"Біз теңгенің бағамын емес, инфляцияны таргеттейміз"

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2094

Тимур Сүлейменов теңге рубльдің бағамына тәуелді болады деп есептейді.

"Біз теңгенің бағамын емес, инфляцияны таргеттейміз"

Ресейлік валюта бағамының динамикасын болжауға болады, ал теңге рубль бағамы қозғалысына тәуелді болады деп есептейді ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

"Ресейлік әріптестер де өздерінің макроэкономикалық болжамының жартысын жариялады. Оларда бұрын рубльдің әлсіреуі байқалған болатын. Маусым айында жасалған болжамда жыл соңына дейін рубльдің долларға шаққандағы бағамы 67-68 рубль болады делінген еді. Қазір олар макроэкономикалық болжамды жаңартып, бір доллар 62 рубль шамасында деп көрсеткен. Сондықтан олар мұнай бағасына, оның ішінде жалпы Ресей экономикасының дамуына қатысты ортақ бір түсінікке келген. Біздегі жағдай да осындай, сондықтан рубль құбылмайды, біз бір деңгейде жылжып келеміз", – деді ол үкіметте өткен баспасөз-мәслихатында.

Қазақтан қор биржасының  бүгінгі саудасында бір рубль 5,7680-5,7730 теңге шамасында белгіленді.

29 тамыз күні үкімет отырысында Тимур Сүлейменов Қазақстанның 2022 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Онда ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны 3,7% деңгейінде болады деп көрсетілген. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 3,4%-ге дейін өседі деп болжануда. Ал 2018 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 3,1% болып,  2022 жылы 4,2%-ға  дейін өседі деп жоспарланған.

Жылдық инфляцияның шегі 2018 жылы 5,0-7,0%, 2019 жылы 4,0-6,0% шамасында болады, ал 2020-2022 жылдарға қарай  3,0-4,0%-ға дейін төмендейді  деп болжанып отыр.

Жаңа әлеуметтік-экономикалық  даму болжамы негізінде 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы жасалды. Жобаны жасау барысында мұнайдың бір баррелі үшін 45 доллар болатын орташа әлемдік бағасы есепке алынды. Теңгенің долларға қатысты есеп айырысу бағамы 340 теңге шамасында деп көрсетілген.

"Бұл бюджеттің белгілі параметрлерін есептеу үшін алынып отырған есеп айырысу бағамы. Бұл нарықта қалыптасатын бағамға сәйкес келмеуі де мүмкін. Бұған сараптама жасап, қажет болған жағдайда бюджетке түзету жасаймыз", – деп түсіндірген Тимур Сүлейменов, бұл бағам "валюта нарығында болатын бағамға индикатор болып табылмайтынын" атады. 

Ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жарияланған болжам мен соңғы күндері орын алған теңгенің шамалы құнсыздануында ешқандай байланыс жоқ екенін мәлімдеді.

"Теңгенің еркін айналымға жіберілгеніне екі жылдай уақыт болды. Біз теңгенің бағамын емес, инфляцияны таргеттейміз. Тиісінше, нарықтық күштер шетел валюталарының теңгеге шаққандағы бағамын анықтайды. Макроболжамдарымыз теңгеге әсер етеді деп ойламаймын. Бұл біздің макроэкономикалық параметрлерге сәйкес келетін доллардың айырбас бағамына байланысты екенін қайталап айтқым келеді, – деді Тимур Сүлейменов. – Макроэкономикалық параметрлер консервативті. Сондықтан біз оны бюджетті жоспарлау үшін пайдаланамыз. Макроэкономикалық көлемнен кейін бюджеттік мүмкіндік туындайды. Біз әрдайым консервативті тәсілді таңдаймыз".

Министр мұндай позиция дұрыс және кез келген әдіске сәйкес келеді деп атап кетті. Негізі сарапшылар мұнай бағасын үнемі төмен бағалайды, ал мұнай импортына тәуелді елдер болса жоғары баға белгілейді.

Министр валюта бағамдары өзгеруіне сараптама жасауда ұзақ мерзімге сүйенуді ұсынды. Сондай-ақ бағамның өзгеруі мүмкін екеніне де "үйрену" керектігін айтты.

Сондай-ақ Тимур Сүлейменов еуроның теңгеге қатысты бағамы бұған дейін еркін бағаланған болса, қазір ол айтарлықтай нығайған.

"Еуроға қатысты айтар болсақ, онда біз қалай болғанда да Еуроодақтағы жағдайды басты назарға аламыз. Яғни еуроның теңгеге қатысты әлсіреуі емес, еуроның басқа валюталарға қатысты нығайғанына қарау керек. Әсіресе долларға. Сондықтан валюталық жұп бойынша қараған дұрыс", – деді министр.

Бұдан бұрын ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық банк айырбас бағамның еркін айналым  саясатын одан әрі жалғастырады деген болатын.

"Теңге динамикасы төлем балансы, мұнайдың әлемдік бағасы және сауда серіктестер еліндегі валютаның бағамы негізінде белгіленеді. Бұл үйлесімсіздіктен аулақ болып, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуі мүмкін", – деді ол 29 тамыз күнгі үкімет отырысында.

Ол 2017 жылдың  алғашқы жартыжылдығындағы төлем балансының айтарлықтай жақсаруы қазақстандық экспорт позициясына қатысты әлемдік бағалардың тұрақтылығы сақталған жағадайда саясат бағамы үшін алдағы тәуекелді азайтатынын айтты. Қазақстан 2015 жылдың 20 тамызынан бастап теңгенің еркін айырбас бағамына көшкен. Қазақстан қор биржасындағы бүгінгі саудада долларға қатысты бағам бір доллар үшін 336,98 теңгеден  337,96 теңгеге дейінгі арада құбылды.

Тамыз айының басынан бастап Ұлттық банктің  доллар, еуро, рубльге қатысты ресми теңге бағамы төмендеген. Яғни 31 тамызда бір доллар 334,7 теңге (1 тамызда 328,07 теңге), бір еуро 402,91 теңге (1 тамызда 384,83 теңге),  бір рубль 5,69 теңге (1 тамызда 5,47 теңге) болған.

Рубльдің долларға қатысты ресми бағамы (РФ Орталық банк) 1 тамыздағы бір доллар үшін 60,0633 рубльден тамыз айының соңында  58,7306 рубльге дейін тұрақталды.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу