Апатты мектеп, емхана, Интернет: Премьер-Министр ауылдық жерлердегі проблеманы атады

536

Сөзінше, кейбір ауылдардың тұрғындары басқа елді-мекендерде емделуге, оқуға мәжбүр. 

Апатты мектеп, емхана, Интернет: Премьер-Министр ауылдық жерлердегі проблеманы атады Фото: Kazaknews.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов ауылдардағы мектептер мен медициналық мекемелерге назар аудару қажеттігін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Әр ауыл тұрғыны тұрмыстық ахуалдың жақсарғанын қалайды. Ол үшін біз қала мен ауылдың тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп қысқартып келеміз. Мұндағы негізгі фактор – қолжетімді қызметтер, яғни сапалы жол, медицина мен білім беру сияқты ауыл халқының жайлы тұрмысына қажетті игіліктердің болуы. Қазіргі уақытта Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, әкімдіктерге ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойылып отыр. Объектілер мен қызметтердің нақты тізбесі осы Жүйеде қамтылған", - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, тізбеде жазылған игіліктердің барлығы әрбір елді мекенде болуға тиіс

"Мектептер мен медициналық мекемелер – ауылдағы ең маңызды объектілер. Оларға айрықша назар қажет. Қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған ауыл мектептері аз емес. Денсаулық сақтау ғимараттары тапшы. Кейбір ауылдардың тұрғындары басқа елді-мекендерге барып емделуге, оқуға мәжбүр. Сондай-ақ ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыстың жағдайына және Интернеттің қолжетімді болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуіне себепші болады", - деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министр әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту қажеттігін жеткізді.

"Осы міндеттерді кезең-кезеңмен шешу үшін салықтардың және бюджетке түсетін төлемдердің кейбір түрлерін ауылдық округтердің бюджетіне беруді жалғастыру қажет", - деп түсіндірді ол.

Айта кету керек, осыған дейін 112 ауылдағы халық саны он мыңнан асатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу