Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов психолог пен психиатр дәрігердің арасындағы айқын шекара ажыратылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгін өте маңызды заң жобасын қарастырудамыз. Көшеде самса неме шаурма сату үшін санитарлық кітапша керек, яғни реттеу бар. Сұлулық салонын ашамыз десек, онда да санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің рұқсаты қажет. Ал енді дәл сол адамның психикасымен, оның өміріндегі ең қиын сәтінде жұмыс істеу үшін ешқандай талап қажет емес. Қазір дәл осындай жағдай болып отыр. Мәселен бір мысал келтірейін. Ажырасқан адам күйзелісте жүр, қолында балалары бар, ол көмек іздейді де, Инстаграмнан бір психолог табады. Әдемі парақша, белгісіз онлайн мектептің сертификаты, мыңдаған оқырманы бар. Ол оған соңғы ақшасын береді, айлап барады. Бірақ жағдайы одан сайын нашарлайды. Ал енді шағымданайын десе, бұл сала мүлде реттелмеген", – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутаттың сөзінше, елімізде осындай мыңдаған оқиға бар.
"Жасыратыны жоқ, мыңдаған отандасымыз түрлі депрессиямен күресіп жүр. Бұл негізі үлкен жаһандық тренд. Мыңдаған адам көмек іздейді, бірақ ешқандай бақылау жоқ, талаптары айқындалмаған нарыққа тап болады. Енді өте қарапайым сұрақ. Егер аспаз адамды улап қойса, мейрамхана жабылады, жауапкершілік бар, іс қозғалады. Ал егер аталған психолог адамның тағдырын, өмірін тас-талқан етсе ше, кім оған жауапты? Қазіргі заңнамада ондай жауапкершілік қарастырылмаған, себебі бұл сала реттелмеген. Бұл заң енді осы қауіпті әрі түсініксіз жағдайды түбегейлі өзгертеді. Енді психологтардың ашық әрі нақты реестрі болады. Арнайы білім және бейінді диплом талап етіледі. Нақты жауапкершілік те бекітіледі", – деді ол.
Мәжілісменнің мәліметінше, енді психолог пен психиатр дәрігердің арасындағы айқын шекара ажыратылады. Кәсіби құпияны сақтау міндеті де енгізіледі.
"Қазір жас ұрпақ психологқа барудан ұялмайды. Баяғы үрей мен стигматизация біртіндеп жойылып келеді. Психологтардың көмегін іздейтіндер көбейді. Сондықтан біздің міндетіміз – осы саланы реттеу. Жауапкершілік мәселесіне келсек, егер азаматтың денсаулығына нұқсан келтірілсе, жауапкершілік бүгін бар. Оны дәрігер келтірсе де, басқа беру келтірсе де, қылмыстық жауапкершілік бүгін қарастырылған. Оған жаңа ешқандай жауапкершілік қажет емес. Егер ол психолог болмай, "мен психологпын" деп Инстаграм парақшасында жазып, соны жариялайтын болса, бұл жауапкершілік қазірдің өзінде бар. Оны алаяқтық немесе онлайн платформалар заңы бойынша жауапкершілікке тартуға болады", – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.
Айта кету керек, бұған дейін депутат психологиялық қызметті құқықтық реттеу бойынша маңызды бастама көтергенін жазғанбыз.