Жекешелендіруде жеке мүддеге жол жоқ!

2609

Жоғары жақтың талабы дұрыс орындалмай, адал жолмен нәпақа тауып жүрген кәсіпкер тергеуге түсіп, мал-мүлкінен айырылды.

Жекешелендіруде жеке мүддеге жол жоқ!

"Атамекен" палатасында кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысы өтті. Осы жолы кеңес мүшелері бизнесмендерден түсетін арыздарды сұрыптап, заң бұзушылықтардың түрін түстеп берді. Өткен жылы ондай шағымның саны 7 мыңға жетті. Соның ішінде "Самұрық-Қазына" қоры аясында компанияны жекешелендіруге қатысты дау-дамай да бар болып шықты.

Шыны керек, сол 7 мың арыз-шағымның арғы жағында жалғыз бизнесменнің тағдыры ғана емес, тұтас бір компанияның болашағы, мыңдаған жұмысшының жағдайы, ал ең бастысы, ел экономикасының дамуы жатыр. Міне, сол себепті бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысы да биылғы жолдауында осы мәселеге тағы бір рет ерекше назар аударған болатын. Дегенмен, жергілікті жерде жоғары жақтың талаптары дұрыс орындалмайтынын мойындау қажет. Соның салдарынан өз нәпақасын адал жолмен тауып жүрген кәсіпкер тергеуге түсіп, мал-мүлкінен айырылып жатады.

Мәселен осы жолы "Атамекеннен" көмек сұрап келген Павлодар облысының жеке кәсіпкері Фрединаның екі бірдей жер учаскесі бұған дейін заңды деп танылса, бүгінде жергілікті органдар оны тағы да тартып алуға кірісіпті.

"Бұл мәселе өзі парадокс болып тұр. 2008 жылы осы екі жер учаскесіне қатысты дау-дамай болған. Сол кезде сот оны кәсіпкердің иелігінде қалдырды. Енді араға 8 жыл салып, басқа мемлекеттік орган қайтадан сотқа жүгініп, келісімді жоққа шығарып отыр. Сөйтіп 8 жыл бұрын болған сот шешімі күшін жойды. Қазір кәсіпкердің қолында екі құжат бар. Бірі жерді иеленуге рұқсат берсе, екіншісі, керісінше, ол жерді тартып алуға қатысты құжат. Сонда соттың бірізділігі қайда? Қазір жерді беріп, бірнеше жылдан кейін оны оп-оңай тартып алуға бола ма?", - дейді жеке кәсіпкердің адвокаты Мұхтар Батырбаев.

Ал Қостанай облыстық сәулет-құрылыс бақылау қызметі "Надежда С" компаниясын қайта-қайта тексеріп, әбден есеңгіретіп тастады. Соңғы төрт айда оның нысандарын тоғыз рет тексерген. Ал компания қызметкерлері жұмыс істеудің орнына соттардың табалдырығын тоздырып жүр. Осылайша жергілікті мемлекеттік органдар бизнесті тұншықтырып, қол-аяғын тұсаулап отыр.

"Кан Групп" компаниясы да кеңестің көмегіне жүгінгенді жөн көрді. Бұл фирма жекешелендіру науқаны аясында "Самұрық-Қазына" қорына қарасты "ФН-Менеджмент" ЖШС-нің 51 пайыздық үлесін сатып алса да, әлі күнге дейін сан алуан әкімшілік кедергіге тап болып келеді.

"Біріншіден, жекешелендіру процесінің өзі ұзаққа созылып кетті. Алты ай бойы біз ары-бері шапқылап, құжат тасумен болдық. Енді биылғы бюджетті бекіте алмай жатырмыз. Себебі шығын жағынан келіспеушіліктер бар. Қор өз пайдасын еселеп алғысы келеді. Оны дивидентпен де алуға болатын еді. Соған қарамастан, қор компанияның операциялық қызметіне араласып отыр. Соның салдарынан құрылтайшылар ("Кан Групп" ЖШС – 51 пайыз және "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры" АҚ – 49 пайыз) арасында тағы да келіспеушілік басталды. Шынымды айтсам, қормен серіктес ретінде жұмыс істейміз бе деп ойлағанмын. Алайда біз жасаған даму жоспарын олар өздері қабылдамай қойды. Меніңше, бұл жерде біреудің жеке мүддесі тұр. Соның салдарынан екі жақ та шығынға батып келеді", – дейді "Кан Групп" ЖШС-ның бас директоры Қайрат Айбосынов.

Кеңес отырысына екінші құрылтайшы – "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры" АҚ өкілі де қатысты. Осы компанияның басқарушы директоры Тимур Қалдыбаевтың айтуынша, бүгінде сенімді басқаруға берілген "ФН-Менеджмент" ЖШС-ға тиесілі барлық нысанның ақшасы төленіп келеді.

"Ол жағынан қор өз міндетін толығымен орындап келеді. Ал операциялық жұмысқа араласу мәселесіне келер болсақ, жаңа жарлықта екі жақтың барлық міндеті айқын жазылған. Сондықтан компания оған араласа алмайды. Ал енді пәтер иеленушілер кооперативі мен сол тұрғын үйлерге қызмет көрсету мәселесіне келгенде бірқатар мәселе туындады. Пәтер жалдаушылардан арыз-шағымдар болса, біз ең алдымен, солардың құқықтарын қорғаймыз", – дейді Тимур Қалдыбаев.

Алайда кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов қордың басқарушы директорына сенген жоқ.

"Мен құқық қорғау органдары саласында үлкен тәжірибесі бар адам ретінде айтайын, дәл қазір сіз бәрін шаруашылық саласындағы мәселеге жауып отырсыз. Алайда нысанды жекешелендіруге беру керек. Бұл – президенттің саясаты, жеке өзі берген тапсырма. Иә, сіз осы жұмысты бастадыңыз, бірақ тағы бір компанияны тықпалап жатқан көрінесіз. Міне, дәл осы жымысқы әрекетті тергеушілер дәлелдеп берсе, Әкімшілік кодекспен емес, Қылмыстық кодекспен жауап беруге тура келеді. Себебі ол аса ірі алаяқтық саналады", – дейді Қайырбек Сүлейменов.

Осы сөзден кейін қордың өкілдері тырп етпей отырды. Кеңес отырысында Андрей Кравченко кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы Бас прокуратураның тәжірибесімен де бөлісті. Оның айтуынша, өткен жылы бизнестен 20 мың арыз-шағым түскен болатын. Кәсіпкерлер жер учаскелерін беру, мемлекеттік сатып алуды өткізу, салықты өндіріп алу мен сан алуан әкімшілік кедергіні келтіруге қатысты жиі арызданады. Сондай-ақ "Самұрық-Қазына" қоры сияқты квазимемлекеттік сектордағы сатып алуға қатысты арыз түсіретін кәсіпкер аз емес. Ал шағымның саны жағынан Шығыс Қазақстан облысы, Астана мен Алматы қалалары көш бастап тұр.

Бір ретте мемлекеттік кіріс органдарының заңды дұрыс қолданбауы салдарынан кәсіпкерге 500 есе артық айыппұл салынған.

"Мысалы Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының сенім телефонына Нығметов деген жеке кәсіпкер шағымданған. Ол өзіне 16 млн теңге айыппұл салынғанын айтқан. Біз осы мәселені зерделеп, заңның мүлдем басқаша қолданылғанын анықтадық. Сөйтіп прокуратура органдары мемлекеттік кіріс департаментіне қарсылық жолдады. Себебі айыппұлды дәл сол департамент салған. Ақырында айыппұл 30 мың теңгеге дейін азайды. Енді қараңызшы, кәсіпкерге салынған айыппұл 16 млн теңгеден 30 мың теңгеге (533 есе) төмендеді. Айыппұлдың айырмашылығы жер мен көктей", – дейді Андрей Кравченко.

Арман Асқаров

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу