Алакөл жағалауында жарық неге жиі өшеді?

367

Электр энергиясының тапшылығы өңірдегі туризмнің дамуына кері әсер етіп отыр.

Алакөл жағалауында жарық неге жиі өшеді? Фото: gov.kz

Алакөл – республика бойынша ірі туристік нысандардың бірі. Сенатор Амангелді Толамисов Алакөл жағалауында электр қуатының жиі үзілетіні туралы мәселе көтерді.

"Бүгінгі таңда мұнда 302 туристік нысан, оның ішінде 11 қонақ үй, 3 сауықтыру кешендері, 1 аңшылық үй және 286 базалар мен пансионаттар демалушыларды қабылдауда. Бір реттік сыйымдылығы 25329 орын, сонымен қоса биыл 1,2 млрд теңгеге 83 жұмыс орны мен 10 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Осы жылы демалушылар саны 1,5 млн адамға жетіп, оларға 6,9 млрд теңгеге қызмет көрсетілді", - деді ол. 

Оның сөзінше, Алакөл ауданындағы Ақши және Көктұма ауылдарының маңындағы демалыс аймақтарына келген жаңа тұтынушылар электр қуатының жетіспеуіне байланысты бірнеше жылдан бері электр желісіне қосыла алмай отыр.

"2023 жылдың жазғы демалыс маусымында Алакөл көлінің жағалауында электр энергиясы 20 мәрте өшті. Соның салдарынан демалыс орындарының әр түрлі 150-ден астам тұрмыстық техникалары істен шықты. Сонымен қоса, көл жағалауында орналасқан Көктұма ауылында электр энергиясы кернеуінің төмендігіне байланысты, бір туристік нысан өртеніп кетті. Жазғы демалыс маусымы басталғалы бері көл жағалауының электр энергиясының мәселесі жөнінде азаматтардан жергілікті атқарушы органдарға 100-ден аса арыз-шағым тіркелді", - деп атап өтті депутат.

Сенатор электр энергиясының тапшылығы өңірдегі туризмнің дамуына теріс әсер етіп отырғанын жеткізді. 

"Бұл мәселені шешу мақсатында Алакөл аудандық әкімдігі тарапынан Ақши жаңа қосалқы станциясын сала отырып, Бескөл қосалқы станциясын реконструкциялап, Бескөл қосалқы станциясынан Ақши қосалқы станциясына дейін 110 киловаттық электр желісін салу нысаны бойынша жұмыс жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба бойынша Ақши ауылында қосалқы станция және Бескөл станциясынан Ақши ауылына дейін қуаты 110 киловаттық электр беру желісін салу көзделген", - деді ол.

Сенатор Үкімет басшысынан Алакөл ауданы тұтынушыларын үздіксіз электрмен жабдықтаумен қамту мақсатында жоғары вольтты электр беру желілері мен қосалқы станцияларды салу жөніндегі жобаны қаржыландыру мәселелерін қарастыруды сұрады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу