"АрселорМиттал Теміртау" топ-менеджерлері жұмыстан қуылды

2241

Бұл – компанияның төрт кен орнында жұмыстың тұралап қалу қаупін төндіреді.

"АрселорМиттал Теміртау" топ-менеджерлері жұмыстан қуылды

Аbctv.kz-тің қолындағы құжаттарға сәйкес, 2017 жылдың 1 наурызында ҚР Инвестиция және даму министрлігі АМТ бас директоры Парамжит Калонның атына "Өркен" ЖШС – компанияның кен департаменті басшыларын: директор Маурильо Ботело, өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Виталий Нагний және бас инженер Виктор Гафиуловты қызметтік міндеттерін орындаудан шеттету қажеттілігі туралы ескерту хатын жолдады.

ИДМ-нің мұндай қатал шешім шығаруына АМТ-ның осы топ-менеджерлерінің ҚР "Азаматтық қорғау туралы" заңын бұзуы және өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша емтихан тапсырмауы себеп болды.

"Өркен" ЖШС топ-менеджерін кәсіпорынды басқарудан шеттету салдарынан еліміздің үш облысындағы компанияның төрт шахтасында жұмыс тұралап қалуы мүмкін.

Әрине, кәсіпорынның жұмысын тоқтатуға ешкім де мүдделі емес және бұл туралы бірнеше рет бірінші вице-министр Альберт Рау да айтқан болатын. Оның үстіне ИДМ шеттеткен кен департаменті басшыларының орнына бірден жаңа "уақытша міндетін атқарушылар" тағайындалады.

Бірақ "АрселорМиттал Теміртау" кен орындарында арты өлімге апаратын жазатайым оқиғалар болып тұрады, бірінші басшылардың тиісті оқу оқымай, емтиханнан өтпей, ҚР еңбек құқығы, өнеркәсіп қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуы – осы оқиғалардың тууына әкелген себептің бірі.

ҚР Инвестиция және даму министрлігі 2016 жылдың 28 желтоқсанындағы №03-25/9676 хатымен "АрселорМиттал Теміртау" басшылығы өнеркәсіп қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі білімін тексеру қажеттілігі туралы ескерткен болатын.

22 ақпанда ИДМ бірінші вице-министрі Альберт Рау АМТ топ-менеджерлерінің білімі жақын уақытта тексерілетінін abctv.kz-ке хабарлады.

- Евгений Ромащин (көмір департаментінің өндіріс жөніндегі директоры), сондай-ақ "Өркен" ЖШС басшылығы 2017 жылдың 24 ақпанында Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінде емтихан тапсырады;

- АМТ бас директоры Парамжит Калон 2017 жылдың 9 наурызында емтиханнан өтеді.

Алайда біздің дереккөзіміздің мәліметіне сүйенсек, Евгений Ромащин 17-26 ақпан аралығында Қазақстанда болмаған. Ал Маурильо Ботело, Виталий Нагний және Виктор Гафиулов 24 ақпан күні болған инвестиция және даму министрлігінің индустриялық даму және өндірістік қауіпсіздік комитетінің емтиханына келмеген. Осыған орай "Азаматтық қорғаныс туралы" ҚР Заңының 79-бабында көрсетілген "емтихан тапсырмаған адамдар жұмысқа жіберілмейді" дегенді негізге ала отырып, министрлік "АрселорМиттал Теміртау" басшылығына "жоғарыда аталған адамдарды жұмысқа жібермеу жөнінде шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі және қабылданған шаралар туралы ҚР ИДМ 2017 жылдың 3 наурызына дейін ақпарат беру" туралы хабарлама жіберген болатын.

Осы тапсырманың орындалуын қадағалау Қарағанды облысының индустриялық даму және өндірістік қауіпсіздік комитеті департаментіне жүктелген.

АМТ-ның еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және өрт қауіпсіздігі басқармасының 2016 жылдың 14 қарашасындағы АМТ қызметкерлеріне арналған ақпараттық хатында: "2015 жылы ArcelorMittal кәсіпорындарында 27 адам өліміне жол берілгені, оны жетеуі Арселор Миттал темір және көмір департаментінде болған. Бұл жалпы адам өлімі санының 26%-ы. 2016 жылдың басынан бастап ArcelorMittal-да 17 жазатайым оқиға адам өліміне әкелген, оның бесеуі "АрселорМиттал Теміртауда" (темір департаментінде бір адам, көмір департаментінде төрт адам қайтыс болған) болған, бұл компаниядағы жалпы адам өлімінің 30%-ы", – деп жазылған.

"Саранская" шахтасындағы топтық жазатайым жағдайды тексерген комиссияның айтуынша, төрт шахтер қайтыс болғанда апатқа техникалық және ұйымдастыру себеп болған. Сонымен бірге біліктілігі жоқ қызметкерлерді тартқан және ИТҚ қадағаламаған.

Сондықтан инвестиция және даму министрлігінің "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына Қазақстан заңын орындау туралы талабына ешқандай қарсылық туындамауы керек.

Сонымен бірге, еске салар болсақ, 2012 жылы мемлекеттік инспектордың тексеруінен кейін Қазақстанның заңын бұзып, АМТ-да жабдықтау жөніндегі директор қызметін атқарған украиналық Орест Логуновты жұмысқа жіберу туралы рұқсат күшін жойған болатын. 2014 жылы АМТ-ның әкімшілік директоры поляк Анджей Выпих жұмыс визасынан айрылған.

Енді жұмыс істеп отырған елдің заңын бұзғаны үшін шетел азаматтары Маурильо Ботело (Бразилия) мен Виталий Нагний (Украина) Қазақстанда жұмыс істеу құқығынан айрылып, Қазақстан шекарасынан шығарылуы мүмкін.

Сондықтан бұл оқиғаның нүктесін қою әлі ерте.

Олег И. Гусев, Теміртау

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу