Ауған халқына темір жол көлігімен кезекті ірі гуманитарлық жүк жіберіледі

341

Қазақстан арнайы авиабортпен салмағы 1600 тоннадан асатын азық-түлік, шатырлар, киім-кешек және төсек-орын жабдықтарын қамтитын ірі гуманитарлық жүк жеткізген болатын.

Ауған халқына темір жол көлігімен кезекті ірі гуманитарлық жүк жіберіледі Фото: gov.kz

ҚР сыртқы істер министрлігі Қазақстан жер сілкінісінен жапа шеккен ауған халқына тағы да гуманитарлық көмек көрсететіні туралы мәлімдеді. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына байланысты "KazAID" қазақстандық халықаралық даму агенттігінің белсенді қатысуымен Ауғанстанның Герат провинциясына қазақстандық арнайы авиабортпен салмағы 1600 тоннадан асатын азық-түлік, шатырлар, киім-кешек және төсек-орын жабдықтарын қамтитын ірі гуманитарлық жүк жеткізілді.

Қазақстандық гуманитарлық жүкті Ауғанстандағы Табиғи апаттардың салдарымен күрес жөніндегі штабтың өкілдері, атап айтқанда Азаматтық әуежайлардың бас директоры Гарвал Абдул Саттар қабылдады.

Сонымен қатар осы жылдың 10 қазанында Герат провинциясына 45 адамнан тұратын ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел-құтқару тобы келіп, қазіргі таңда Наиброфи елді мекенінде (Герат қаласынан 50 шақырым жерде) құтқару жұмыстарын жүргізуде.

"Жақын арада зардап шеккен ауған халқына темір жол көлігімен "Хайратон" станциясына (Ауғанстанның Балх провинциясы) кезекті ірі гуманитарлық жүкті жіберу күтілуде. Герат провинциясының губернаторы шейх Нұр Ахмад Ислам Джар ауған халқы атынан қазақстандық тарапқа тұрақты гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді", – делінген хабарламада.

Айта кетсек, 7 қазанда Ауғанстанның батысында (эпицентр Герат провинциясындағы) 2 500-ге жуық адамның қаза болуына, 9 000 адамның жаралануына, сондай-ақ 2 000 үйдің қирауына әкеп соққан қатты жер сілкінісі нәтижесінде ҚР Үкіметі ауған халқына шұғыл гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу