"Жасыл" ғимарат құрылысы үшін мемлекет ерлік істеуі керек – Александр Белый

4246

"Қалалардағы экологияны жақсартуға мемлекеттің саяси ерік-жігері болуға тиіс. Тұтынушы мүдделі екенін көрсетуі керек. Сайып келгенде бәріміз деніміз сау, әсіресе балаларымыз мықты болғанын қалаймыз".

"Жасыл" ғимарат құрылысы үшін мемлекет ерлік істеуі керек – Александр Белый

Ph.D, Қазақстандағы жасыл құрылыс жөніндегі кеңестің (KazGBC) атқарушы директоры Александр Белый заманауи өмір салты және озық технологиялар жөнінде InBusiness.kz тілшісіне сұхбат берді.

Айта кетейік, KazGBC – Дүниежүзілік жасыл құрылыс жөніндегі кеңестің (WorldGBC) Қазақстандағы бөлімі

"ЖАСЫЛ" ҚҰРЫЛЫС ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ ОНДАЙ ҒИМАРАТТА НЕ ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

– "Жасыл" құрылыс дегеніміз не?

– Сарапшылардың бағалауы бойынша, әлемде тұтынылатын бастапқы энергияның шамамен 40%-ы, барлық электр энергиясының 67%-ы, шикізаттың 40%-ы және ауыз су қорының 14%-ы ғимараттарда пайдаланылады. Глек қышқыл газы шығарындысының 35%-ын және қалалардағы барлық қатты қалдықтардың жартысына жуығын осы ғимараттар шығарады. Жаһандық климаттың өзгеруі және табиғи ресурстардың сарқылу қаупі артты. Осыдан барып әлемдік құрылыс индустриясы "жасыл" деп аталатын ғимараттарды, яғни қоршаған ортаға және жаһандық климатқа аз әсер ететін ғимараттарды салуды және пайдалануды жүзеге асырып жатыр. "Жасыл" құрылыстың мақсаты – ғимараттардың сапасы мен ішкі ортасының жайлылығын сақтай отырып немесе оны арттыра отырып, энергия мен материалдық ресурстарды тұтыну деңгейін төмендету.

– Мұндай ғимаратта не қолданылады?

– Жаңа техникалық әзірлемелердің арқасында халықаралық жетекші құрылыс компаниялары жеке және қоғамдық "жасыл" ғимараттарды салуды бастап кеткен. Ауқымды жұмысқа кірісті. "Жасыл" құрылыста не қолданылады дейсіз ғой? Ең алдымен, энергиялық тиімді құрылыс материалдарын (қабырға панельдері, блок құрылымдары және т.б.), сосын электр энергиясы, су, газ және тағы басқа дүниелерді тұтынуды реттеу, үнемді жұмсауға мүмкіндік беретін инженерлік жүйелер жиынтығы қолданылуы керек.. Шағын жаңартылатын энергия көздері (фотовольтаика, күн коллекторы, жылу сорғысы) де осы қатарға жатады. Былайша айтқанда, кен арқылы өндірілетін энергияны аз тұтына бастаймыз. Осы технологиялар көміртегін азайтуға мүмкіндік береді.

Екіншіден, экологиялық таза материалдар қолданылады. Мысалы, сертификатталған ағаш, қайталама шикізаттан алынған материалдар. Ғимаратты безендіруге де денсаулыққа қауіпсіз бояу, жабындарды пайдалану керек.

Мұндай ғимаратта адамға оңтайлы температура, ылғал, оттегі және басқа да параметрлер болады. Бас ауруы мен басқа да ауру түрлері мазаламауы керек.

"Жасыл" ғимараттарда суды үнемдеуге көп көңіл бөлінеді. Үнемдейтін және су тамшылауына қолданылатын арнайы заманауи жабдықтар керек. Ең дұрысы, техникалық жұмысқа қайта сүзілген суды пайдалану керек және жасыл желекті суаруға жаңбыр суын жинау технологиясын енгізу керек.

Әрине, мен "жасыл" ғимаратқа қажетті технологиялардың тізімін толық айтып отырған жоқпын. Бұған ұйымдастырушылық процесс те қосылуы керек, яғни дұрыс басқару, техникалық қызмет көрсету, ресурстарды тұтынуды бақылау және тағы басқалар. Сонымен бірге ғимаратты бұрын қалалық мақсатта бөлінген аумаққа салғызған абзал. Осы талап арқылы бұрын салынған жер учаскелерін пайдалануға ынталандырып, түртілмеген табиғи аумақтарды пайдалану қысқарады.

Осылайша, ғимараттың қолданысқа берілгеннен бастап, жарамсыз болып қалғанына шейінгі бүкіл циклінде энергия мен материалдық ресурстарды тұтыну деңгейін төмендетуді көздейміз.

Кейбір деректер бойынша, бүгінде 135 елде жалпы ауданы 1 млрд шаршы метр болатын 100 мыңнан астам жасыл ғимарат салынды. Бұл тек тұрғын үй ғана емес, коммерциялық жылжымайтын мүлік, әлеуметтік және сауда мақсатындағы объектілер.

– Энергия үнемдейтін құрылғылар туралы айтып берсеңіз.

– "Жасыл" ғимараттарда энергияны үнемдеуге маңызды орын беріледі, өйткені қалаларда энергияны негізгі тұтынушы осы ғимараттар болып саналады. Жылытуға, желдетуге және жарықтандыруға жылу мен электр энергиясының нақты шығынын азайтуға мүмкіндік беретін материалдар мен инженерлік жабдықтарды қолдану арқылы жоғары класқа қол жеткізуге болады.

Оларға ең алдымен энергиялық тиімді жылу қондырғылары жатады (егер ғимарат жеке жылу көздерінен дербес жылытылатын болса). Мұндай қондырғылар ғимарат температурасын ауа райы жағдайына байланысты автоматты режимде реттейді. Шағын жаңартылатын энергия көздері (мысалы, жылу сорғылары, күн коллекторлары) суық мезгілде жылу энергиясының біршама бөлігін жауып бере алады. Ал жылы кезеңде, әдетте, ыстық суды дайындауға қажет болады. Осылайша, қазба ресурстарын мейлінше аз тұтынады.

Егер ғимарат орталықтандырылған жылуға қосылған болса, онда "ақылды жылыту" деп аталатын қондырғы міндетті нәрсе. Бұл – жылуды көшедегі ауа-райына байланысты автоматты режимде реттейтін торап. Мұндай ғимараттың әр бөлмесіне реттегіштер орнатылып, радиатордағы термостат сияқты жылу беруді азайтып тұруы керек. Яғни бөлме тым ыстық болмайды, терезелерді ашпайсыз, қалыпты реттеп, артық энергияны үнемдеп тұрады.

Тұрғын емес ғимараттарда (кеңсе, сауда үйлері) жылу энергиясын одан да көп үнемдеу керек. Қазір ғимараттың желдетуінен шығатын жылудың бір бөлігін қайта пайдалануға мүмкіндік беретін күрделі құрылғылар орнатылып жатыр. Желдету арқылы жылу энергиясының 35-40% жоғалатыны белгілі және оны қайта пайдаланбау орынды болмас еді. Бірақ тағы да еске саламын, бұл дегеніміз дұрыс күтімді қажет ететін күрделі жабдық.

Электр энергиясын үнемдеу үшін "жасыл" ғимараттарда энергия үнемдейтін шамдар, лифтілер және басқа да инженерлік жабдықтар (сорғылар және т.б.) орнатылуға тиіс. Олар "А" класынан төмен болмағаны абзал. Сонымен бірге күн энергиясын алып, электр жүктемесін азайтуға фотоэлектрлік панельдер қажт.

Әрине, қабырға, шатыр, жертөле және терезелердің бәрі жылуды сыртқа шығармайтын заманауи материалдардан жасалуы керек.

"ЖАСЫЛ" ҒИМАРАТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРАЖАТ ШЫҒЫНЫН ҚАНШАЛЫҚТЫ АРТТЫРАДЫ?

– Қазақстанда "жасыл" ғимараттарға көп көңіл бөлінбейтін тәрізді. Елдегі "жасыл" құрылыс қарқыны туралы не айтар едіңіз?

– Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегінен бейтарап болуы керек. Сондықтан энергияны тиімді тұтыну үшін үлкен күш-жігер қажет болады. Энергия тиімділігі, энергия үнемдеу саясаты, "Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі тұжырымдамасы" және басқа да экологиялық сипаттағы бағдарламалық құжаттар бар болса да, "жасыл" құрылыс әлі де кең таралған жоқ.

Дегенмен елімізде "жасыл" деп санауға болатын 48-ге жуық ғимарат бар. Олар халықаралық "жасыл" стандарттар бойынша (мысалы, LEED, BREEAM) және OMIR ұлттық "жасыл" стандарты бойынша сертификат алған. Алматыдағы "Parkviewoffice", "GreenTower" және "Ergodom" сияқты кеңсе ғимараттары OMIR - дің "жасыл" сертификаттарына ие болды. Нұр-сұлтан қаласында Omir Ұлттық сертификаты бойынша "MegaSilkWay" сауда ғимараты, "Гранд Виктория" көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің жобасы және ЭКСПО-ның бір павильоны сертификатталған.

– Инвесторларға мұндай құрылыс салуға не кедергі?

– Негізінде "жасыл" сертификат дегеніміз оларды ынталандыруға арналған. Инвесторлар "жасыл" сертификатын аламыз деп, ғимаратты "жасылдандыра" түседі.

Өкінішке қарай, елде мұндай технологияларды кеңінен қолдануға айтарлықтай ынталандыру жоқ. Мысалы, салықтық ынталандыру (егер ғимарат "жасыл" болса, сіз мүлік салығын аз төлейсіз) немесе банктік өнімдерді аз пайыздық мөлшерлемемен (егер ғимарат "жасыл" болса, сіз оны салуға немесе ондағы пәтерді аз пайызбен сатып алуға несие аласыз) беру болғаны дұрыс еді.

Дегенмен мұндай ынталандыру болмаса да, "жасыл" технологиялар енгізіле бастады. Анығын айтқанда, мәжбүрліктен инвестор мен әзірлеушілер енгізе бастады. Мысалы, былтыр энергия қуаты тапшы болды. Әзірлеушілер энергияны (жылу және электр) қайдан аламыз деп бас қатырды. Яғни қымбат та болса, энергия үнемдейтін технология, материал және тіпті шағын жаңартылатын энергия көздерін де қолдана бастады.

– "Жасыл" технологияға көшуге тағы не ықпал ете алады?

– Жоғарыда айтылған көміртегі бейтараптығы да, ивесторларға стимул бола алады. Себебі мемлекет 2060 жылы ғимараттар тұтынатын энергияны екі есе азайтуға міндетті.

Адамдардың денсаулығына зиянсыз материалдар қолдану да "жасыл" технологияға көшуге ықпал етеді. Себебі коронавиурс өршігенде бизнес нысандары жабылып қалды ғой. Бұл үшін жылудың адамға жайлылығы мен ауа алмасуды қамтамасыз ететін заманауи экологиялық қауіпсіз материалдар, тиімді инженерлік жабдықтарды қолдану керек.

Сонымен бірге "жасыл" ғимарат деген статус алғаны – абырой. Ірі компаниялар заманауи ғимаратта отыруды көздейді. Олар экологияға зиян тигізбейтінін насихаттайды, қызметкерлерінің еңбек жағдайы сапалы екенін айтып мақтанады. Яғни құрылыс иесі осындай ірі клиенттерді тарту үшін заманауи жабдықтар қолдануға мәжбүр болмақ.  

– "Жасыл" құрылыс инвестордың шығынын қанша пайыз арттырады?

– Жасыл құрылыстың құнын анықтау әлі де қиын. Көптеген әзірлеуші мұндай ғимаратты жобалау және салу шығынды шамамен 10%-ға немесе одан да көп арттырады деп санайды.

Мемлекет салық жеңілдіктері арқылы ерлік пен саяси ерік-жігер көрсетуі керек. Несие бойынша да пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қаражат табуға тиіс, өйткені банктер ставканы төмендетіп, өздеріне зиян келтірмейтіні түсінікті.

Жалпы Қазақстандағы банктер ESG (жауапты инвестициялау) қағидаттарына көшетінін және кейібреуі "жасыл" стандарттар бойынша тұрғын үй сатып алу және салу үшін несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендетенін хабарлаған болатын. Бұл жақсы хабар!

Қазіргі уақытта біздің кеңестің мүшелері қарапайым ғимарат пен "жасыл" ғимаратты салыстырып, арасындағы қаражат айырмашылығын анықтауға зерттеу жүргізіп жатыр.

– "Жасыл" технологиялар сертификатын алу міндетті ме?

– Жоқ, бұл ерікті, заманауи ғимараттар салуға ынталандыру үшін қажет.

Барлық "жасыл" стандарттар жақсылыққа деген ұмтылыстан туындаған. Белгілі бір ғимараттың функционалды сипаттамаларын бағалау, ғимараттың қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға және ішкі ортаның жайлылығын барынша арттыруға бағытталған экологиялық тиімділік дәрежесі анықталады.

Біз 2015-2018 жылдары "OMIR" атты экологиялық сертификатты әзірледік. Ол көп пәтерлі тұрғын үй, сауда-ойын-сауық орталықтары және  офистік ғимараттарды ерікті сертификаттауға арналған. Өтініш берушіні сертификаттаудан өткіземіз. Сосын екі жылдық пайдалану мерзімі өткеннен кейін сертификаттау барысында тіркелген параметрлер мен сипаттамаларын растау үшін ғимаратқа аудит жүргіземіз.

"ЖАСЫЛ" ТЕХНОЛОГИЯ ҚОҒАМДА ДОСТЫҚ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫ ОРНЫҚТЫРУҒА СЕП БОЛЫП ОТЫР"

– Озық елдерде "жасыл" құрылыс қарқыны қалай?

– Кейінгі 40 жылда "жасыл" құрылыс саласында нағыз серпіліс болды. АҚШ пен Еуропада бұл бағыт тек құрылыс компаниялары ғана емес, сонымен бірге үкімет тарапынан да үлкен қолдауға ие. "Жасыл" құрылыс тұжырымдамасы урбанизация дәуірінде қалалардағы экологиялық жағдайды едәуір жақсартады, қызметкерге "больничный" төлеуге және т.б. қажетті шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жергілікті билік пен осы елдердің үкіметтері үшін басты ынталандыру болып табылады.

Кейінгі жылдары "жасыл" құрылыс бойынша қозғалыс барған сайын ауқымды сипат алып келеді. Қоршаған табиғат, қала құрылысы, коммуникация және адамдардың өмір салты үйлесетін қалалар жобасы жасалып жатыр. Сонымен 2014 жылы Жапонияда болашақ Фуджисаваның (FujisawaSustainable Smart Town) энергиялық тиімді үлгілі қаласының бірінші кварталы ашылды. Ондағы барлық ғимарат күн энергиясы мен жел генераторларынан қуат алады. Коммуникациялары сауатты бөлінгені сонша, су шығындары үштен бірге азайды. Мұнда қоғамдық көлікті велосипед пен электромобильдер алмастырады.

Манхэттендегі Америка банкінің мұнарасы – әлемдегі ең экологиялық таза ғимараттардың бірі. Оның құрылысында күн сәулесін ішінара сіңіретін және табиғи күндізгі жарықты максималды алуға мүмкіндік беретін екі қабатты терезелер қолданылды. Ғимаратта 4,6 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіретін арнайы қондырғы бар – бұл ғимараттың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етпесе де, көп бөлігін қамтып отыр. Шатырға түсетін жаңбыр суы тазартылып, қайта пайдаланылады, ал ғимаратқа кіретін және одан шығатын ауа мұқият сүзіледі. Көк тіреген ғимарат көп жағдайда қайталама материалдардан жасалған, оны болашақта қоршаған ортаға зиян келтірместен оңай жоюға болады.

Бірақ экологиялық құрылыстың әлемдік көшбасшысы Абу-Даби болып саналады, онда халықаралық стандарттар бойынша да, ұлттық жүйе-Estidama бойынша да сертификатталған 22,4 мыңнан астам "жасыл" ғимарат бар.

Болашақта "жасыл" жылжымайтын мүлікке нормативтік және салықтық талаптар жұмсарып, экодевелопмент нормаларына сәйкес келмейтін объектілерге қатаңдатылады. Мұндай тәсіл Сингапур мен Абу-Дабиде қазірдің өзінде байқалады.

Осы және басқа да көптеген мысал әлемде "жасыл" ғимарат пен жалпы қалаларды құру туралы утопиялық тұжырымдама сәтті жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Экологиялық таза ғимараттардың құрылысы осы мемлекеттердің құрылыс саясатының негізі болып табылады және ғылымның күш-жігері мен бюджеттің едәуір бөлігі оны жүзеге асыруға және жетілдіруге бағытталған. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, "жасыл" құрылыс нормативтік-құқықтық базаны жаңғыртудан бастап, қоғамда экологиялық достық мінез-құлықты орнықтыруға көп сеп болып отыр.

– Айтпақшы, халық үнемшілдікке дайын ба? Жалпы неліктен үнемдеуіміз керек? "Жасыл" құрылыстың философиясы қандай?

– Қазақстан табиғи ресурстарға бай. Ең алдымен, отын ресурсымен қамтамасыз етілген. Тұщы су бойынша қоры ең көп елдердің қатарына кірмесе де, ұтымды пайдаланса, халық пен экономиканы қанағаттандыра алады. Мәселе, сол ресурстарды пайдалана білуге байланысты. Өкінішке қарай, ресурсымыз өзіміз өлгенше жетеді деп жүре береміз. Бірақ климаттық өзгерістер күтпеген нәрселерді көрсетіп жатыр. Болжам бойынша, уақыт өте келе, шамамен ғасыр аяғында, қуаңшылық болуы мүмкін, сонда жағдай қиындайды. Әсіресе көмір қоры мол дегенді айтамыз біз. Елдегі энергияның 80%-ға жуығы көмір станцияларында өндірілетіні де жағдайды қиындатып отыр. Біздің ғимараттарымызда көміртегі ізі жеткілікті. Бұл адамдардың денсаулығына кері әсер етіп жатыр. Қалаларда экология күрделене түскен. Халық үшін ең алдымен денсаулық, әсіресе балалар денсаулығы маңызды болуы керек. Бұл жөнінен немқұрайды екенімізді дұрыс байқағансыз.

Өкінішке қарай, іс жүзінде Қазақстанда жаңа салынып жатқан, сондай-ақ қолданыстағы, пайдалану сатысында тұрған ғимараттардың да энергия тиімділігін бақылау өте әлсіз. Энергия, әсіресе жылу бағасы айтарлықтай төмен. Мысал ретінде айта кетейік, Нұр-Сұлтанда 1 Гкал жылу энергиясының құны қазір 2,4 мың теңге (шамамен 6 доллар). Бұл, мысалы, Еуропа елдеріне қарағанда 10 есе аз.

Төмен тарифтер Қазақстанда қазба отынына субсидиялардың болуына байланысты екені белгілі. Демек энергияны тиімді тұтынуға деген көзқарас дұрыс болмауы осыдан да барып шығады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы күреске бейілділігін айтты және мемлекет алдында 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсаты тұрғанын мәлімдеді. Сонымен бірге ел экономикасын декарбонизациялау жұмыстары басталды және ірі компаниялар ESG принциптеріне көшеді. Сарапшылар осыдан қатты үміттенеді.

Қазір біз стратегияға ұсыныстар мен түсініктемелер дайындап жатырмыз. Тұтынушы да, яғни халық та "жасыл" ғимараттарға қызығушылық танытуы керек. Сайып келгенде, бәріміз деніміз сау болғанын қалаймыз, таза ортада өмір сүргіміз келеді. Барша халық жұмысы, оқу орыны және тұратын жері "жасыл" болуы үшін қолдан келгенін істеуі керек. Бұл өте маңызды. Біз "жасыл" Қазақстанды бірге құрамыз!

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Тасқын Болатұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу