Жұмыс беруші ипотекалық несиесі бар адамдарға басымдық береді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5822

Табысының 50%-ын қарыз қайтаруға жұмсайтын жандар жұмыссыздыққа жақын жүреді. 

Жұмыс беруші ипотекалық несиесі бар адамдарға басымдық береді

"Бірінші несие бюросының" төрағасы Әсем Нұралиева биылғы жылдың алғашқы айында жұмыс берушілер кез келген адамды жұмысқа қабылдар алдында оның несие тарихын тексеруі мүмкін екені туралы мәлімдеме жасағанда көпшілік абдырап қалды. Себебі бұрын-соңды ел тарихында тексерістің дәл мұндай түрі болған емес.

"Жұмысқа орналасқысы келген азаматта төлем мерзімі өтіп кеткен несие бар болса, оны жұмысқа қабылдамауы мүмкін. Қазір мұндай тәжірибені ритейл нарығы, оның ішінде ірі гипермаркеттер қолдана бастады. Жұмыс берушілер материалды жауапкершілік қарастырылған қызметке несие тарихы таза адамдарды алғысы келеді", – деген болатын Әсем Нұралиева.

Сөз арасында "Бірінші несие бюросының" төрағасы несие тарихын тексеру жұмысқа тұрғысы келетін адам келісім берген жағдайда ғана жүзеге асатынын айтқан.

"Жұмысқа орналасуға өтінім берген адам құп көрмесе, жұмыс беруші несие тарихын тексере алмайды. Негізі жұмыс беруші жұмысқа қабылдағысы келетін адамның несиесінің бар-жоғы мен оның дер кезінде төлегені мен төлемегеніне назар аударады", – деген еді Әсем Нұралиева.

Анығын айтайық, Қазақстанда жұмыс берушілер жаппай несие тарихын тексеруге кіріскен жоқ. Сол себепті азаматтардың ә дегендегі аптығы мен қарсылығы су сепкендей басылды. Дегенмен несие тарихын тексеру біз үшін таңсық нәрсе емес. Өйткені бұған дейін де, қазір де әр адамның несие тарихын екінші деңгейлі банктер несие рәсімдеу кезінде бастан-аяқ тексереді. Қаржы ұйымынан қарызға ақша алғысы келген әр адам несие тарихын тексеруге келісім береді. Егер келісім бермесе, мақсатына жете алмайды. Өйткені екінші деңгейлі банктер несие тарихын тексеру арқылы өзінің тәуекелін бағалайды. Яғни қандай да бір тұлғаға несие беретінін, я бермейтінін анықтайды.

Сақтандыру компаниялары да клиенттерінің несие тарихын тексеріп отырады. Әсіресе КАСКО сақтандыру полисін рәсімдеу барысында несие тарихын мұқият зерделейді.    

Жұмыс беруші несие тарихын не үшін тексереді деген сұраққа келетін болсақ, бұл жерде барлығы жауапкершілікке келіп тіреледі. Мысалы жұмыс барысында қызметкер түрлі келісімдерге қол қоюы, материалды құндылықтарға жауап беруі мүмкін. Осыны ескерген жұмыс беруші несие тарихы арқылы болашақ қызметкерінің жауапкершілігін сараптайды, яғни оған сенуге бола ма, болмай ма деген сұраққа жауап іздейді. Жұмыс беруші жұмысқа орналасуға ниеттенген адамның бұған дейін несие бойынша тұрақты төлем қабілеті болғанын көрсе қуанады. Ипотекалық несиесі бар екенін білсе де жіби түседі. Өйткені ипотекалық қарызы бар адамның тұрақты жұмыс пен ай сайын төленетін жалақы алуға мүдделі екенін түсінеді. Ал несиені оңды-солды алып, қарызды қайтармай, "қара тізімге" ілінгендерге, әрине қырын қарайды.

Penny lane Personnel рекрутингтік агенттігінің бас директоры Татьяна Долякованың сөзінше, жұмысқа тұрғысы келген адамның несие тарихы оның тапқан табысының 50%-ы қарызын өтеуге кететінін көрсетсе, онда бұл адамның жұмысқа тұруы неғайбыл. Себебі жоғарыдағы несие тарихы оның өз мүмкіндігін бағалай алмайтынын және қаржысын тиімді басқара алмайтынын көрсетіп тұр.

"Тапқан табысын дұрыс жарата алмай жүрген адам жұмыс берушінің  материалдық активін басқара алмайды", – деді рекрутингтік агенттігінің бас директоры.

Айтпақшы "бүлдіріп" алған  несие тарихын жақсартуға болады. Ол үшін қайта-қайта тұтынушылық несие рәсімдеп, оны дер кезінде немесе  мерзімінен бұрын жауып тастап отыру керек. Алайда бұл несие тарихы туралы деректер қорынан несие төлеу тәртібін бұзған жылдар мен күндер жоғалып кетеді деген сөз емес. Дегенмен бір кездегі қаржылық қиыншылықтарыңызды жұмыс беруші соңғы көрсеткіштеріңізге қарап кешіруі мүмкін. Бұл "екі қолға бір күрек" табылып қалуы әбден мүмкін дегенді білдірсе керек.   

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу