Жерсерік анықтаған 8 884 жабайы қоқыс алаңы жойылды

1054

Әлем елдері 2030 жылға дейінгі аралықты қамтитын 17 тұрақты даму мақсатына 169 міндет пен 230 индикаторды темірқазық етіп белгіледі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, құжат қоршаған орта мен экологияны сақтауға басымдық бере отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.  

Жерсерік анықтаған 8 884 жабайы қоқыс алаңы жойылды

БҰҰ осыдан 6 жыл бұрын бекіткен тұрақты даму мақсатының күн тәртібін дүниежүзінің әлеуметтік-экономикалық дамуының халықаралық стандарты деп қабылдауға болады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұл туралы дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында (5 маусым) өткен онлайн-конференцияда айтылды. Мамандар тұрақты даму мақсаты әлем экономикасын қарыштатуды, кедейшілікті жоюды, адамдарды сапалы медицинамен, біліммен және тұрақты жұмыспен қамтуды көздейтінін баяндады. Олардың сөзінше, тұрақты даму мақсаты тиісінше жүзеге асса, Қазақстан 2030 жылға дейін қазіргіден көш ілгері жылжиды. Ал жаһан жұрты экономиканың нақты секторын 60%-ға арттырып, 380 млн жаңа жұмыс орнын ашады. 

2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсатына қол жеткізу үшін Қазақстан 
"Жасыл экономика" құру саясатын ұстанып отыр. Осыған қатысты тұжырымдамада тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай 40%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізу жоспарланған. 

Айта кетейік, 2019 жылға арналған өндіріс және тұтыну қалдығының мемлекеттік кадастрында елде шамамен 30,6 млрд тонна өндірістік және тұтыну қалдығы жинақталған. Оның шамамен 100 млн тоннасын тұрмыстық қатты қалдық, қалған көлемін – елдің экологиялық қауіпсіздігіне зиян келтіретін өнеркәсіптік қалдық құраған. 

Есіңізге салайық, өңірлерде қоршаған ортаға қауіпті қалдықтарды қайта өңдейтін 260-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бұдан бөлек біздің ел радиоактивті қалдық құрайтын атом өнеркәсібіне ие болып отыр.  

Бүгінгі таңда пластикті қайта өңдеу және оны кәдеге жарату өзекті мәселе болып тұр. Пластик қаптамалар әлемдегі барлық пластикалық қалдықтардың жартысына жуығын құрайды. Мұндай қалдықтардың басым бөлігі Азияда пайда болады.

БҰҰ-ның көмекші органы ЮНЕП баяндамасына сәйкес, адамзат тарихында өндірілген 9 млрд тонна пластиктің тек 9%-ы ғана қайта өңделеді. Ал өңделмеген пластик полигондарға, қоқыс полигондарына немесе қоршаған ортаға түседі. Бұл үрдіс жалғаса берсе, 2050 жылға қарай полигондарда және қоршаған ортада шамамен 12 млрд тонна пластик қоқыс пайд болады. 

"Тұрақты дамуға жәрдемдесу орталығы" қоғамдық қорының өкілі Жәнібек Мұқановтың мәлімдеуінше, қоршаған ортаны тазалау үшін пластикалық қалдықты халықтан жаппай жинау қажет. 

"Былтыр Шымкент, Тараз, Алматы, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай қалаларында PlastNet акциясы ұйымдастырылды. Іс барысында 10 119 тонна пластик жиналып, оның 6 474 тоннасы немесе 64%-ы өңделді. Шара шеңберінде экология тақырыбында 30-дан астам дәріс оқылып, 10 эко-шара, 8 дөңгелек үстел, 10 тренинг, 10 онлайн кездесу өткізілді. Бұған 4 866 968 адам тартылды", – деді Жәнібек Мұқанов.

Басқосу барысында Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі Coca-Cola компаниясының корпоративтік байланыс және коммуникация жөніндегі менеджері Александра Аккирман экологияға зиян келтірмеу үшін 2025 жылға қарай компания барлық қаптамаларын өңделетіндей етіп өндіруді жоспарлап отырғанын жариялады.

Ал "Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов 2019 жылдан бері ел аумағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Birge taza Qazaqstan атты республикалық экологиялық акция өткізіп келе жатқанын мәлімдеді. 

"Қазақстан 2018 жылдан бері World clean up day атты дүниежүзілік экологиялық акциясының белсенді қатысушысы болып табылады. Акция қоқысты бөлек жинауға бағытталған. Былтыр дәл осы акцияға 135 мыңнан астам ерікті қатысты. Олар 6 мың тоннадан астам қоқыс жинады", – деді Асхат Сүлейменов. 

Біле жүріңіз, "Филип Моррис Қазақстан" ЖШС экология қауымдастығымен бірлесіп STOPMUSOR науқанын ұйымдастырып жүр. Бүгінге дейін бұл шараға 1,2 млн адам қатысты. 

Компанияның сыртқы байланыс жөніндегі басқарушысы Әсел Ахметованың айтуынша, жоба 25 жасқа дейінгі жастарға бағытталған. Қоғам назарын тазалыққа аудару үшін сенбілік, эко-фестиваль, тақырыптық көрме, пластик пакет жинау акциясы сияқты шаралар өткізіледі.

"Сәуле Сүлейменованың пластик пакеттерден жасалған креативті арт-жобасы көптің көңілінен шықты. Бұл жобаға 4 899 тонна қоқыс жіберілді", – деді Әсел Ахметова.

Онлайн-конференцияда экология министрлігінің өкілі Әсем Жансаңбай бұған дейін жабайы қоқыс алаңдарын  бақылайтын 2 жерсерік іске қосылғанын мәлімдеді.

"2020 жылы 8 884-і стихиялық қоқыс тастайтын жер анықталды. Оның 80%-ы жойылды. 1 шілдеден бастап жаңа экологиялық кодекс күшіне енеді. Құжатқа сәйкес әрбір компания тұрмыстық қалдыққа қатысты өзінің іс-әрекетінен хабар беріп отырады", – деді Әсем Жансаңбай.

Айта кетейік, тұрақты даму мақсатын жүзеге асыру үшін елімізде Базель, Стокгольм және Роттердам сынды 3 химиялық конвенция ратификацияланды. Бұлар бойынша халықаралық есеп тұрақты жүргізіледі. 

Біле жүріңіз, БҰҰ 2015-жылдан бері біздің елге тұрақты даму мақсатын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп келеді.

2018 жылы БҰҰ агенттіктерінің және Азия даму банкінің жәрдемімен Қазақстан 2030 жылға арналған тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететін үйлестіру кеңесі мен жұмыс тобын құрды. Ал 2019 жылы  БҰҰ ассамблеясының жоғары деңгейлі саяси форумында "Қазақстанның ұлттық тәсілі және тұрақты даму мақсаты саласындағы жетістіктер" деген тақырыпта ерікті ұлттық есеп нысанын ұсынды. 
Сонда Қазақстан әлемнің 30 озық елінің қатарына қосылуды көздейтіні мәлімделді. 

"Қазақстан әлеуметтік, экономикалық, инклюзивтік жауапкершілікке басымдық береді. Барлық жерде тепе-теңдік, сапа және экологиялық тазалық сақтауға күш жұмсайды. Білім, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау салаларына ерекше мән береді. Мұндағы басты мақсат – әлемнің 30 озық елінің қатарына ену және "Жасыл экономика" қалыптастыру", – деп жазылды ұлттық есепте. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу