"Біз цитрус жеткізейік, ал сіздер алма беріңіздер"

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2210

Қазақстан жыл сайын шамамен 300-500 тонна Грузия цитрусын тұтынады.

"Біз цитрус жеткізейік, ал сіздер алма беріңіздер" Фото: Мария Матвиенко

Грузия жыл сайын 30 мың тонна цитрус экспорттап, 20 мың тоннадан астам өнімді өңдей алады. Соңғы жылдың көрсеткіші бойынша Грузия цитрусының 18 мың тоннасы Ресейге, 8 мың тоннасы Украинаға, 3 мың тоннасы Арменияға, 312 тоннасы Қазақстанға экспортталған. Осыдан көріп отырғанымыздай, Грузиядан Қазақстанға экспортталатын цитрустың жиынтық экспорты небәрі 1% ғана.

"Қазақстанға жыл сайын 300-ден 500 тоннаға дейін цитрус импортталады. Бұл Аджария экспортының тек 1%-ы ғана. Біз бұл көрсеткішті арттыруға болады деп ойлаймыз. Қазақстанның және мал шаруашылығы саласындағы жергілікті мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып, сүт өңдейтін зауыт, балық шаруашылығында құрылыс салуға және басқа да жобаларға көңіл бөліп отырмыз", – деді журналистерге Аджария ауыл шаруашылығы министрі Лаша Комахидзе.

"Біз Алматының алмасымен ешбір алманы салыстыруға болмайтынын жақсы білеміз, бірақ сіздер де Қазақстанда аджарлық цитрустың міндетті түрде болатынына уәде беріңіздер", – деді ол Visit Batumi/Invest in Batumi инвестициялық форумы барысында.

Қазіргі уақытта Грузияда біздің капиталдың қатысумен жұмыс істейтін 160 кәсіпорын тіркелген. Инвестиция және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев Қазақстан тарабынан Грузияға, сондай-ақ Грузия тарабынан Қазақстанға инвестиция салынуына қызығушылық білдіріп отырғанын айтып өтті.

"Бүгінгі күні Қазақстанда 88 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. 2016 жылы тауар айналымы 43 млн доллар болды. Тауар айналымының азаюы көбінесе дағдарысқа байланысты болып отыр", – деген вице-министр өзара тауар айналымының артатынына сенім білдірді.

Қазақстандағы Грузия ісінің сенімді өкілінің міндетін атқарушы Реваз Сакварелидзе 2005-2016 жылдары Қазақстан Грузияға 343 млн доллар қаражат салғанын мәлімдеді.

"ЕХРО-2017 көрмесі аясында Грузия президенті Қазақстанға келеді деп жоспарланып отыр", – дейді ол.

Бірнеше жыл Грузияның Қазақстандағы елшісі болған Аджария үкіметінің төрағасы Зураб Патарадзе Қазақстан Грузияның маңызды серіктесі екенін жеткізді.

"Аджарияға жыл сайын миллионнан астам турист келеді, статистика үнемі артып отырады. Біздің өңірде мәдени көрікті жерлер, жоғары санатты қонақүйлер, тау шаңғы курорттары өте көп. Соңғы кезде іскери туризм ерекше дамып келеді", – дейді ол.

Форум барысында біздің елдің заңды және жеке тұлғаларына Аджарияда бизнесін ашуға, жылжымайтын мүлік сатып алуға қаражат салуға, турист ретінде келуге ұсыныс жасалды.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу