Жыл сайын жер бетінде 8 млн балаға іздеу салынады

Astana Hub бала қауіпсіздігіне арналған ақылды технологияларды таныстырды. 

Жыл сайын жер бетінде 8 млн балаға іздеу салынады

Astana Hub технопаркі мен Zerde холдингі балаларға арналған әлеуметтік инновациялар зертханасын ашты. ЮНИСЕФ ұйымының қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба қазақстандық балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұлғалық жетілуіне арналған ақпараттық технологияларды дамытуға жұмыс істейтін болады. Зертхананың ашылуында отандық инноваторлар ойлап тапқан түрлі қосымшалар мен ақылды технологиялар таныстырылды.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен барлық стартап-жобаның басын бір жерге тоғыстырған зертхана құру өте оңтайлы деген ой айтты.

"Заман, қоғам, уақыт талабы өте құбылмалы болып кетті. Цифрлық технологиялардың сан алуандығы балалардың алдына күн сайын сан түрлі тәуекелдерді шығаруда. Astana Hub базасында құрылған зертхананың бұл тұрғыда артықшылығы көп. Осы зертханада бала қауіпсіздігі мен дамуына жауапты мемлекеттік органдардың, жастар мен  жеке сектордың, инновациялық шешім ұсынушы авторлардың басы қосылады. Кілтін таба білсе, бұл орталық арқылы бала өмірін жақсартатын өміршең жобаларды қоғамға сәтті енгізуге болады", – дейді ЮНИСЕФ өкілі.

Шара барысында балалардың анонимді шағымын қабылдауға арналған Garson сервистік қосымшаcы таныстырылды. Мектеп қабырғасында немесе өз үйінде зәбір көрген бала өз проблемасын құзырлы органдарға анонимді түрде жылдам жеткізу үшін аталмыш қосымшаның QR- кодын смартфонға жүктесе болғаны.

"QR- кодты смартфон камерасымен беттестіру арқылы сілтемеге өтеді. Сол жерде бала өзінің орналасқан жерін немесе проблемаға ұшыраған орнын, қандай қиындыққа тап болғанын анонимді түрде жазып қалдырады. Ол хабар бала қауіпсіздігіне жауапты органдар мен ұйымдардың назарына алынады. Бұл кодтарды әуелі мектеп  дәліздеріне  орнату ұсынылған. Бірақ баланың әрекеті сырт көзден таса болуы үшін біз оны оқулықтар мен күнделіктерге орнатуды жөн деп таптық. Қазір балаларға қарсы жасалатын зәбір мен зорлықтың нақты статистикасы жоқ. ЮНИСЕФ-тің дерегі бойынша, Қазақстанда 40 мектептің 402 оқушысынан сауалнама алынған екен. Соның 33%-і мектепте психологиялық қысымға ұшырап, замандастарынан зәбір көргенін айтса, 36%-і қорлауға тап болғандарын мойындаған. Осындай іштен тынып жүрген балаларға бұл қосымша үлкен көмек болады. Проблеманың бетімен қалқымай, үңгіп зерттеуге де бұл жобаның септігі тиеді", – дейді жоба авторы.

Түздегі баланың әрекетін үйде отырып бақылауға арналған Kid security мобильді қосымшаcына да қызығушылық танытқандар көп болды. 

"Баланың әр басқан қадамын аңдып, өз смартфонын қай мақсатта пайдаланып жүргенін бақылайтын қосымшалар онсыз да көп. Оның көбі ата-анаға ауадай қажет болғанымен, бала үшін тартымсыз. Сондықтан балалар ондай қосымшаларды гаджетінен жиі өшіріп жатады. Ал біздің қосымша баланы ынталандыруға бағытталған. Бала күнделік іспетті айдарға әрбір жағымды әрекетін тіркеп отырады. Сол арқылы ұпай жинап, "электронды ақша" табады. Ол ақшаны ата-анасы кейін сыйлықпен алмастырады. Бұл қосымша баланың мектепке қашан жеткенін, үйге қашан келгенін өз бетімен хабарлап отырады", – дейді инноватор. 
Шара кезінде жүкті аналардың іштегі нәрестені "тәрбиелеуіне" арналған мобильді жүктеме мен науқас балалардың  дәріні уақытында ішуін қадағалайтын ақылды технологиясда көпшілік назарына ұсынылды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу