Әзербайжан Кеңес Одағы ыдырағалы бері алғаш рет Арменияға 22 вагон АИ-95 бензинін (SOCAR өндірісі) жөнелтіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты bloomberg-ке сілтеме жасап.
Бұл ондаған жылдар бойы қақтығысып келген Оңтүстік Кавказдағы екі ел арасындағы сауда байланыстарын қайта жандандырудың алғашқы қадамы саналады.
Айта кетейік, жанармай жеткізу туралы келісім 28 қараша күні Әзербайжанның Габала қаласында өткен келіссөздер барысында жасалған. Келіссөзге Әзербайжан премьер-министрінің орынбасары Шахин Мұстафаев пен Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян қатысқан еді.
– Бұл жөнелту – Таулы Қарабақ үшін ондаған жылдар бойы соғысқан екі ел арасындағы сауданы қалпына келтіру жолындағы кезекті қадам. Бұған дейін бейбіт келісім жобасына қол қойылған соң, Әзербайжан Ресей мен Қазақстаннан Арменияға астықты Грузия арқылы тасымалдауға жағдай жасаған. Армения билігінің мәліметінше, Қазақстаннан келетін бидайдың тағы бір партиясы қазір Әзербайжан арқылы Ереванға жол тартқан, – деп жазады Bloomberg сайты.
Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян тараптар мұнай және мұнай өнімдерін экспорттау мәселесін талқылағанын растаған. Десе де, нақты көлем, сатып алушылар мен баға шарттарын жеке компаниялар айқындайтынын айтты.
– Жанармайға қатысты келесі қадамдар жеке экспорттаушылар мен импорттаушылар арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асады. Барлық келісім нарықтық шарттармен жасалады, – деді ол.
Қазіргі уақытта Армения Ресейдің газына және мұнайына айтарлықтай тәуелді. Сол себепті, энергия көзін әртараптандыру – Мәскеуге экономикалық тәуелділікті азайтуды көздеген Ереван үшін ең сезімтал мәселенің бірі. Экономика министрі Геворг Папоян әзірге SOCAR-мен келіссөз жүргізіп жатқан армян компанияларының атын атамады.
Әзербайжан президентінің көмекшісі Хикмет Хаджиев те жанармай экспорты шекараны делимитациялау жөніндегі келіссөздермен қатар талқыланып жатқан сауда мәселелерінің бірі екенін мәлімдеді.
Еске салайық, Армения мен Әзербайжан тамыз айында Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен бейбіт келісім жобасын аяқтады. Құжаттағы негізгі тармақтардың бірі көлік дәліздерін қайта ашу болды. Бұл Оңтүстік Кавказдағы сауданы кеңейтіп, Түркия, Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы байланыстарды күшейтуі мүмкін.