Екібастұзда жылуға қосылмаған төрт жеке меншік тұрғын үй қалды

429

Бұл туралы Павлодар облысы басшысының жетекшілігімен өткен жедел штабтың отырысында Екібастұз қаласының әкімі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

Екібастұзда жылуға қосылмаған төрт жеке меншік тұрғын үй қалды Фото: pavlodarnews

— Бүгінгі таңда Екібастұздың барлық көпқабатты үйлері жылумен, ыстық және суық сумен қамтамасыз етілген. Өкінішке қарай, кварталішілік желілердегі ұсақ су кетулерге байланысты жекелеген үйлерді жылудан ажырату қажет болып жатыр. Бірақ, бұл - уақытша шаралар, жөндеу жұмыстары жедел түрде жүргізілуде, жылу үйлерге қайта берілуде, — Аян Бейсекин.

Сонымен қатар ол тұрғындарға келтірілген залалды өтеу жұмыстары басталғанын атап өтті. Берілген өтініштерге сәйкес зардап шеккен пәтерлерді аралау жалғасуда. 121 пәтерде жеңіл зақымдану анықталып, олардың қатарындағы 53 пәтерде жұмыстар басталған.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның сөзінше,  65 білім беру мекемесінің 45-інде қажетті температуралық режим толық сақталған. Қалған ұйымдарда жылумен жабдықтау жүйелерін теңгерімдеу жүргізіледі. Осыдан кейін температуралық режим нормативтік деңгейге жеткізіледі.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, денсаулық сақтау объектілерінің барлығы штаттық режимде жұмыс істейді.

— Қалалық ауруханада 326 пациент емделуде, оның ішінде 85 бала бар. Апат басталғаннан кейін уақытша Павлодар қаласына көшірілген психикалық денсаулық орталығының 26 пациентін 19 желтоқсанда Екібастұзға қайтару жоспарланып отыр, — деді Айдар Сейітқазинов.

"ОАЭК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Леонид Янушко екі күн ішінде станция қызметін қалыпқа келтіру үшін тағы екі қазандықты іске қосу жоспарланып отырғанын  жеткізді.

 — Қазір басты міндет — ЖЭО-ның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, — деп атап өтті өңір басшысы. — Қажетті қазандықтарды іске қосып, станция жұмысын тұрақтандырғаннан кейін әлеуметтік нысандарды офлайн режимге көшіру жөнінде шешім қабылдаймыз.

Асайын Байханов қала басшылығына сумен жабдықтау және электр қуатын өшіру мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды, сондай-ақ, тұрғындардың шағымдарына уақтылы жауап беруді тапсырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу