Екібастұз алдағы жылыту маусымына дайын ба?

332

Өткен жылыту маусымы қала тұрғындарына қиындық туғызды. 

Екібастұз алдағы жылыту маусымына дайын ба? Фото: Turkystan.kz

Екібастұздың алдағы жылыту маусымына дайындығы қандай? Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы мәселеге қатысты түсінік берді, деп жазады inbusiness.kz.

Оның сөзінше, былтыр қалада болған жағдайды болдырмау мақсатында бес бағыт бойынша жұмыс істеліп жатыр.

"Президенттің тапсырмасы бойынша былтыр қараша айында бірден кешенді жылу-техникалық аудитке кірістік. Оның бірінші кезеңі аяқталды, ол гидравликалық режимдерде және жалпы қалалық жылу жүйесінің теңгерімсіздігінде кейбір олқылықтар бар екенін көрсетті. Екінші бағытқа келсек, біз орамішілік және магистральдық жылу желілерін жөндеуді қолға алдық. Үшінші бағыт – ЖЭО-да жөндеу жұмыстарын жүргізу. Онда 10 қазандық қондырғысы бар. Оның бесеуі энергетикалық болса, тағы бесеуі су жылытуға арналған. 5 су жылыту қазандығы бойынша демонтаж жұмыстары толығымен аяқталды. Бүгінгі таңда материал кезең-кезеңімен алынып, құрастыру және монтаждау жұмыстары жүріп жатыр", - деді облыс әкімі тілшінің сауалына берген жауабында.

Аймақ басшысы қазандықтардың бірінші бөлігі жылыту кезеңі басталғанға дейін дайын болады деп сендірді.

"Екінші бөлігі резервтік болып есептелінеді, олар қыркүйек, қазан, қараша айларында қосылады. Екібастұз қаласының толыққанды жұмыс істеуі үшін ЖЭО-да 4 су жылыту қазандығы мен 2 энергетикалық қазандық жұмыс істеуі қажет. Осылайша, 4 қазандық резервте болады деп жоспарлап отырмыз. Бұл – жұмыстың төртінші бағыты", - деп жалғастырды өңір басшысы.

Ең соңғы бағыт – көппәтерлі тұрғын үй қорын дайындау бойынша жұмыс.

"Қалада 690 көппәтерлі тұрғын үйдің 184-інде ПИК, мүлік иелерінің бірлестігі, жай серіктестік түрінде де қызмет көрсетілмейді. Оның ішінде іс жүзінде 132 үй дайындық актілерін алды. Оларға аймақтағы өнеркәсіп алыптарының жөндеу бригадалары көмектесті", - деді ол.

Асайын Байханов үйді басқару түрін пәтер иелері өздері таңдайтынын атап өтті. Бүгінгі таңда пәтер иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

"Екібастұздықтар жылумен қамтыла ма деген сұраққа келер болсақ, оларда жылу болады", - деп түйіндеді Павлодар облысының әкімі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу