Баянауылдан да өрт шықты

698

Абырой болғанда қызыл жалын ұлттық парк аумағына өткен жоқ.

Баянауылдан да өрт шықты

Кеше Қарағанды облысында болған дала өрті іргелес жатқан Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы бірнеше ауылдың аумағына шарпыды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Аудандағы Жаңажол ауылдық округі аумағындағы 40 гектар жер, Сәтбаев ауылдық округінде 162 гектар жер жанып кетті. Мұндағы дала өрті бүгін 9.40-та толығымен ауыздықталды.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың сөзінше, қызыл жалынның Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағына өту қаупі болды. Бірақ оған 10 шақырым қашықтықтағы өрт сөндіріліп, одан әрі таралуына жол берілген жоқ.

"Ұлттық парк, Баянауыл аудандық төтенше жағдайлар қызметі, төрт ауылдық округтегі ерікті өрт сөндірушілер құрылымының күшімен Баянауыл ауданында дала өрті ауыздықталды", - дейді Руслан Төлепбаев.

Сонымен қатар, баянауылдықтар өрт өршімес үшін Қарағанды облысындағы тілсіз жаумен күреске араласты. Қарағанды облысының шекарасында Сәтбаев ауылдық округі тарапынан ТЖД-ның үш автоцистернасы, Баянауыл ауданы әкімдігінің күштері мен құралдары, Сәтбаев ауылдық округінің ерікті өрт сөндіру  құрылымдары, Жаңатілек ауылдық округінің өрт сөндіру бекеті жұмыс істеді. Қазір шекара маңындағы учаскелерді қарауылдау жүріп жатыр.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу