Жатақхана тапшылығы: Қосымша қажеттілік 87 мыңнан астам орынды құрайды

3049

Ғылым және жоғары білім министрлігінің басым бағыттарының бірі – білім сапасын арттыру үшін академиялық инфрақұрылымды дамыту және жатақханалармен қамтамасыз ету.  

Жатақхана тапшылығы: Қосымша қажеттілік 87 мыңнан астам орынды құрайды

Ведомство басшысы Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде елдегі 104 жоғары оқу орнында 209 жатақхана бар. Онда 101 мыңнан аса студент тұрады. Бұдан бөлек, университеттер 14 309 орынға арналған 100 жатақхананы, хостелдерді жалға алып жатыр. Бірақ бұл қордаланған мәселені түбегейлі шеше алмайтын көрінеді, деп жазады inbusiness.kz.

"Қосымша қажеттілік 87 мыңнан астам орынды құрайды. 2018 жыл мен 2022 жыл аралығында студенттер үшін 15 482 орындық 50 жатақхана пайдалануға берілді. Биылғы жылы 5000-ға жуық орындыққа арналған 17 жатақхана іске қосылады деп жоспарлануда. Жатақханалар салу үшін жеке инвесторлардың қаражаты да тартылуда. Дегенмен бірқатар шешілмей тұрған мәселелер де бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, бизнес өкілдеріне рәсімдерді жеңілдетуді пысықтап жатырмыз. Бұл жатақхана салуға арналған республикалық бюджеттен бөлінетін шығыстарды оңтайландыруға мүмкіндік береді", – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Осы мәселені шешу үшін университтерге жатақханалармен қамтамасыз ету талабы нормативтік тұрғыдан бекітілетін болады деді ведомство басшысы. 

"Жатақхана мәселесі бір күн немесе бір жылда туындаған жоқ. Осы тұста Алматыдағы жағдай өте өзекті. Себебі мұнда 36 жоғары оқу орны бар. Онда оқитын студенттердің басым бөлігі – басқа қалалардан келгендер. Біз бүгінде Алматы қаласы бойынша ауқымды іс-шаралар кешенін жасаудамыз. Жатақханалар құрылысына, академиялық инфрақұрылымды кеңейтуге жеке капиталды тарту үшін инвесторлармен кездестік. Алматы қаласында жеке штаб құрылды. Бүгінгі таңда қиын жағдайға тап болған 130 студентке уақытылы көмек көрсетілді. Келесі жылдан бастап университеттерге қатаң талаптар қоямыз. Егер университет жаңа мамандық ашқысы келсе және осы жаңа мамандыққа студенттердің белгілі бір санын тартқысы келсе, жалпы жаңа университет ашылса, жатақханалармен 100 пайыз қамтамасыз ету жөнінде талап қойылады", – деді спикер. 

Журналист министрден дәл қазіргі уақытта оңтүстік астанадағы ахуал бойынша қандай шаралар қолға алынғандығы туралы сұрады. 

"Алматы жоғары оқу орындары хостелдер мен қонақ үйлерді жалға алды. Біз хостелдердің өкілдерін жинап, оларға өзара тиімді ұсыныс жасадық. Олар хостелдегі ай сайынғы тұру құнын қолайлы бағаға дейін төмендетеді, ал біз оларды жыл бойы студенттермен қамтамасыз етеміз. Екіншіден, Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп жиналыс өткіздік. Соның ішінде барлық университетпен кездестік. Оларға жатақхананы қайта құру туралы айтылды. Бұдан бөлек индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен тиісті жұмыс жүргізудеміз. Үшіншіден, жатақхана салу немесе Алматыдағы ескі бизнес орталықтарын, бос ғимараттарды қайта жабдықтау. Қысқа мерзімде оларды жатақханаға қайта жабдықтауға болады", – деп қорытындылады Саясат Нұрбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу