Депутат Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккендерге әлеуметтік қолдауды күшейтуді ұсынды

407

Биыл Семей полигонының жабылғанына 32 жыл толады. 

Депутат Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккендерге әлеуметтік қолдауды күшейтуді ұсынды Фото: E-history.kz

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесін көтерді, деп жазады inbusiness.kz.

"40 жыл ішінде Семей полигонында 468 ядролық сынақ өтті. Барлық жарылыстардың қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есе көп болған еді. Яғни, аймаққа орны толмас экологиялық залал келтірілді. Біздің алдымызда әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер қалуда", - деді ол өзінің депутаттық сауалында.

Халық қалаулысының сөзінше, еліміздің аумағындағы полигон қызметінің нәтижесінен зардап шеккендердің саны туралы нақты деректер әлі жоқ.

"Әр түрлі ақпараттар бойынша 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен. Полигонға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары әлі де радиациядан туындаған аурулардан зардап шегіп жатыр. Сәулеленудің салдары олардың ұрпақтарына әсер етуде. Қазақстан заңнамасына сәйкес, зардап шеккен азаматтарға біржолғы ақшалай өтемақы төленеді, оның мөлшері аймаққа байланысты жеке айқындалады және 1949-1965 жылдар аралығындағы кезеңдері тұрған әрбір жылы үшін ең көбі 18 мың теңгені (5,23 АЕК) құрайды.

Сондай-ақ радиациялық тәуекел аумақтарында тұратын халықтың қосымша еңбекақыға және жыл сайынғы қосымша ақылы демалысқа құқығы бар. Бұл ретте аталған жеңілдіктер тек Семей өңірінде ғана қолданылады", - деп атап өтті спикер.

Нұрлан Әуесбаев Жапонияда ядролық бомбалардан зардап шеккендерге ай сайын бірқатар төлемдер берілетінін мысал ретінде келтірді. Оның ішіне арнайы медициналық төлем, денсаулықты бақылау үшін төлем, денсаулықты сақтау үшін төлем, медбикені жалдау үшін күтім төлемі және т.б. төлемдер кіреді. Депутат олардың мөлшері 1 мың доллардан асады деп отыр.

"Бұған дейін Үкімет 2017-2019 жылдар аралығында полигон қызметі нәтижесінен зардап шеккен халықты және олардың ұрпақтарын медициналық-әлеуметтік қорғау қағидатын іске асыру үшін зерттеулер жүргізілгенін және осы зерттеудің нәтижелері бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеп, шаралар қабылданатынын хабарлаған болатын. Алайда бұл зерттеудің нәтижелері ұсыныс деңгейінде қалды. Бұл зерттеуге бюджеттен сәйкес қаражат жұмсалғанын атап өткім келеді", - деді ол.

Мәжілісмен осы мәселеге қатысты бірқатар ұсыныс айтты:

  •  әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу;
  •  ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды персоналды есепке алуды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау;
  •  ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтардың санаттарын айқындау өлшемшарттарын қайта қарау мәселесін қарастыру;
  •  ведомствоаралық жұмыс тобының жұмыс нәтижелерін ұсыну;
  • радиациялық ластанған аумақтарды оңалту жөнінде шаралар қабылдау.

Еске салайық, Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев елдің интернетпен қамтылу мәселесін көтерген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу