Астана әуежайының ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуге 20 млрд теңге қажет

696

Елорда әуежайының қолданыстағы ұшу-қону жолағы 20 жыл бұрын пайдалануға берілген.  

Астана әуежайының ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуге 20 млрд теңге қажет Фото: inbusiness.kz

Үкімет кулуарында Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Астана әуежайының күрделі жөндеуіне қажет 20 млрд теңгенің не себепті мемлекеттік бюджеттен қамтамасыз етілетінін түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz.

"Астана әуежайы мемлекет меншігіне тиесілі. Сәйкесінше ұшу-қону жолағына реконструкциялау жұмыстарын мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Әуежай тарифтері тек ағымдағы шығындарды жабады, тиісінше жер үстіндегі инфрақұрылымды жаңарту үшін қосымша қаржыны талап етеді. Тарифтер бізде салыстырмалы түрде төмен. Мәселен, ТМД елдері арасында біздегі әуежай тарифтері ең төмен болып есептеледі", - деп жауап берді ол.

Талғат Ластаевтың сөзінше, елорда әуежайының күрделі жөндеуіне қажет 20 млрд теңгенің барлығы да мемлекеттік бюджет есебінен қамтамасыз етілмек. 

Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев елорда әуежайында осы уақытқа дейін тек аэродром жабындарына ғана ағымдағы жөндеу жүргізілгенін айтқан болатын. 

"Бүгінде олардың жағдайы өте қиын, өйткені 2 жөндеу мерзімі кешіктірілді. Осыған байланысты "Астана қаласы әуежайының инфрақұрылымын күрделі жөндеу және жаңғырту" жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, "Мемлекеттік сараптаманың" оң қорытындысы алынды. Бюджеттік өтінімді қалыптастыру үшін құжаттамалар дайындалып жатыр. I кезең бойынша жобаның құны – 11,5 млрд теңге (ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу) II кезең бойынша жобаның құны – 8,8 млрд теңге (рульдеу жолағын күрделі жөндеу, магистральдық рульдеу жолағы, әуеайлақтың су-дренаж жүйесі)", - деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу