Журналистер суицидтің алдын-алуға қалай көмек бере алады?

1965

Сарапшылар суицид тақырыбының БАҚ-та дұрыс берілуі қайғылы жағдайлардың азаюына айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін айтады. 

Журналистер суицидтің алдын-алуға қалай көмек бере алады?

Бұл туралы ATAMEKEN BUSINESS медиахолдингінің басшысы, Астанадағы "Қазақстан Медиа Альянсы" өкілдігінің директоры Қанат Сахария inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында айтып берді.

– Осы жылы Сіз бірнеше рет журналистер мен елге танымал тұлғаларға өз-өзіне қол жұмсау туралы ақпаратты егжей-тегжейлі жарияламауға ұсыныс жасадыңыз. Оған қоса, осы тақырыпқа арналған конференцияда БАҚ-та өз-өзіне қол жұмсау туралы ақпаратты жариялау жауапкершілігі декларациясының жобасы таныстырылды. Бұл мәселе қалай шешімін табуда? 

 Расымен, осы жылдың сәуір айында біз Еуропалық Одақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының, кәсіби қоғамдастық өкілдері – қазақстандық суицидологтардың қатысуымен үлкен конференция өткіздік. Іс-шара барысында қайғылы статистикаға куә болдық. Түрлі әлемдік зерттеулер бойынша, Қазақстан жан басына шаққанда өзіне-өзі қол жұмсау бойынша алғашқы 20 ел қатарына кіреді. Қателеспесем, жасөспірімдер санатында біз ондыққа, жалпы тіркелген оқиғалар саны бойынша жиырмалыққа кіреміз. Мұндай зерттеулерді әр түрлі ұйымдар жүргізетінін бірден ескерткім келеді, сондықтан біз әр тізімде әртүрлі орындарда тұрмыз, дегенмен ондағы айырмашылық айтарлықтай 20-30 орын емес, бар болғаны 3-4 орын.

Сондықтан біздің елдегі суицид мәселесі өзекті екеніне күмән келтіруге болмайды. Мәселен, 2020 жылы Статистика комитетінің деректері бойынша Қазақстанда 2 145 суицид жасалды, оның ішінде 15-17 жас аралығындағы жастар арасында 60-қа жуық жағдай тіркелген. Бұл өткен жылы жол-көлік оқиғаларынан – 2 134, жедел миокард инфарктісінен – 2 032, кісі өлтіруден – 673 қаза тапқан адамдар санынан жоғары көрсеткіш.

Егер декларация жобасы туралы нақты айтатын болсақ, жақында, 15 қыркүйекте біз оны бекіттік. Қазір Қазақстандық Медиа Альянс БАҚ редакциялары өз-өзіне қол жұмсау фактілерін жариялау кезінде декларацияға сәйкес қандай ұсынымдарды басшылыққа алуы керектігі жайында хабарлама дайындауда. Аталмыш ұсынымдар американдық және еуропалық мамандар жүргізген зерттеулер негізінде жинақталған. 

– Декларацияға қысқаша тоқталар болсақ, онда нақты қандай ұсынымдар қамтылған?

– Декларацияның негізгі ойы – редакциялық саясаттың ең оңтайлы тәжірибесі ретінде суицид туралы хабарламаларды егжей-тегжейлі жазудан бас тартуды қарастыру. Зерттеулер көрсеткендей, сол арқылы келесі бір адамның өз-өзіне қол жұмсауының алдын алуға болады. Біз конференцияға дайындалып, өткен екі жылдағы деректерді талдаған кезде, қазақстандық БАҚ-та осындай қайғылы оқиғалардың бірнеше күн бойы қайталануы байқалған. Әсіресе  күзде тенденция айқын көрінеді. Яғни өзін-өзі өлтіру оқиғасының орны мен сипаттамасы толық берілген жаңалықтар жарияланғаннан кейін, бірнеше күн өтер-өтпестен дәл сондай жағдай басқа адаммен қайталанатыны анықталған. 

Біз суицидтің барлық жағдайларын жан-жақты зерттемегенімізді, тек БАҚ-та кеңінен жарияланған оқиғаларды ғана қарастырғанымызды тағы атап өткім келеді. Осылайша, жасы, әрекет ету әдісі, орны мен себептері, өлім туралы жазбаны жариялау арқылы өзін-өзі өлтіруді егжей-тегжейлі қамту өзін қайтыс болған адаммен ұқсас деп таныған жанды өз-өзіне қол жұмсауға итермелеуі мүмкін. Яғни қиындыққа тап болған адам өлімді тығырықтан шығу жолы ретінде көруі ықтимал, сондықтан біз мұндай жағдайларды егжей-тегжейлі хабарламауды ұсынамыз. Басқаша айтқанда, суицидке бейімділігі бар адамдар сипатталған іс-әрекетті басшылық ретінде қабылдауды меңзейтін Вертер әсерін іске қоспас үшін, суицидтің орны, әдісі мен себептері сияқты мәліметтерді көрсетпеген дұрыс. 

Сондай-ақ мұндай мақалаларда суицидке бейімі бар адамдарға көмек болар сенім телефондары көрсетілуі керек. Қазақстанда көмекті келесі телефон нөмірлері бойынша алуға болады: 111, 112, 150, Астанада – 8 (7172) 54-76-03.

– Материалдың өзінен басқа, оны халыққа дұрыс жеткізу бойынша мамандар қандай ұсыныстар береді?

– Қайғылы жағдайдың қайталануын азайтуға бағытталған кеңестер бар. Жалпы қабылданған ережелер келесідей: интернет-ресурстарда өзін-өзі өлтіру немесе өзін-өзі өлтіруге әрекет жасау туралы хабарлама басты беттің озық материалы ретінде орналастырылмайды, әлеуметтік желілерде суицидтік материалдарға гиперсілтемелер пайдаланылмайды. Теледидар мен радиодағы сюжеттер жаңалықтар соңында көрсетілуі керек. Газеттерде хабарлама оның ішкі беттерінде орналасқаны жөн. Танымал адамдардың өзін-өзі өлтіруі немесе өмірмен қош айтысу үшін жасаған әрекеттері туралы хабарламалар жариялау барысында редакторлар жауапкершіліктің жүгі артатынын түсінуі тиіс, өйткені мұндай хабарламалар онсызда ауыр жағдайда жүрген адамдардың оларға еліктеп, өзіне қол салуға итермелеуі мүмкін. Тақырыптар мен негізгі материал ішінде "сенсациядан" аулақ болу керек. Құрал ретінде, кликбейтті өз-өзіне қол жұмсау жағдайын жариялау барысында қолдануға болмайды.

Әрине, ақпараттың үлкен ағымында, күн сайын көптеген жаңалықтар жариялайтын журналистер біз айтқан ұсыныстар туралы ұмытып, жаңалықты Ішкі істер министрлігінен немесе полициядан алынған ақпарат түрінде бере салуы әбден мүмкін. Бірақ бұл жерде адам өмірі сөз етіледі, сондықтан мұндай жағдайда артық ақпараттың салмағы ауыр екенін түсінуіміз керек. Сондықтан біз дайындаған декларацияны БАҚ қызметкерлері өз-өзіне қол жұмсау туралы жаңалықтарды дайындауда қолданып, нәтижесінде суицид жағдайларының саны азаяды деп үміттенеміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу