Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап азаматтар мен сарапшылардан ұсыныстар келіп түсуде.
Бұл туралы Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қоғам қазіргі ұсынылып отырған өкілеттіктердің бөлінісі аясында билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікке қатысты сұрақтар көтеріп жатыр. Қоғам өз билігін саяси билікке табыстағандықтан, Президент, Құрылтай, Қазақстан Халық кеңесі арасындағы өкілеттіктердің бөлінісі қандай болмақ деген сұрақтар да кездеседі. Сондай-ақ, бірқатар азамат мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты мәселеге назар аударуда. Бірақ бұл жерде жаңа Конституция жобасында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде айқын көрініс тапқанын да айта кету керек", – деді Стратегиялық зерттеулер институтының басшысы.
Жандос Шаймардановтың сөзінше, Конституциялық комиссияның жұмысы басталғаннан бері азаматтардан, құқық саласындағы ғалымдардан, сарапшылардан, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар тарапынан 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен.
"Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап қоғамдық талқылау айтарлықтай жандана түсті. Азаматтардың ұсыныстары мен өтініштері е-өтініш платформасына әлі де келіп түсуде. Қазіргі таңда олардың жалпы саны 4 мыңнан асты. Ұсыныстар азаматтардан ғана емес, сарапшылардан да келіп жатыр", – деді спикер.
Айта кету керек, бұған дейін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның референдум өткізу туралы шешім қабылдауға өкілеттігі жоқ екенін жазғанбыз.