Журналистің сұрауына жауап бермеген шенеунік жазаланады

2179

Қазақстанда БАҚ өкілдерін қорғауға бағытталған кезекті құжат жарияланды. 

Журналистің сұрауына жауап бермеген шенеунік жазаланады

Журналистер шенеуніктерден құқай көруде

Бұған дейін Inbusiness.kz осыған қатысты деректерді бірнеше рет жазған болатын. Енді тағы бір жанжал әлеуметтік желіге жайылды.

LifeKz TV әлеуметтік-қоғамдық ютуб-арнасының жүргізушісі Ринат Қыбрай Семей қаласының әкімдігіне барамын деп, ашық агрессияға тап болыпты. "Шығып кет, еркекше сөйлесеміз!" деп оған доқ көрсетілген.

YouTube-те орналастырылған видеода арна тілшісінің және өзін таныстырмаған әлдебір қызметкердің арасындағы сөз тайталасы бейнеленген.

"Бүйткенше, әкімдікте өз жұмыстарыңмен айналысқандарың дұрыс еді", – деп көңілтолмастық білдіреді блогер-журналист. Мұны естіген, қызметкер: "Қазір осы жерден шығамыз, содан кейін мен сенімен сөйлесемін!" деп "ескертті".

"Әрине, сөйлесеміз. Сондай қорқып кеткенім! Бәлкім, полиция шақыртамыз?" – деп ұсыныс білдірді Р.Қыбрай.

Бұл ұсынысты қызметкер құптамады: "Жоқ, полицияда шаруаң қанша, мен сенімен еркекше сөйлесемін!" – дейді ол төніп тұрып. БАҚ өкілі одан сәл аулақ тұруды, жанаспауды сұрады. "Пікірталастың" немен тынатыны белгісіз еді, өзге қызметкерлер: "Мереке, бізді күтіп отыр!" деп оны алып кеткен. Қызметкер кетіп бара жатып, ақпарат құралының өкілін: "Неудачник!" деп атады.

Арна өкілі сондай-ақ әкімдікке келушілердің "Ashyq" арқылы тексерусіз кіріп кеткенін тіркепті. Ол бақылау-өткізу бекетінде тұрған күзетшіге шағымданып, өзге адамдардың да "Ashyq" тексеруінен өтуін талап етті. Бұл талабымен енді басқа шендіге ұнамаған. Мәртебесін көрсетуге міндеттегенін жақтырмаған олардың бірі: "Сен кімсің өзі?" деп БАҚ өкіліне суық жүзбен қарады. "Мен Қазақстан азаматымын!" "Бар болғаны сол ма?!" деген шенеуніктің мақамынан менсінбегендік аңғарылғандай. Заңның баршаға бірдей екенін, биліктің ойлап тапқан қағидасын бірінші кезекте билік өкілдерінің сақтауға тиістігін айтқан журналистке шенді: "Мұны мен ойлап тапқан жоқпын!" деп қасарысты.

Айтуынша, арна жүргізушісі әкімдік өкілдерінен қаладағы жолдардың жайы туралы сұрауға барыпты.

"Бұлар бюджеттен 2,5 миллиард теңгені игерген. Алайда Семейдің 320 мың тұрғыны шұрық-тесік жолдармен жүруге мәжбүр. Қолымда фотофактілер бар. Әкімдікке еріккеннен келген жоқпын. Семейліктердің жақсы жолмен жүруге құқығы жоқ па?! Салық төлеушілердің қалтасынан алынған қаражаттың мақсатты жеріне жұмсалғанын қалаймыз", – дейді Ринат Қыбрай.

Әрине, блогер тарапынан әлдебір арандатушылық болуы мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Бірақ ел қаржысына, халықтың үстінен жалақы алып отырған шенеуніктер бұқара, әсіресе ақпарат құралы өкілімен бұлай сөйлеспегені жөн еді.

БАҚ көтерген мәселелер

жабық кеңестерде қаралуға тиіс

Ақпарат құралдарының әр өкілін "жалғызым" деп санап, қызғыштай қоруға тиісті құрылым не істеп отыр? Әзірге шығармашылықпен айналысуда. Бұған дейінгі журналистердің құқығын аяққа таптау оқиғаларына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мәлімдеме жасаумен шектелген.

Енді ведомство "Журналистердің құқықтары бұзылған жағдайда оларды қолдау регламенті" атты шағын құжат әзірлеп, БАҚ назарына ұсынды.

"Осы регламентті министрлік журналистердің құқықтары бұзылған жағдайда оларды қолдауды қамтамасыз ету мақсатында әзірледі. Журналистерді қолдау деңгейін арттыру үшін регламентте келесі мәселелер қарастырылған: біріншіден, БАҚ пен журналистердің ақпарат сұратуын, өтініштерін қарау. Екіншіден, журналистерді құқық қорғау органдарының ұстауы. Үшіншіден, журналистерді әлеуметтік қамтамасыз етуге байланысты мәселелер", – деген түсініктеме берді министрлік.

Жалпы, ақпарат беруден бас тарту негіздемелерінің тізбесі "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңында нақты айқындалған және бұл тізбе шектеулі ғана. Соған қарамастан, министрліктер, әкімдіктер, биліктің өзге тармақтары әлдебір құжат ішінде бір сөйлемі құпияға жатса, бүкіл құжатты беруден бас тартады. Ал мына регламентке сәйкес, ол сөйлемді алып тастап, қалғанын ұсынуы шарт: "Егер құжаттың, ақпараттың бір бөлігі алып тастауға жататын болса, оны тұтас құжаттан орынды бөліп алуға болатын болса, меморган құжаттың қалған бөлігін ашуға тиіс".

Регламент жобасында биліктің БАҚ сұраулары мен өтініштеріне жауап қайтаруының келесі мерзімдері белгіленген:

Ресми хабарларды (мәлімдемені) түсіндіру жөніндегі сұрауға 2 жұмыс күнінен кешіктірмей жауап беруге міндетті.
Қосымша зерттеуді және тексеруді талап ететін сұрауға жауап беруді ақпарат иеленушінің басшысы 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге 1 рет ұзартуы мүмкін.
Ресми хабарламаға жатпайтын сұрауға жауап 7 жұмыс күні ішінде сұрау салу тілінде ұсынылады.
Сұрау салынған ақпарат бірнеше ақпарат иеленушінің құзыретіне кіретін болса және жазбаша жауап беру кезінде өзге ақпарат иеленушілерден ақпарат алу талап етілетін жағдайда, қарау мерзімін ақпарат иеленушінің басшысы 1 рет 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.

Меморгандардың, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының басшыларына БАҚ өтініштерін уақытылы және толық қарап, жауап берумен айналысатын нақты лауазымды тұлғаны айқындау жүктелмек. Әдетте, бұл функцияны баспасөз қызметінің басшысы орындайды.

Бұдан бөлек, регламентте ақпарат құралдары көтерген аса маңызды мәселелерді жұмыс жиындарында, ішкі кеңестерде қарауды тәжірибеге енгізу, БАҚ өтініштерін, ақпарат сұратуларын қарау мерзімдерін бұзған лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылған.

Журналист қамалса, министрлік не бітірмек?

Әлдебір тәртіпсіздіктер, бүліктер, шеру-митингтер кезінде көшедегіні шетінен ұстайтын тәртіп сақшылары байыбына бармай, ақпарат құралдары өкілдерін де қамап тастауы мүмкін. Аида Балаеваның командасы әзірлеген регламенте осындай жағдайдағы іс-қимыл регламенті белгіленіпті.

Біріншіден, жергілікті әкімдіктер журналистің кәсіби қызметін қамтамасыз ету, яғни оларға сұхбат беру, брифингтер өткізу үшін бейбіт жиындар өткізу кезінде жедел баспасөз орталығын құруы шарт.

Екіншіден, "халықтың тұрмыс-тіршілік жағдайларын бұзу" оқиғалары басталған кезде орталық меморгандар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, "3 сағаттан кешіктірмей БАҚ-қа ресми хабар береді".

Үшіншіден, ішкі істер органдарының қызметкерлері адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп-қатер төнген жағдайда журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.

Төртіншіден, бейбіт жиындар өткізу кезінде немесе халықтың тіршілік ету жағдайларын бұзған оқиға орнында журналистер ұсталған жағдайда, құқық қорғау органдары жедел ден қою мақсатында қысқа мерзімде ақпарат министрлігіне журналисті ұстау фактісі мен себептері туралы хабарлама жолдауға міндетті болады.

Бесіншіден, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистерді ұстау фактілері туралы ақпарат жинайды. Журналисті заңсыз ұстау фактісі туралы хабар алса, тиісті құқық қорғау органдарына журналисті ұстау себептері туралы ресми хабар беруді өтініп, сұрау салады.

Құзырлы органнан жауап алған соң министрліктің не істейтіні, журналисті қамаудан қалай шығаратыны туралы регламентте ештеңе айтылмаған.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу