Биыл Қызылорда-Жезқазған автожолының 100 шақырымнан астамы қолданысқа беріледі

391

Үкімет Аппараты басшысының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Ғабит Сыздықбеков Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді.  

Биыл Қызылорда-Жезқазған автожолының 100 шақырымнан астамы қолданысқа беріледі Фото: gov.kz

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев "Қызылорда-Жезқазған" автожолын қайта жаңғырту жұмыстары және Сырдария өзенінің жағдайымен таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Делегация құрамында ҚР ЭТРМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағанбетов, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы, директорлар кеңесінің мүшесі Мейрхат Қасымбаев және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ сыртқы займдар департамент директоры Марат Махамбетов бар.

Аймақ басшысы Ғабит Сыздықбековті Қызылорда су торабының қайта жаңғырту жұмыстарымен таныстырды. Нысан 1956 жылы салынған. Қазіргі таңда ол 110,0 мың.га суармалы және 250 мың.га жайылымдық жерлерді аяқ сумен қамтиды. Мұнда 2020 жылы басталған қайта жаңғырту жұмыстары барысында сол жағалаудағы шлюз-реттегіш, жаңа су торабы, су бекеттері мен трансформаторлық қосалқы станция салынып, торап аймағы абаттандырылатын болады. Жобаның бас мердігері жұмысты биыл аяқтамақ.

Сонымен қатар делегация мүшелері "Қызылорда-Жезқазған" автожолын қайта жаңғырту барысымен танысып, жол құрылысына қажетті битумды сақтайтын қоймаларды аралады. Еске салсақ, аталған автокөлік жолын қалпына келтіру мәселесі көптеген жылдар бойы шешімін таппай келді. 2021 жылы Қызылорда облысындағы 204 шақырым бойынша 6 лотқа бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Өткен жылы мердігер мекемелер "Қытай азаматтық инженерлік-құрылыс корпорациясы" ЖШҚ, "Қыран" ЖШС, "Гуйчжоу жол-инженерлік корпорациясы" ЖШҚ, және "Stecol Corporation" құрылысқа қажетті құжаттарды әзірлеп, дайындық жұмыстарын жүргізді. Биыл мердігер мекемелер жолдың 100 шақырымнан астам бөлігін аяқтауды жоспарлауда, құрылыс материалдарының басым бөлігі қоймаға жеткізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу