banner

Жартылай өз өніміміз

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
30328

Қазақстанда жасалатын электромобильдердің құнын шектеу 50%-ға жетуі мүмкін.

Жартылай өз өніміміз Фото: ortcom.kz

Мұндай болжаммен ҚР инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау abctv.kz-пен бөлісті.

"Қазақстан халқы сонда да электромобиль алуын тоқтатқан емес. Мұны көріп отырмыз: былтырғы жылы Қазақстан бойынша бірнеше жүз электромобиль сатып алынды. Бұл біз ойлағанымыздан да тез дамитын болады. Бұл "айфон" тәрізді: кеше ғана оны ешкім білмесе, бүгін бәрі соны алып жатқанын көресіз... Әрине, егер біз қозғалтқышты игеріп алсақ дұрыс болар еді, ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар, онда бағаны төмендету деңгейі 50%-дан да жоғары болар еді. Төмендету көлік құнмен есептеледі және батарея көлік құнынан 30% құрайды", - деді ол.

Бүгінгі күні Инвестиция және даму министрлігі автокөлік құрастыру саласын дамыту мақсатында жол картасын әзірледі, ол инфрақұрылымды дамытып, жаңа объектілерде қуаттау құрылғыларының болуын талап етуді көздейді.

"Стандарттар енгізуіміз – алғашқы қадам, себебі инфрақұрылымға, түрлі розеткалар мен қуаттау құрылғыларына және электромобильдің өзіне нақты талап қойылмайынша, осындай күрделі жұмысты бастауға болмайды. Бұл бірінші қадам", - деді Альберт мырза.

Екінші мәселе өндірістің өзіне келіп тіреледі және Қазақстанда электромобильдерді жасап шығаруда бағаны төмендету мүмкіндігіне байланысты.

"Байқауымызша, батареяларды меңгеріп кетуіміз екіталай. Бұл шапшаң дамып келе жатқан сектор, бір зауыт үшін алаң таңдап жүрген кезде батареяның моделі өзгеріп кетті. Яғни, зауытты салып үлгермей жатып, батареяның өзі ауысып кетті. Ал қозғалтқышқа келер болса, бұл өте қарапайым зат. Қазір бұл мәселені жан-жақты ойластырып жатырмыз. Бірақ осы қуаттау құрылғыларының құрылысы үшін қаржы іздеу керек, - деді Альберт Рау. – Яғни, екі мәселе бар. Алғашқысы, барлық әлемдегідей стандарттар енгізу арқылы шешіледі, яғни бір автотұрақта белгілі бір мөлшерде қуаттау құрылғыларын орналастыру талап етілсе болды".

Жаңа объектілер бойынша барлығы түсінікті, қуаттау құрылғыларының белгілі бір саны туралы стандарттар жазылып шыққан соң, объектінің құрылысы осыған сәйкестендіріледі, алайда бұрыннан бар объектілер бойынша жағдай қиынырақ. Қолданыстағы ғимараттар мен кешендердің иелері жаңа клиенттерді – электромобиль жүргізушілерін тарту үшін қуаттау құрылғыларын орналастыруы мүмкін. Дәстүрлі бензин көліктерімен салыстырғанда электромобильдерге кететін шығын әлдеқайда төмен, сондықтан болашақта оларды сатып алушы адамдардың саны өсе бермек.

"Сенің мейманханаң бар делік, қуаттау құрылғыларын орналастырсаң да, орналастырмасаң да болады, бірақ инфрақұрылымның болуы артық етпейді. Жалпы, біздің есептеуімізше, 1 км жол жүруге кететін электр қуаты, не дегенмен, бензиннен әлдеқайда арзан.  Бірақ бүгінгі күні бірдей модель электромобильдердің құны дәстүрлі автокөліктен 30-50%-ға қымбатырақ. Иә, бензин мен электр қуаты бағасының айырмашылығы есебінен 3-4 жылда ол есесін толтырады, алайда бүгінгі күні кез келген адамның қалтасы көліктің бұл түрін алуға шақ келмейді", - деді Альберт Рау.

Қазіргі кезде Қазақстан электромобильдерді енгізу және жасауда шетелдің, оның ішінде Еуропа мен Қытайдың тәжірибесін зерттеуде.

"Біз тәжірибе алмасып, кеңес алатын Қытай көлік сатып алушыларға қарымақы төлеуге көп қаражат жұмсайды. Біз, әрине, бұған әлі дайын емеспіз. Қытай баға айырмашылығына көп шығындалады. Олардың айтуынша, субсидияны оларға орталық үкімет те, жергілікті билік те береді.  Бізге бастапқыда ең болмағанда стандарттарды қабылдау қажет", - деп баса айтты вице министр.

Бұдан бұрын abctv.kz жанар-жағармай бекеттерінің стандарттарына міндетті түрде электромобильдерді қуаттайтын құрылғыларды орналастырылуы жоспарланып тұрғанын хабарлаған болатын.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу