banner

Ақмола облысында көктемгі су тасқынына дайындық басталды

433

Биыл өңірдегі елдімекендерден 90,3 мың текше метр қар шығарылды.  

Ақмола облысында көктемгі су тасқынына дайындық басталды Фото: gov.kz

Ақмола облысында көктемгі су тасқынына дайындық шаралары басталды, деп жазады inbusiness.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Биыл тұрғын үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында елдімекендерден 90,3 мың текше метр қар шығарылды. Бұдан басқа 154 тонна жанар-жағармай, 15,6 мың тонна инертті материалдар, 63,2 мың қапшықтар көлемінде қорлар дайындалды. Өзендердің қауіпті учаскелеріндегі судың жай-күйі мен деңгейіне мониторинг жүргізу үшін 92 қосымша бақылау бекетінің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыру жоспарланған. Ақпан айында "Көктем-2023" РКШО аясында күштер мен құралдардың дайындығына тексеру жүргізілмек", - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Ақпаратқа сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда 2023 жылға арналған резерв облыстық бюджетте 15,5%-ға, облыстың қалалары мен аудандарының бюджеттерінде елдімекендерден қар шығаруға 28%-ға, облыстың 9 ауданында жарылыс жұмыстарын жүргізуге өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық жоспарланған.

"2022 жылғы жаз-күз мезгілінде елдімекендерді инженерлік қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес облыс аумағында 65 елдімекенде (15 аудан, 3 қала) су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілді. 5 км-ден астам өзен арналарын тазарту, 24 км су бұру арналарын жайластыру және тазарту, 6 км үйінділер мен бөгеттерді нығайту және салу, 34 бірлік су өткізу құрылыстарын жайластыру, Жабай өзенінің 0,1 км арнасын түзету бойынша жұмыстар атқарылды. Инженерлік қорғау жоспарларының іс-шараларын орындау су тасқыны көріністерінің су басу қаупін 128 елдімекеннен 113 елдімекенге дейін азайтуға мүмкіндік берді", - деп хабарлады ведомство.

Жыл сайын көктемде Колутон өзенінде қардың қарқынды еруі және су деңгейінің жоғарылауы салдарынан Ягодное ауылынан жергілікті маңызы бар автожол арқылы су тасқыны пайда болады. Мұнда Жаңа Колутон ауылы арқылы өтетін қосымша жол бар.

"Ягодное ауылының географиялық орналасуына байланысты кез-келген инженерлік іс-шаралар экономикалық тұрғыдан мүмкін емес. Жыл сайын су тасқыны басталғанға дейін Колутон өзені арнасының 2 учаскесінде мұзды қопсыту және ұсақтау бойынша жарылыс жұмыстары жүргізіледі",- деп атап өтті ТЖМ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу