Астанадағы форумда 58 млрд теңгенің келісімшарты жасалды

252

"Қазақстандық қамту 2.0" бірінші халықаралық форумында құны 58 млрд теңге болатын келісімшарттарға қол қойылды.

Астанадағы форумда 58 млрд теңгенің келісімшарты жасалды Фото: primeminister.kz

Офтейк шарттар еліміздің жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялар мен отандық тауар өндірушілері арасында жасалды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қазақмыс, ERG, KAZ Minerals және Қазмырыш жер қойнауын игерудегі алпауыттар отандық өндірушілермен ауқымды келісімдер жасады. Оффтейк-келісімшарттардың жалпы құны  58 миллиард теңгеден асады.

Жиында саланың өзекті мәселелерінен бастап энергетика саласын дамыту перспективаларына дейін әртүрлі тақырыптар көтерілді. Басқосуда бизнес өкілдері мемлекеттік сатып алудың отандық өндірістің дамуын тежейтін тұстарына тоқталды. "Қазақмыс корпорациясының" Басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің айтуынша, қолданыстағы электрондық сатып алу порталы ескірген және түбегейлі жаңартуды қажет етеді. Ірі компаниялардың өндірушілер ұсынатын өнімнің сапасына қатысты сұрақтары да бар.

"Еліміздегі ішкі құндылықтың негізгі үлесін жұмыстар мен қызметтер құрайтынын түсіну қажет. Ал отандық тауарлармен қамту үлесі біздің компанияда 22%-дан аспайды. Осы 2 санатты нақты ажыратып, тауар өндірушілерді дамытуға және отандық тауарлардың үлесін арттыруға күш салу керек", - деді "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев.

Бізде отандық тауарларды сертификаттауға қатысты мәселелер де бір жақты болмаған. Қазір өндірушілерге сертификаттың 2 түрін алу жүктеледі. Нұрахмет Нұриев бұл тәсілді қайта қарауды ұсынды. Үкімет басшысы  Әлихан Смайылов бұл мәселеде бизнес өкілдерінің ұсынысына қолдау білдірді. Сондай-ақ қолданыстағы сертификаттардың орнына енді тауар өндірушілер туралы барлық ақпарат жаңа аналитикалық цифрлық жүйеде қолжетімді болатынын айтты.

"Отандық тауар өндірушілерге ешқандай сертификат алудың қажеті жоқ. Олар туралы және өндіретін тауарлары туралы мәліметтер онлайн түрде болады. Кез келген уақытта барлық мүдделі тұлғалар қажетті ақпаратты тегін ала алады. Осылайша біз сертификаттарды беру тәжірибесін тоқтатамыз", - деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Енді квазимемлекеттік компаниялармен, халықаралық кәсіпорындар және ірі жүйе құраушы мекемелер арасындағы оффтейк-келісімшарттар кредиттер үшін кепіл бола алады. Бұл да салаға жасалған түбегейлі өзгерістердің бірі. Сондықтан бүгінгідей форум билік, жер қойнауын пайдаланушылар мен тауар өндірушілер арасындағы диалог үшін тиімді шешім болады",  деп есептейді "Атамекен" Ұлттық палатасының басшысы.

"Жүзбе жүз кездесіп, қандай жобаларды іске асыра алатынымызды талқылау өте маңызды. Әрине салаға мемлекет тарапынан реттеу де реформада қажет. Бізге әділ және ашық механизм керек. Сол арқылы отандық жеткізушілерге қатысты барлық мәселелерді біз Үкіметпен бірлесіп пысықтай аламыз. Қиындықтарды мүмкіндігінше жеңілдетіңіз", - деді "Атамекен" ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов.

Форум барысында қатысушыларға цифрлық көрме ұсынылды. Онда жүзден астам отандық кәсіпорындар мен өндірушілердің қолданыстағы және жаңа жобалары көрсетілді. Сондай-ақ өндірістік қуаттарды кеңейту жоспарлары көрсетілген. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 2000-нан астам делегат қатысты. Форумды өткізуге "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен Өнеркәсіп және құрылыс Министрлігі мұрындық болып,  "Қазақмыс", "Қазмырыш", ERG және "KAZ Minerals"корпорациялары қолдау білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу