғанын айтады. Клиенттері қатарында Еуропалық одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай, Орталық Азия елдері бар. Бағдарлар бойындағы құбыр жүйелері өзге елдерден әлдеқайда тартымды сұраныс түсіп жатса, шикізатты қайта бағыттауға мүмкіндік беретін көрінеді.

Бірақ әзірше барлық нарықта баға құлдырап жатыр.

"Қазақстандық экспорт тәулігіне 18,5 миллион текше метр деңгейінде қалады деп тұспалдануда. Жалпы, бұдан бұрын 2020 жылғы наурызда экспорт көлемі тәулігіне 23 млн текше метр болады деп жоспарланған еді. Наурыз айындағы жедел деректерге жүгінсек және газ экспорты 31 наурызға дейін 18,5 млн текше метр көлемінде сақталса, онда Қазақстанның бұл экспорттан ала алмай қалған табысы 28 млн доллар болуы мүмкін", – деп хабарлады Энергетика министрі.

Яғни, бір айдағы "шығыны" 12,5 млрд теңгеге жетпек.

Осы орайда отынның бұл түрінің ішкі нарықта арзандамайтыны қазақстандықтарды ашынтып отыр. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында Мейірбек Есболатұлы, Бекнұр Сражанов, Ерболат Мұсағалиев, Ғадылбек Жұбанғалиев бастаған бастамашыл топ өкілдері биліктен "көгілдір отын" құнын арзандатуды талап етті.  

"Дүниежүзілік банктің зерттеулері бойынша БҚО еліміздегі ең кедей үш аумақтың бірі саналады. Ал облысымызда Қарашығанақ газ кен орны шоғырланған. Солай бола тұра, газ өндіретін ең кедей облыстың бірінде тұрғындар тұтынатын газдың бағасы өте қымбат. Осы батыс аймақтағы көршілерімізде газ тарифі бізден екі есеге жуық төмен: мысалы, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында 1 текше метр газдың құны – сегіз-ақ теңгенің үстінде. Газ өндіретін біздің облыста 1 текше метр газдың құны – 17 теңгеден жоғары", – дейді Мейірбек Есболатұлы.

Олар Үкіметтің алдына бірнеше мәселе қойды: біріншіден, неге газ өндірілетін кен орнынан қашықтау орналасқан көрші облыстармен салыстырғанда, БҚО-да тұрғындар үшін газдың бағасы екі есеге жоғары? Екіншіден, БҚО-дағы газ тарифы неден құралады? Оның егжей-тегжейлі калькуляциясы қандай? Үшіншіден, Үкімет тұрғындар тұтынатын газ тарифын азайтуға қандай үлес қоса алады? Бұл бағытта қандай да бір шаралар жоспарланған ба? Төртіншіден, Қарашығанақ газын шетелде емес, өзімізде өңдеу, сөйтіп өңдеу-тасымалдау құнын азайту арқылы газ тарифын арзандату үшін БҚО аумағында газ өңдеу зауыты салу жоспарда бар ма?

Бұл сауалдарға Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жауап берді. Оның мәліметінше, БҚО тұтынушыларына жеткізілетін газдың негізгі көзі – Қарашығанақ кен орны. Алайда оның шикізаты Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытында өңделеді.

"Ресей Федерациясынан Қазақстан шекарасына жеткенде, Қарашығанақ газының өзіндік құны 17 мың теңгеден асады. Оның 5 мың теңгесі – шикізатты сатып алу, 6 мың теңгесі – қайта өңдеу, қалғаны – тасымалдау шығындары. Министрліктің бұйрығымен 2019 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 30 маусымына дейінгі кезеңге тауарлық газға шекті көтерме баға бекітілді және ол 10 мың 541 теңгені құрайды. БҚО тұтынушылары үшін газ бағасын "ҚазТрансГаз" ұлттық операторы субсидиялап отыр. Осылайша, жыл сайын Батыс Қазақстан облысында шамамен 11 миллиардтан астам теңге субсидияға жұмсалады", – дейді министр.

Ол осы облыс үшін аталған отын бағасы шынымен үнемі қымбаттап келгенін растады. БҚО-да газдың көтерме бағасының өзі 2014 жылы 10 мың 961 теңгеден 2015 жылы – 11 мың 266 теңгеге, 2016 жылы – 11 мың 552 теңгеге, 2017 жылы – 11 мың 987 теңгеге, 2018 жылы – 12 мың 61 теңгеге дейін көтерілген.

Нәтижесінде, 2014 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде мемлекет бір ғана облыста газды жалпы көлемі 40 миллиард теңгеден астам сомаға субсидиялапты. Былтырғы 2019 жылдан бастап БҚО үшін газының көтерме бағасы 12,6%-ға – 12 мың 61 теңгеден 10 мың 541 теңгеге дейін төмендетілді.

Ресейдің өңдеу зауыты өз қызметін арзандатпай отыр. Бұл жағдайда ары қарай арзандату мүмкін болмайтынға ұқсайды.

"Ақтөбе және Атырау облыстарының тауарлық газға деген қажеттілігі өзіміздің ГӨЗ-де өңделетін шикізат, яғни жергілікті жер қойнауын пайдаланушылар есебінен жабылады. Осыған байланысты Ақтөбе облысындағы газдың өзіндік құны салыстырмалы түрде төмен. Тиісінше, Ақтөбе және Атырау облыстарына қайта өңделген газ жеткізілетінін, ал БҚО үшін қайта өңдеу Ресейдің Орынбор ГӨЗ-інде жүзеге асырылатынын ескерсек, БҚО-да газдың өзіндік құны жоғары болып қалуда", – деді еліміздің бас энергетигі Нұрлан Ноғаев.

Тұйықтан төл газ өңдеу зауыты құтқарар ма еді, әйткенмен қазіргі жаппай тапшылық және бюджетті оңтайландыру заманында ондай нысанның қашан ел игілігіне айналары белгісіз.

Жанат Ардақ