"Өрлеу де, құлдырау да кезеңдерін бастан өткердік"

Әсем Ұланқызы, Көкшетау Әсем Ұланқызы, Көкшетау
4591

Ақмолада өнеркәсіптік-инновациялық жоба аясында серпін алып келе жатқан өндіріс ошақтарының бірі – "Көкшетау минералды сулары" зауыты.

"Өрлеу де, құлдырау да кезеңдерін бастан өткердік" Фото: Әсем Ұланқызы, Көкшетау

Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде өндірілетін өнім түрлері ғана емес, олардың сапа көрсеткіштері де еселеніп, бәсекеге қабілеттілігі арта түскен. Өндіріс орнының кешегісі мен бүгіні туралы кәсіпорынның ғылым жөніндегі директоры, Қазақстанның Минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі Евгений Пятов abctv.kz тiлшiсiне айтып берді.

Өзінің 25 жылдық тарихында зауыт талай қиындықты еңсерді. Өрлеу де, нарықтың қатал қағидаларына төтеп бере алмай, құлдыраған кезеңдер де болды.

"Свердлов тау-кен институтын бітіргеннен кейін жолдамамен Көкшетауға келдім. Кейін осы бір көрікті мекенге бауыр басып, тұрақтап қалдым. Экспедициямен өлкедегі емдік минералды суларды зерттедік. Ресейден емдік су жеткізудің тоқтатылуы кәсіпорын үшін жекеменшік әлеуметтік әріптестіктің алғашқы тәжірибесі болды. Алматыдағы курортология бөліміне жүгіндік. Жерасты суы жөніндегі мәліметімізді зерттеуге жібердік. Жүздеген су көзінің ішінен тек бір ұңғыманы ғана пайдалануға ұсыным жасалды. Қаншалықты жүрексінсек те, несие алуға тура келді. Өйткені, өзіміздің құрал-жабдығымыз болмады. Сол тұста қалада "Тоник" сыра зауыты жұмыс істеді. Біз оған су жеткізіп, дайын өнімді сатып алып жүрдік. Кейін Павлодардан ескі техниканы 2 мың теңгеге сатып алдық! Жалға ғимарат алып, өнім өндіруге бел шеше кірістік. Зертхана ашып, химик-сарапшыларды шақырып, штатты толықтырдық. Алдымен өнімдерімізді қалаға, кейін аудандарға шығара бастадық", – деп еске алады өткен күндерді Евгений Пятов.

Геологиялық зерттеудің нәтижесінде, Қошқарбай және Бурабай қойнауынан бағалы қайнарлар табылып, алдымен "Құлагер Арасан", 1996 жылы "Тұран" суы шығарыла бастады. Алкогольді өнімдер қатары да молая түсті. Зауытқа мыңнан астам адам жұмысқа тартылып, олардың табысы да толыға бастады.

Қазір өнім түрлері көбейген. Негізінен, табиғи қоспалар пайдаланылатын өнімдерге деген сұраныс бар. Олардың қатарында газдалған және газдалмаған су мен тәтті сусындар бар. Қондырғылар толықтай жаңартылды. Сондықтан, сапалы әрі табиғи өнім өндіруге мүмкіндік бар. Кәсіпорын өндіретін өнімдер еліміздің барлық өңіріне шығарылады. Сан мен сапаны қатар үйлестірген минералды су зауыты Ресейдің 5 облысына отандық өнім экспорттайды. Енді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) кеңістігін отандық өніммен қамтуға деген құлшыныс бар. Отандық өнімнің көш басында келетін кәсіпорынның осыдан бес жыл бұрын Омбы қаласында алғашқы өкілдігі құрылыпты. Ал қазір Нижний Новгород, Сан-Петербор, Нижневартовск қалаларында қазақ сусындары самсап тұр. Бірте-бірте тауар түрлері көбейіп, сумен қатар тәтті сусындар, газдалған алкогольсіз ішімдіктер, салқын шай Ресей нарығын жаулап алды.

"Бастапқыда лимонад, минералды су өндірдік. Әлі есімде, жұмысшылар жетіспеді. Әкімшілік күндіз кеңседе жұмыс істесе, кешкісін дайын өнімдер салынған жәшіктерді тасуға көмектесетін. Уақыт өте келе, табиғи ауыз су өндірісі жобасын ойластыра бастадық. Біздің бұл идеямызға күле қарағандар да, "Бұларың не? Енді краннан тегін ағып тұрған суды сатасыңдар ма?" деп дүрсе қойғандар да болды.

Ал біз сол кездің өзінде уақыт өте келе, шөлмекке құйылған ауыз су сатып алатын күннің де туатынын білген едік. Содан қажетті құрал сатып алып, жаңа су көздерін іздеуге кірістік. Бастапқыда Щучинскіден іздедік. Бірақ, мұндағы суда фтор көп болды. Қажетті су көзін Зерендінің Кеңөткел ауылынан таптық. Дегенмен, біздің суда радон мөлшерден тыс көп екені анықталды. Сондықтан, оны тазарту жүйесін ойлап таптық. Кейін осы жүйе бірқатар балалар үйі мен демалыс үйіне енгізілді", – дейді Евгений Пятов.

Алдағы күндері зауыт құрамында емдік шипасы мол дәрумендерге бай тәтті сусын шығаруды жоспарлап отыр. Таза табиғи судың сапасын жоғалтпау үшін жер қойнауы да жіті зерттеліп, жаңа шикізат қорлары ашыла бастады. Соңғы 15 жыл бойы "Тұран" брендімен ("TURAN") Ресейге минералды су мен алкогольсіз сусын тұрақты түрде экспортталады.

"Осы жылдар ішінде зауыт үнемі жаңғырып, жаңарып келеді. Кәсіпорын жаңа кейіпке енді, өндіріс көлемі ұлғайды. 100-ге тарта өнім түрі шығарылады. Таза табиғи судың сапасын жоғалтпау үшін жер қойнауы да жіті зерттеліп, жаңа шикізат қорлары ашылып келеді. Тауарды ұсынудағы маңызды талаптың бірі – өнімнің сөрелерге қандай ыдыста, қандай дизайн мен формада қойылуына да байланысты. Мақсатқа жетудің сыры құпия емес. Түрлі жасанды қоспалар мен бояғыш заттардың денсаулыққа зиян екенін тұтынушылар жақсы біледі. Ал біз өз өнімдерімізді әркез табиғи күйінде ұсынамыз", – дейді Евгений Пятов.

2020 жылға дейін табиғи минералды суды жылына 400 млн литрге дейін жеткізуге мүмкіндік беретін өндірістік қуатты арттыру жоспарланыпты. Ел тәуелсіздігімен бірге жасап келе жатқан зауыт бүгінде халықаралық "Asia Waters" холдингіне кіріпті. 2020 жылға дейін зауыт өнім қуаттылығын арттыруды жоспарлап отыр.

"Көкшетау минералды сулары" АҚ-да биыл жаңа инновациялық желі іске қосылды. Өткен жылы қолға алынған бұл жобаға 3,7 млрд теңге қаржы жұмсалды және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туды. Жаңа өндірістік желі алкогольсіз сусын дайындаудың барлық айналымында кластерлік жүйемен жұмыс істейді. Яғни, сусынды дайындап, өздері жасаған құтыларға құйып, тұтынушыларға дайын өнімді үздіксіз жеткізеді. Мұнда немістің ең соңғы үлгідегі құрылғысы орнатылыпты. Жұмыстың бәрі автоматтандырылып, компьютерлік бағдарламамен басқарылады.

Кәсіпорын 1991 жылдан бастап көптеген зерттеу институтымен бірлесіп жұмыс істейді. Табиғи судың сапасын сақтау үшін Германияның Фрезениуса, Украинаның Одесса және Ресейдің курортологтарымен ғылыми зерттеу бағытында тәжірибе алмасады.

"Мұнай, парфюмерия, тамақ өндірісін зерттеумен айналысатын Германия ғылыми институтымен іскерлік байланыстамыз. Әрине, олардың бағалау құны жоғары, алайда, біз үшін алдымен өнім сапасы аса маңызды. Сондай-ақ, Орал, Астана мединституттарымен, жергілікті ауруханалармен де тығыз байланыста жұмыс істейміз. Судың адам қанына әсерін зерттейміз. Зауытта өнімдер бес желілік сипатқа біріктірілген. Әсіресе, Германияның "Krones" фирмасының алкогольсіз сусын құю жүйесі – ортақ мақтанышымыз. Оның сағатына 12 мың шөлмек шығаратын қуаты бар. Өнеркәсіптік-инновациялық даму бағдарламасы аясында, небары 10 айлық рекордтық мерзімде, биылғы шілде айында пайдалануға берілген желі жетістігімізге серпін бергені айқын. Сондай-ақ, осы жоба аясында Қазақстанда бірінші болып суды микробиологиялық сүзгіден өткізетін "Pall" қондырғысы орнатылғанын баса айтқымыз келеді", – дейді Евгений Пятов.

Кәсіпорын жұмыс істеген уақыттан бері бюджетке 50 млрд теңгеге жуық салық төлеген. Оған осында жұмыс істейтін 1 мыңға жуық жұмысшының қосып отырған үлесі зор.

"Жалпы, зауыттың жылына 45 млн литр алкогольсіз және 1,5 млн литр спирт өнімдерін шығаратынын ескерсек, экономикалық-әлеуметтік жетістіктер әлеуетін аңғаруға болады. Бұл өндірісті нығайтуға 880 млн теңге инвестициялық қаржы салынуының арқасы деуіміз керек. Түпкі қайтарым да көңілдегідей. Жыл сайын 9 млрд теңгенің өнімін айналымға шығаратын кәсіпорын жыл ішінде 2,5 млрд теңгені салыққа аударып отыр. Бізде қысқарту деген болған емес. Желілер екі ауысыммен жұмыс істейді. Ал тапсырыс көбейіп, өндірістің қызған шағында жалдамалы жұмысшыларды да аламыз. Қондырғыларды жаңғыртудың арқасында кәсіпорнымыз өркендеп келеді", – деп мақтана мәлімдеді Евгений Пятов.

Алдағы уақытта табиғи су көздері мен оның емдік шипасы медициналық туризм саласында қолданылады. Өйткені, Ақмола облысы елдегі медициналық туризмді дамыту мүмкіндігі зор өңір. Әсіресе, мұнда табиғи жер асты су көздері жетерлік. Солардың ішінде "Көкшетау минералды сулары" АҚ өндіріп отырған "Тұран", "Құлагер-Арасан" және "Свежесть" сияқты адам ағзасына пайдалы саналатын минералды суларын медициналық туризм қызметін көрсететін шипажайлар мен сауықтыру орындарында пайдалану экологиялық жағынан да, экономикалық жағынан да тиімді.

"Көкшетау минералды сулары" АҚ мен облыстағы курорт, сауықтыру орындары, пансионаттар, шипажайлар және бұдан басқа да медициналық туризм қызметін ұсынатын мекемелермен меморандум жасалды. Кәсіпорын курортты аймақтағы шипажайлар мен сауықтыру орындарына өздерінің табиғи минералды ас суларын үздіксіз жеткізіп отырады.

Әлем назарындағы Астананың нарығына кіру – кез-келген тауар өндіруші үшін үлкен абырой. Еліміздің солтүстік өңіріндегі сусын өндірісінің көшбасшысы "Көкшетау минералды сулары" АҚ алғашқы күннен бастап Елорда тұрғындарының құрметіне бөленген ұжым көрінеді. Қазір Астананың кез-келген сауда дүкенінен Көкшетауда шығарылған минералды сулар мен шырындарды көптеп кездестіруге болады.

Бүгінде кәсіпорын саны мен сапасы келіскен жүзден аса өнім түрін шығарады. Сондай-ақ, өткен жылдың соңына дейін су құйылып келген шиша шетелден импортталған болса, биыл зауыт шыны шөлмекті де өздері шығара бастапты. Яғни, "Turan" 100% отандық өнімге айналды. Енді "Азия Су" халықаралық холдингтің құрамына кірген кәсіпорын өнімдерін Азия елдеріне шығармақшы.

Маркетолог мамандардың есебі бойынша, ширек ғасыр ішінде Қазақ елі "Тuran" табиғи ауыз суының 1 млрд литрін тұтынған екен. Кәсіпорында бүгінгі таңда 1322 адам еңбек етеді. Яғни, Көкшетау қаласындағы әрбір оныншы адамды жұмыспен қамтып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу