Бағдат Мусин: Алматы – еліміздің IT индустриясының астанасы

Қазақстандық нарықта қазірдің өзінде 10 мыңнан астам IT - компания жұмыс істейді. Бұдан басқа, 1 мыңнан аса компания Астана Хаб технологиялық экожүйесінің бөлігі болып табылады. 

Бағдат Мусин: Алматы – еліміздің IT индустриясының астанасы Фото: zakon.kz

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин "Digital Almaty 2023" форумында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Алматы – еліміздің IT индустрияның астанасы болып табылады. Еліміздегі IT компаниялардың басым бөлігі осында орналасқан. Қуантарлығы, ақпараттық технологиялар саласының дамуына қолайлы инфрақұрылым қалыптасқан. Сондықтан біз қаланың әлеуетін үздік IT мамандарды жинайтын өңірлік хаб құруға мүдделіміз. "Әлемде цифрлық сала – көзді ашып-жұмғанша өзгеру үстінде". Бүгінгі форум заман талабына сай қарқынды дамып келе жатқан IT сала өкілдерінің басын қосып, олардың "сағат тілдерін" теңестіретін игі дәстүрге айналды", – деді министр.

Бұл ретте ведомство басшысы Invisible Government құру үшін халық арасында ең сұранысқа ие өмірлік жағдайлар егжей-тегжейлі қарастырылатынын атап өтті.

"Дәл қазір экранда сізге азаматтың өмірлік циклінің барлық кезеңі көрсетілді. Біздің әрқайсымыз туғаннан бастап, балалық шағымыздан, оқу орындарына түсуден, жұмысқа орналасудан, отбасын құрудан және зейнеткерлікке шыққанға дейін мемлекетпен өзара іс-қимыл жасаймыз. Өмірлік жағдайдың бизнес-процестерін қайта қарағаннан кейін оларды "белсенді" және композиттік қызметтерге кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарланып жатыр", – деді Мусин.

Бүгінде қазақстандықтарға ешқайда барудың қажеті жоқ және мемлекетпен өзара іс-қимыл тек eGov мобильдік қосымшасы негізінде онлайн жүзеге асырылады. Бұл еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасында да айтылды.

"Біздің басты басымдықтарымыздың бірі-IT-саланы дамыту. Қазақстандық IT-нарық бұл қазірдің өзінде 10 мыңнан астам IT - компаниялар және салада жұмыс істейтін 150 мың компания. Бұдан басқа, 1000-нан астам компания Астана Хаб технологиялық экожүйесінің бөлігі болып табылады. Біз преференциялар түрінде салаға институционалдық қолдау көрсетеміз, білікті мамандарды даярлау бағдарламаларын, акселерациялық бағдарламаларды іске асырамыз және тағы басқалар, бұл саланы дамытудың драйверлері. Стартаперлердің өз идеяларын көрсетуге және инвесторларды табуға мүмкіндігі бар. Форум аясында көптеген қызықты сессиялар мен көрмелер жоспарланған: халықаралық технопарктер көрмесі, ірі IT-компаниялар, бағдарламалау мектептері, панельдік сессиялар және саланың көшбасшылары мен жетекші сарапшыларының қатысуымен өтетін дөңгелек үстелдер. Жастарды технологиялық кәсіпкерлікке тарту үшін алғаш рет Digital Ministry Cup робототехника чемпионаты ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Digital Almaty Awards сыйлығы тапсырылады. Сыйлық Үздік IT шешімдерді анықтауға және оларды одан әрі дамытуға бағытталған", – деп түйіндеді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу