banner

"Australian Open": Қазақтардың бәрі жекелей сыннан шығып қалды

1513

"Australian Open" ашық біріншілігінде бақ сынап жатқан Қазақстан теннисшілерінің бәрі жекелей сыннан шығып қалды. Ал өзбек теннисшісі сенсация жасады.

"Australian Open": Қазақтардың бәрі жекелей сыннан шығып қалды

Жүлде қоры $36 110 000 бұл ірі теннис турниріне үкілеп қосқан 2 жігіт пен 3 қызымыз да айтарлықтай нәтиже көрсете алмай, ешқайсысы 2-раундтан әрі аса алмады.

Ерлерден Ресейден кетіп, Қазақстан командасына енді ғана қосылған жас жігіт Александр Бублик, ал қыздардан Юлия Путинцева ғана 2-кезеңге дейін жетті.

Осы турнирдің 31-ракеткасы саналған Юлия Путинцева 1-айналымда Испания спортшысы Лара Арруабарренаны тартысты ойында әрең жеңді – 7:6, 7:6. Ал екіншісінде Юлия кортқа Латвия өкілі Елена Остапенкомен шығып, оп-оңай ұтылып қалды. Оны мына есептен-ақ білуге болады 3:6, 1:6. Сөйтіп Путинцева жекелей сында жарысты тоқтатып, бірінші айналымның жеңімпазы ретінде 37500 доллар сыйақы алуы тиіс.

Путинцева америкалық Элисен Рискемен бірге жұп құрып, жапон қызы Нао Хибино мен польшалық Алиция Росольска жұбына қарсы ойнаған болатын, алайда жұптық бәсекеде де жолы болмай, тағы ұтылды – 1:6, 2:6.

Жекелей сында Галина Воскобоева украиналық Элина Свитолинаға қарсы шығып, таза жеңілді – 0:6, 2:6. Дегенмен Воскобоева жұптық жарыста чехиялық Барбора Крейчикова екеуі жап-жақсы өнер көрсетіп, екінші кезеңге жолдама алды. Екеуі бірінші раундта аргентиналық Мария Иригойен мен түрік қызы Ипек Сойлу жұбымен сынға түсіп – 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Енді Галина Воскобоева/Барбора Крейчикова жұбы жоқ дегенде бірінші кезеңдегі жеңісіне лайықты сыйақыларын алады. Жұптық бәсекеде алғашқы айналымының сыйлығы – 11050 АҚШ доллары. Ал келесі айналымда жеңсе, 17200 доллар алады. Онда бұл жұпты 21 қаңтар күні неміс қызы Анна-Лена Грёнефельд пен Квета Пешке күтіп тұр.

Үздіктеріміздің бірі Ярослава Шведованы румындық теннисші Ирина Бегу 1-айналымда-ақ жарыстан шығарды – 5:7, 6:3, 6:4. Алайда Шведова америкалық командаласы Ваня Кинг екеуі жұптық бәсекеде алдына жан салмайтын спортшылар екенін жақсы білеміз. Міне, соған дәлел – олардың бірінші айналымдағы жақсы ойыны, екеуі қытайлық Ван Цян мен тайландтық Варатчая Вонгтинчай жұбын екі сетте жеңіп шықты 7:6, 6:4. Енді 20 қаңтарда өтетін екінші айналымда бұл жұпқа қарсы черногориялық Данка Ковинич пен неміс Лаура Зигемунд шығады.

Ерлер бәсекесіне келсек, алдында айтып өткеніміздей, Михаил Кукушкин де Александр Бублик те жекелей сында жарысты тоқтатты. Кукушкин бірінші айналымда 18 жастағы америкалық Фрэнсис Тиафодан өте алмай, әбден әлекке түсті – 1:6, 7:6, 3:6, 2:6.

Ал Бублик француз Люка Пуиге қарсы кортқа шығып, керемет ойын көрсетті. Нәтижесінде 4 сетте жеңіп французды жарыстан шығарды – 6:0, 3:6, 6:3, 6:4. Бірақ екінші раундта Тунис елінің үздігі Малек Жазириге әлі жетпей, 6:2, 6:3, 7:5 есебімен ұтылып қалды. Дегенмен легионер теннисші бұл жарыстан құр қол кетпейді, өзіне тиесілі 37500 доллар сыйақысын алады.

Қазақстан теннисшілері ұтылып жатқанда өзбектер қуаныштан тақияларын аспанға лақтырып жатты. Өйткені өзбектің сайыпқыраны Денис Истомин "Australian Open" турнирінде сенсация жасады.

Жекелей сында Истомин әйгілі серб теннисшісі Новак Джоковичке қарсы ойнап, күтпеген жерден әлемнің екінші ракеткасын сан соқтырып кетті. Жеңімпаз бесінші сетте анықталды. Денис Истомин АТР рейтингінде 117-ші орында тұрғанына қарамастан Джоковичтің жұлдызын "қағып түсірді" – 7:6, 5:7, 2:6, 7:6, 6:4. Осылайша турнирде ең басты сенсация тіркелді. Өзбекстандық жігіт енді испаниялық Пабло Карреньо-Бустамен кортқа шығады. Қай жеңгені болгариялық Григор Димитров пен француз Ришар Гаске матчының жеңімпазымен кездеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу