"Астананы" Юрмала клубы күлдірді де, күйдірді де...

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1672

Футболдан Қазақстан чемпионы Латвияның "Спартагын" жолынан тайдырып, Чемпиондар лигасының үшінші сатысына шықты.

"Астананы" Юрмала клубы күлдірді де, күйдірді де... Фото: fca.kz

"Астана" УЕФА Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне шықты. Бірақ айтуға ғана оңай. Түзде 1:0 есебімен жеңіп келгенімен, өз алаңында "Спартакқа" азуы батпады. 1:1 есебімен тең түсіп, екі ойынның қорытындысы бойынша мәртебелі Еурокубоктың үшінші сатысына шықты.

Айтпақшы, "Спартак" (Юрмала) – "Астана" кездесулері арасында Чемпиондар лигасының келесі кезеңдегі жеребесі тартылып, осы жұпта басым түскен клубтың "Мариехамн" (Финляндия) немесе "Легия" (Польша) клубтарының бірімен додаға түсетіндігі белгілі болған.

Жалпы, бұл жұпта Польша чемпионның үстем түсеріне ешкім де шек келтірмейді. Өйткені Финляндияда өткен бірінші ойында "Легия" 3:0 есебімен басымдық танытқан. Енді өз алаңында төрт доп айырмасымен ұтыла қоймас...

Содан қойшы, "Спартак" (Юрмала) Чемпиондар лигасы аясындағы қарымта кездесуін өткізу үшін Астанаға келген. Бас бапкері, поляк маманы Марек Зуб "біз жеңеміз, өз алаңымызда ұтылғанымыз рас, бірақ жан-жақты дайындалып келдік" деп, елді елең еткізді. Әрі өз жігіттеріне сенетіндігін, "Астананы" тақырға отырғызып кете алатындықтарын айтып, бір "күлдірді" . Қысқасы, матч қарсаңындағы баспасөз жиынында ірі сөйлеп, кесек-кесек турады...

Сонымен ойын басталды. Жанкүйерлер де көп жиналыпты. 20 500 көрермен қиқу салып, "Астананы" қамшылаумен болды. Бірақ біздің чемпион қонақтардың қорғанысын бұзып өте алмай, қара терге түсті. Қолды-аяққа тұрмай, қос қанаттан да қыспаққа алып, орталық алаңда да атой салып, шабуылды үдетті. Бірақ доп соға алмай, пұшайман болды.

Юрмала клубының қақпашысы да ширақ, шалт қимылды жігіт екен. "Астана" футболшыларының бірнеше қауіпті де, қуатты соққыларын тойтарып, қас шеберлік танытты. Сөйтіп, бірінші тайм аяқталды. Ойынның екінші жартысында да осы жағдай қайталанды. Елорда клубы қонақтардың қақпасына төніп барып, қара бұлтты үйіргенімен, гол соға алмай қойды...

Десек те, "Астана" ақыры бір гол соғып, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Патрик Твумаси "Спартактың" қорғанысын тесіп өтіп, пәрменді соққысымен қақпашысын да қапы қалдырды. Гол! "Астана-Арена" стадионындағы көрермендер дүр сілкінді! Қуаныштарында шек жоқ.

Алайда бұл гол да қонақтардың аптығын баса алмады. Олар, керісінше, қарсы шабылдарын жиілетіп, көп ұзамай таразы басын теңестірді. Эдгар Варданян алыстан шірене теуіп, қақпа торын бүлк еткізді. Жанкүйерлер толқып кетті. Әйтсе де, ойын аяғына дейін "Астана" тағы бір гол соғар деп үміттенді.

Өкінішке қарай, Қазақстан чемпионы өз алаңында жеңіске жете алмады. Соңғы секундтарда тіпті қорғанысқа көп көңіл бөліп, осы есепті уыстарынан шығарып алмауға тырысты. Өйткені, қонақтар аңдаусызда бір гол соғып кетсе, келесі кезеңге солар шығар еді. Сөйтіп, "Астанамыз" Сарыарқа төсінде "Спартакпен" тең түсіп, Юрмаладағы жеңісінің арқасында УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіне шықты.

Негізі, "Астананың" деңгейі Юрмала клубынан біршама жоғары еді. Ойыншылары да – тәжірибелі, тіс қаққан сақа футболшылар. Бірақ "Спартакты" көпшілік күткендей ойсырата жеңе алмады. Қарсыластарын лайықты түрде бағаламай шыққандары ма, әлде төрт көздерін түгелдей тігіп отырған "Легия" бапкерлерін жаңылдыру үшін істеп отырған айла-тәсілдері ме? Дөп басып айта алмаймыз.

Ал "Астананың" бас бапкері, білікті болгар маманы Станимир Стойлов "дәл мынандай ойынмен “Легиядан” өте алмаймыз" деп отқа май құя түсуде. Содан соң "гол соғатын қаншама мүмкіндігіміз болды, бірақ оңтайлы сәттерде мүлт кетіп жүрміз" деп ағынан да жарылып отыр...

Неде болса көреміз, енді. Әліптің артын бағайық. Бүгін "Легия" өз алаңында "Мариехамн" (Финляндия) клубымен кездеседі. Сөз жоқ, келесі кезеңге шығады ғой. Содан соң "Астана" екеуі додаға түседі. Бірінші ойын шілденің аяғында Астанада, ал қарымта матч тамыздың басында Польшада өтеді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу