Жұмбақ вирус ОПЕК-тің де жоспарын өзгертуі мүмкін

4355

Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы өндірісті наурызға дейін емес, маусымға дейін қысқартуы ықтимал. 

Жұмбақ вирус ОПЕК-тің де жоспарын  өзгертуі мүмкін

ОПЕК елдері мұнай өндірісін шектеу туралы қазіргі келісім мерзімін наурызда аяқтамай, маусымға дейін созуы мүмкін. Мұны "Рейтер" агенттігі осы ұйымға сілтеме жасап хабарлады. Оның дерегінше, Қытайда коронавирус салдарынан сұраныс төмендейтін болса, әлемде энергетикалық шикізат өндірісі әлдеқайда қысқарады.

Дүйсенбі күні ОПЕК-тің іс жүзіндегі лидері Сауд Арабиясымен бірге Араб Әмірліктері, Алжир, Оман жаңа вирустың әсерінен тұрақсыздық байқатқан мұнай нарығын тыныштандыруға тырысты.

Алайда, ОПЕК өкілі аталған халықаралық агенттікке мәлімдегендей, бұл картель мұнай бағасының түсуіне қалай жауап беру мәселесін өз ішінде талқылауға кірісіп, бағаны түсірмеудің тиімді жолдарын таразылап жатыр.

"Келісім мерзімін созуымыз әбден мүмкін және өндірісті мейлінше қысқартуымыз да ықтимал", – дейді ОПЕК-тің атын атамаған өкілі. Ол қытайлық вирустың сұранысқа әсері алдағы аптада белгілі болатынын мәлімдеген.

ОПЕК-тің өзге бір қызметкері мұнай өндірісін қысқарту туралы пәтуаның маусымға немесе 2020 жылдың соңына дейін созылуы мүмкін екенін атап өтті. Ал, Ресей бұған дейін осы келісімнен шығуға сыңай танытқан еді. Соңғы мәліметке қарағанда, мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы 60 доллардан төмендеп тұратын болса, Мәскеу сол ниетін өзгертіп, бұл келісімде әрі қарай қалуы мүмкін.

Құрамына Ресей, Қазақстан сияқты елдер кіретін OPEК мұнай бағасын құлдыраудан сақтау үшін былтыр желтоқсанда бас қосып, мұнайдың тәуліктік өндірісін 1,7 млн баррельге қысқартуға уағдаласты. Ол құжаттың мерзімі наурызда аяқталуы керек.

ОПЕК-ке жүгінсек, Ресей бұл келісімнің наурызға дейін жалғасқанын қаласа, Сауд Арабиясы оның мерзімін әрі қарай созуға мүдделі.

ОПЕК биыл өзінің әлемдік нарықтағы үлесінің азаюы мүмкін екенін болжап отыр. Өйткені осы картельге кірмейтін АҚШ, Бразилия, Канада, Аустралия, Норвегия, Гвиана сияқты елдерде "қара алтын" өндірісі өркендеп келеді.

Саудия – Араб әлемінің ең ірі экономикасы. Бұл монархия өз өндірісін қанша жерден әртараптандырып жатса да, оның табысы әлі де көмірсутегінің бағасына айтарлықтай тәуелді. Бірнеше жыл бұрын дүниежүзілік нарықта энергетикалық ресурстар құны күрт төмендегенде, Сауд Арабиясы тіпті қатаң үнемдеу шараларын қолға алды. Сондықтан ол үшін қымбат мұнай  мемлекеттік бюджет балансын сақтайтын маңызды құрал.

Алты күндік құлдырау

Әлем нарығында мұнай бағасы алты күннен бері төмендеп келеді. Бұған Қытайда шапшаң өршіген короновирус себепші. Бірқатар елде сол инфекцияның кесірінен ғалам экономикасының өсімі тежеліп, энергетикалық шикізатқа сұраныс азаяды деп қауіптеніп отыр.

Сейсенбіде Brent маркалы шикізаттың құны 37 центке немесе 0,6 %-ға түсіп, 58, 95 долларға дейін арзандады. Ал, осы аптаның бірінші күні ол соңғы үш айдағы минимумға дейін түсіп, 58,50 долларға сатылған. Себебі вирустың тез таралуына алаңдаған инвесторлар қауіпті активтерін жаппай сатып жатыр.

Бүгін АҚШ-тың Батыс Техас мұнайының да нарқы 0,6 %-ға құлдырап, 52,85 долларға саудаланды. Бұл – қазан айының басынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Сол кезде оның құны 52,13 долларға дейін түсті.

Мұнай инвесторларының ойынша,  жұмбақ вирусты тоқтатуға бағытталған түрлі шектеулер әлемнің екінші ірі экономикасының өсіміне кері әсер етіп, шикізат пен энергетикалық өнімдерге сұранысты түсіреді. Қазір халықаралық нарықта ұсыныс онсыз да тым жоғары.

"Таяу болашақта Қытайда сапарларды шектеу потенциалы жоғары болады",– дейді Еуразия тобының президенті, саяси және нарықтық қауіптер бойынша кеңесші Яан Бреммер.

Barclays банкі осыған дейін 2020 жылы Brent маркалы мұнайдың баррелі шамамен 62 доллар болады деген еді. Қазір сол болжам 2 долларға төмендетіліп отыр.

Barclays өкілдерінің мәлімдеуінше, егер сұраныс әлсірейтін болса, OPEК тобы наурызда кездесіп, нарықты әрі қарай қолдау жолдарын талқылайды.

"Вирустың таралуы қаншалықты тез тоқтатылады, бәрі соған байланысты. Дегенмен 2003 жылы әлемді шарпыған ерекше пневмония оқиғасы көрсетіп бергендей, сұраныс төмендейді деп алаңдау тым артық болуы да мүмкін", – дейді Barclays сарапшылары.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу