"Ас атасына" қарсы неге майдан ашылды?

3927

Қазақ елінің үкіметі бидай егістігін күрт қысқартуға бел буыпты.

"Ас атасына" қарсы неге майдан ашылды?

Бұл туралы 29 қарашада болып өткен үкімет отырысында жарияланды. Бұл астықты өңірлердің басшыларын және диқандарды қатты тіксінтіп отыр. Шыдамаған Ақмола облысының тәжірибелі әкімі Сергей Кулагин тіпті Астанадағы шенеуніктерден "мұндай әңгімені тоқтатуды" талап етті. Бірақ, тау басынан қозғалып кеткен бұл көшкінге енді ештеңе тосқауыл бола алмайтынға ұқсайды.

Үкімет жиынында вице-премьер-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов өз әріптестерін агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасымен таныстырды. Бұл жоба Асылжан Мамытбеков тұсында қабылданған, қазіргі қолданыстағы "Агробизнес-2020" бағдарламасын ауыстыруға тиіс.

Айтқандай, осының алдында Есеп комитеті мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша 2013-2020 жылдарға арналған "Агробизнес-2020" бағдарламасының бірінші кезеңін жүзеге асыру аясында ауылға арна тартқан миллиардтаған ел қаржысының жолай талан-таражға ұшырағанын әшкереледі.

Құзырлы органның мәлімдеуінше, мемлекетке 21,5 млрд теңгеге түскен қаржылық бұзушылықтар анықталып отыр. Мұның сыртында 53 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып кеткен. Яғни шығындалған, бірақ еш нәтиже әкелмеген. Бұл аз болғандай, тағы 35,9 млрд теңгенің процедуралық бұзушылықтарының беті ашылды.

Журналистер салалық министрліктің бұрынғы басшылары тұсында жол берілген осы былықтарға байланысты қазіргі Ауыл шаруашылығы министрінен түсініктеме алды. Асқар Мырзахметов өз тұсында мұндайға жол берілмейтіндігіне сендірді.

"Сол тексерістердің қорытындысын қарау барысында бұл бұзушылықтардың негізінен шынайы ақпарат ұсынбауға, бухгалтерлік есепті, мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезіндегі жөнсіздіктерге қатысты болып келетіні ескертілді. Сондай-ақ мәселелердің де тұтас блогы ашылып отыр. Бұл бұзушылықтар бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асыруға нұқсан келтірмейтініне сендіргім келеді. Өйткені, бұлар енді мүлде басқа бағдарлама болады және жаңа бағдарламада жаңа ұстанымдар мен амалдар қарастырылған", – деді вице-премьер-ауыл шаруашылығы министрі. 

Вице-премьер әшкереленген бұзушылықтарға байланысты алда ондайға жол бермеуге бағытталған тиісті жұмыс пен шаралар қолға алынып жатқанын айтты.  

Әйткенмен, жаңа бағдарламаға әкімдер мен кейбір аграрийлердің өкпесі "қара қазандай" көрінеді. Оның бір себебі – "астық барондары" (олардың арасында сарапшылар айтатын "латифундистер" де бар. – abctv.kz) бұған дейін бюджеттен алып келген миллиардтаған судсидия қаржыдан қағылғалы тұр. Мысалы, бұдан бірнеше жыл бұрын бидай егушілердің астығын әлемдік нарықтарға тасымалдау құнын субсидиялау тоқтатылған еді. Енді олар егін еккені үшін әр гектарға алатын субсидиядан да айырылды.

Вице-премьер-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің дәйектеуінше, "Қазақстан экономикасы басымдықтарды қайтадан қарау талап етілетін кезеңге кірген" көрінеді. Жаңа жаһандық шынайылық заманында аграрлық саланың қарқынды дамуына басым мән берілмек екен. Бұл ретте министрлік алдағы бес жыл ішінде "ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуді" әртараптандырудың басты көзі және экономикалық өсімінің драйверіне (бұрынғыша айтқанда, локомотивіне) айналдыруға уәде етеді.

Бірақ осы жолда шенділерге бидай дақылының монополиясы... кедергі болып тұрса керек.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын өткен жылғы егіннен кем дегенде 3 млн тоннаға дейін бидай қорында жиналып қалатынына шағымданды. "Нарық заңдарына байланысты бидайдың артылып қалуы оның бағасының арзандауына әкеліп соғады. Сонымен қатар, бұл мемлекеттен бөлінетін субсидияның тиімсіз бөлінуіне әкеп соғады. Сондықтан да әртараптандыру қажет", - деді Асқар Мырзахметов.

Есесіне ауыл шаруашылық министрлігі әзірлеген жаңа бағдарламада бидай алқаптарын күрт қысқарту көзделіпті. Атап айтқанда, астықтың бұл түрі кері шегініп, бірден 2,3 млн гектарлық "аумағынан" айырылады. Министрліктің дерегіне қарағанда, биылғы жылы бидай 12,4 млн гектарға егіліпті. Ал 2021 жылы бұл алқап 10,1 млн гектарға дейін кемитін болады.

Асқар Мырзахметовтың айтуынша, босатылған алқаптарға арпа, сұлы, жүгері және майлы дақылдар егіледі. Министрлік қай өңірде қандай дақылға қанша егіс алқабы берілетінін алдын-ала кесіп-пішіп қойған екен.

Вице-премьердің түсіндіруінше, бұл әртараптандырудың миссиясы – малды азық-жеммен қамтамасыз ету болады. 

"Әртараптандыру міндеттерінің бірі – мал шаруашылығын құрама жемдермен қамтамасыз ету. Осыған байланысты арпа, жүгері егістік алқаптарын ұлғайту керек", – деді Асқар Мырзахметов.

Жағдайдың бұлайша даму бағыты астық өңірлерінің әкімдерін алаңдатқаны анық байқалды. Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин бидайға қарсы шабуылды тоқтату үшін үкімет басшысына хат жазып жатқанын мәлімдеді. Онда өз дәйектемелері мен ұсыныстарын көрсетпек. Оның бірқатарын жұрттың көзінше айтып салды.

"Бидайды қажетті көлемнен артық өндіріп жатырмыз дегенді жиі қайталайтын болып кетті. Әлем халқының 1/3-і аштықты бастан кешіп жатқанда, нан артылып қалды деген не масқара?! Бидай егістігін қысқарту керек деген әңгімелерді тоқтату керек! Бидайды өткізетін нарық жоқ, барлық мәселе сонда ғана. Бұл саланы қолдау қажет!" – деп ашынды Ақмола облысының әкімі.

Сергей Кулагиннің ашынатын жөні бар. Өзі мойындағандай, астық – Қазақстанның солтүстігіндегі облыстарының жолға қойылған, мол кіріс беріп отырған экспорттық саласы болып табылады. Егер оның көлемін миллиондаған гектарға кемітсе, осы облыстардың жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ-сі) құлдырайды, әкімнің рейтингі төмендейді. Диқандардың бір бөлігі жұмыссыз қалуы  ықтимал. 

Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі "Қазақстан бидай өндірісін азайтса, нарықтарын жоғалтып" алатынын да уәжге келтірді. "Мені қайран қалдыратыны сол, мысалы, Ресей алты жыл бұрын 75 млн тонна астық оратын, қазір оны рекордтық 150 млн тоннаға дейін жеткізді. Және нан өндірісін төмендетуді ойластырып отырған жоқ. Басқа елдер де солай! Меніңше, бидай өндірісі мен өткізу жұмысымен салмақты айналысу керек. Гербицид, тыңайтқыш мәселелерін де жақсылап пысықтау қажет. Біздің облыс былтыр 9,5 млрд қаржы жұмсады", – деген Сергей Кулагин үкіметтен бидай өндірісіне деген қазіргі көзқарасын өзгертуді сұрады.  

Бірақ, ауыл шаруашылығы министрлігі мақұлдаудың соңғы сатысына шығарған жаңа аграрлық бағдарламасында субсидиялық демеу-қаржыны бидайдан басқаға бұруды жоспарлап қойыпты. Дәл қазір елдегі барлық егістік алқабының 57%-ын бидай жалғыз өзі еншілейді екен. Енді субсидия ала алмаған соң, диқандар дәнді-дақылдардың басқа түрлерін егуге, мысалы, мал жейтін азық-жемге ден қоймақ. Министрліктің өзі оларды осыған ынталандырады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі үкімет отырысында "мақсатты түрде майлы дәнді-дақылдар мен астық үшін берілетін қазіргі гектарлық субсидиялаудан бас тартатынын" мәлімдеді.

Қазіргі кезде мемлекет 30,4 млрд теңгені дәнді-дақылдар, бұршақты дақылдар, қант қызылшасы, картоп, мақта және бақша дақылдарын гектарлық субсидиялауға бөледі. Министрдің түсіндіруінше, енді бұл қаражаттың 23,3 млрд теңгесі "құрама жемге, күріш, майлы дақылдарды өңдеуге, қант өндірісіне, шитті мақта салаларын субсидиялауға бағытталатын болады".

Қалған қаражатының 4 млрд теңгесі "тұқым шаруашылығын субсидиялауға" бағытталса, 3,1 миллиарды – гектарлық субсидиялау бойынша мал азығы дақылдарын гектарлық субсидиялауға және қайта өңдеуші кәсіпорындардың сатып алу бағаларын субсидиялауға жұмсалады.

"Осындай қолдаудың арқасында отандық шикізат есебімен май зауыттарының өсімдік майын өндіру бойынша өз қуаттарын барынша жүктеуге мүмкіндігі бар: жүктелу деңгейі 2015 жылы 29% болса, 2021 жылы 60%-ға дейін өседі. Сондай-ақ, оларға сұйық май өндіруді 2015 жылғы 283,2 мың тоннадан 2021 жылы 460 мың тоннаға дейін арттыруға, импорт үлесін 40%-дан 19%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді", – деді Асқар Мырзахметов.

"Тайынша-Астық" аграрлық шаруашылығының бас директоры Анатолий Рафальский жауапты шенеуніктердің жұмысын біраз сынға алды.

"Саланы субсидиялаудың бірізді емес саясаты, бір гектарға берілетін мемлекеттік қолдау агротехнология деңгейін арттыруды және жоғары шығымдылыққа қол жеткізуге ынталандырмайды", – деген ол бағдарламадағы осыған қатысты жақсы жаңалықтарды қолдайтынын айтты.

Вице-премьер-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жаңа агробағдарламаны жүзеге асыру арқылы қандай нәтижеге қол жеткізуді көздейтінін баяндады. Атап айтқанда, "Қазақстан халқы үшін ауыл шаруашылығы саласы тұрақты кіріс көзіне айналады". 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымын 30%-ға немесе қазіргі 3,3 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланды (рас, бұл индикаторға алдағы бес жыл ішінде девальвация секілді экономикалық факторлар кесірінен ұлттық валютаның құнсыздануы, тиісінше, өнім бағаларының қымбаттауы "арқасында" да қол жеткізуге болатындай).

Ауыл шарушылығы министрлігі тағы бір көрсеткішті де теңгеге теліпті: 2021 жылға қарай еңбек өнімділігі 50%-ға артып, қазіргі саладағы бір еңбеккерге есептегенде 1,2 млн теңгеден 1,9 млн теңгеге дейін артады дейді.

Ең бастысы, ауыл шаруашылығы экспортын 17%-ға, 2,1 млрд-тан 2,5 млрд АҚШ долларына дейін, ал импорт көлемін 17%-ға – 3,4 млрд-тан  2,8 млрд.  АҚШ долларына дейін төмендетуге сөз береді.

Мемлекеттік қолдау көретін отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қатары 7 есеге, яғни 67 мыңнан 500 мыңға дейін көбейеді деп мәлімделді.

Үкімет отырысындағы талқылауды қорытқан Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасының жобасын пысықтауды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. "Келесі жылы жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істеуді бастауымыз керек", – деді үкімет төрағасы.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу