2028 жылдан бастап ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу көзделіп отыр

773

Тұжырымдамада зейнеткерлікке шығуды "кейінге қалдыру" құқығын беру көзделген. 

2028 жылдан бастап ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу көзделіп отыр

Қазақстанда зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына түзетулер әзірленді, деп хабарлайды inbusiness.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды Үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы ұзақ мерзімді модельдерді құру негізінде әзірлеген. Жұмыстың маңызды бағыты – ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіру.

"Қолданыстағы тұжырымдама аясында 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу көзделіп отыр. Сондықтан ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыны тағайындау тетігін жетілдіре отырып, базалық зейнетақыны тағайындаудың қолданыстағы әдістемесіне негізделген", – деп жазылған хабарламада.

Әлеуметтік сақтандыру, базалық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саясаты департаментінің директоры Виктория Шегайдың айтуынша, бүгінде ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны тағайындау тетігі пысықталып жатыр. 
"Оның негізінде ең төменгі мөлшерде ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі ЕТКД) 54%-нан 70%-на дейін ұлғайту, қатысудың ең аз өтілін 10 жылдан 5 жылға дейін азайту, зейнетақы мөлшерін шектеуді алып тастау ұсынылады", – деді Виктория Шегай.

Ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар тұжырымдамада зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар үшін зейнеткерлікке шығуды "кейінге қалдыру" құқығын беру көзделген.

"Бұл болашақта ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны жоғары мөлшерде алуға мүмкіндік береді. Өйткені зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейінгі еңбек кезеңі оның мөлшерін анықтауда ескеріледі", – деді Виктория Шегай.

Сондай-ақ құжаттағы тағы бір маңызды өзгеріс 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарнасын енгізуі болып саналады. Оған сәйкес жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмыскерге 5% зейнетақы жарнасын аударуға міндетті. 

Бүгінде "Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы" ҚР Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы № 841 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жоба мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу