banner

Жасымық өсіруді қолға алсақ, оған сұраныс мол көрінеді

6891

Сарапшылардың пікірі осыған тоғысады.

Жасымық өсіруді қолға алсақ, оған сұраныс мол көрінеді

Қазір қазақтың ауыл шаруашылық өнімдерін шекара асырып, пайда табу аса өзекті мәселе болып тұр. Бұл дегеніңіз бағзы заманнан келе жатқан атакәсіпті жандандырып, бүгінгі тілмен айтқанда, Құдайдың тегін берген дүниесін білікті түрде алып, нарықтарға экспорттап, шикізатқа тәуелділіктен арылу жолы.

Осы орайда елдегі басты бизнес-қауымдастық – кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы басқармасы төрағасының Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) іссапарда жүрген орынбасары Нұржан Әлтаев онлайн тәртіпте жедел түрде заманауи байланыс құралы арқылы жұмыс нәтижесімен, келіссөз барысымен қысқаша таныстырып өтті.

Мысалға, қазақ бизнесінің өкілдері "ҚазАгро" компаниясы іспетті БАӘ-нің азық-түлік қауіпсіздігіне жауап беретін "Әл Захира" агрохолдингі тарапымен кездескен. Арабтар қазақ қойына аса қызығып отырған көрінеді. Қазақстан мамандарына "халал" стандарты, сертификаттау мәселелері бойынша кеңес беруге ықылас білдіріпті. Болашақта ұзақ мерзімді келісімшарттар дүниеге келуі мүмкін.

Тағы бір қызық нәрсе, дәнді дақылдарға – бұршақ, әсіресе бұршақтұқымдас жасымыққа сұраныс зор екен. Сонымен қатар, Нұржан Әлтаев арабтардың қазақ фермерлерін фьючерс келісімшарттары арқылы қаржыландыруды ұсынғанын айтады. Мысалы, жасымықтың Үндістанға БАӘ арқылы Канада елінен жылына 2 млн тонна көлемінде жеткізілетіні біраз кәсіпкерге ой салары анық.

Ал дәл сол Канадаға жасымық өнімі бірнеше жыл бұрын мүлде бейтаныс болғанымен, дүние жүзіндегі зор сұранысты тез аңғарған ол жақтың еті тірі кәсіпкерлері маңызды бағытты тез қолға алып, қазір көшбасшылық орынға шығыпты. Енді экономикасы гүлденген Араб әмірліктері қазақтың жасымығын шағын мөлшерде сараптамаға жіберуді өтініп отырған көрінеді.

Әңгімесінің соңында Нұржан Әлтаев Абу-Даби қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасымен арадағы келіссөзі барысында, алдағы уақытта ынтымақтастық жайлы келісімге қол қою мәселесі нақтыланғанын, Абу-Даби қаласының сауда компанияларының байланыс деректері алынатынын хабарлады.

Өз кезегінде "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының көлік саласы бойынша басшы өкілі Ерхат Есқалиев, егер арабтарға қазақ өнімі бір ұнаса, экспорт "көпірі" орнаса, тұрақты әрі табысты нарық тосып тұрғанын айтты. Сондықтан, Ерхат Есқалиев жасымыққа деген сұраныстың ұсыныс туғызып отырғанына көзі жеткенін атап көрсетіп, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жаңа нарық кеңістігін, ұзақ мерзімді тиімді қарым-қатынас іздеу ісінде сәттілік тіледі.  

Жаңа нарық пен сұраныс демекші, батысқазақстандық кәсіпкер Бауыржан Сабанов сұраныс кілтін тапса, тіпті қалың бұқара есірткі деп қорқатын көкнәр өсіріп, соны өткізіп-ақ қыруар кіріске кенелуге болатынын айтты. Еуропа бұл өнімді жыл сайын 21 мың тонна тұтынса, оның тең жартысын Қытай ұсынады екен. Бір тонна көкнәрдің бағасы 2000 еуроға дейін аспандайды екен. Мәселе лицензия, рұқсат қағаздарын алуда, екінші жақпен тіл табысуда жатыр...

"Дәрі-дәрмек өсімдіктерін де көптеп экспорттауға болады. Бірақ, тағы да қаржы қажет", – деп мұңаяды жергілікті бизнесмен.

Алдаберген Кемпірбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу