Атырау облысында оқушыларды мектепке тасымалдау үшін қосымша автобустар сатып алынады

460

Қосымша 23 автобус сатып алу үшін 1,1 млрд теңге бөлінді. 

Атырау облысында оқушыларды мектепке тасымалдау үшін қосымша автобустар сатып алынады Фото: inbusiness.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында облыс әкімі Серік Шәпкенов аймақтағы білім беру ұйымдарының жаңа 2023-2024 оқу жылына дайындығы туралы баяндама жасады.

Өңір басшысының айтуынша, облыста жаңа оқу жылына 143 мың оқушыны қабылдау жоспарланған. Сонымен қатар биыл білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4 544 527,0 млн теңге бөлінді. Оған қоса жаңа оқу жылында шалғай ауылда тұратын 4 561 оқушыны тасымалдау үшін жаңадан автобустар сатып алынады.

Өткен жылы облыста оқушыларды 49 автокөлік тегін тасымалдады. Енді жаңа оқу жылында 60 елдімекенде 4 561 оқушыны тасымалдау жоспарланып, қосымша 23 автобус сатып алу үшін 1,1 млрд теңге бөлінді. Көліктер қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту үшін 1 676 370,0 мың теңге бөлінді. Оқулықтар 25 тамызға дейін толықтай жеткізіліп, таратылады. Облыстағы түпкілікті шешілген мәселелердің бірі - 1-4 сынып оқушыларын толық, 5-11 сыныптағы әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын тегін ыстық тамақпен қамту. Аталған шара жаңа оқу жылынан бастап жүзеге асырылады. Биыл 21 мектепте интернет жылдамдығын арттыру жоспарланып, 108 332,1 мың теңге бөлінді. Нәтижесінде 20 Мбит/с және одан жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету пайызы 43,3% құрайтын болады, - деді С.Шәпкенов.

Айта кету керек, Атырау облысында модернизациялау жұмыстарына жататын 25 мектептің бүгінгі күні 5-еуі толықтай аяқталды. Қалған 20 мектепте бірнеше бағытта жұмыстар жүруде. Модернизациялау бағытындағы жұмыстар жылдың аяғына дейін іске асырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу