Қазақстанда 9 айда 77,8 млн тонна көмір тасымалданды

207

 Бұл көлем өткен жылғы тиісті кезеңдегі көрсеткішпен бірдей. 

Қазақстанда 9 айда 77,8 млн тонна көмір тасымалданды Фото: gov.kz

Елімізде 2026 жылдың 9 айында теміржол көлігімен көмір тасымалдау көлемі 77,8 млн тоннаны құрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ға көп (2025 жылдың 9 айында – 76,6 млн тонна). Оның ішінде 25 млн тонна экспортқа жөнелтілсе, 51 млн тоннадан астамы ел ішінде тасымалданды.

Жаңа жылыту маусымына дайындық басталғалы,1 мамыр мен 30 қыркүйек аралығында республика бойынша 28,1 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл көлем өткен жылғы тиісті кезеңдегі көрсеткішпен бірдей. Оның ішінде 25,8 млн тонна көмір жылу электр орталықтарына (ЖЭО), 2,3 млн тонна коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жөнелтілді. Барлық ЖЭО-да отын қоры белгіленген нормативтен жоғары немесе нормативтік деңгейде.

Ағымдағы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналған көмірге жоспарлы сұраныс 7,3 млн тоннаны құрайды. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 154 мың тоннаға аз. Сұраныстың төмендеуі елдегі газдандыру деңгейінің артуына байланысты.

Тасымалдауды қамтамасыз ету үшін жалпы паркі 27 мың жартылай вагоннан тұратын "Қазтеміртранс" АҚ-ның 18,5 мың вагоны жұмылдырылды. Жүктеме жоғары кезеңдерде 3 мың вагонға дейін резерв қалыптастырылады. Жылжымалы құрам паркі көмір тасымалдау қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.

Жылыту маусымына көмір тасымалдары штаттық режимде жүзеге асырылуда. Жылжымалы құраммен қамтамасыз ету бойынша шектеулер мен мәселелер байқалмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу