Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық кірістерді, оның ішінде есірткі бизнесі мен интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты жылыстатуға қарсы жүйелі жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін ТМД кеңістігіндегі ірі көлеңкелі криптосервистердің бірі – цифрлық активтер арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан "RAKS Exchange" жойылғаны туралы хабарланған болатын.
Аталған криптоалмастырғыш арқылы Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова аумағында әрекет еткен 200-ден астам есірткі интернет-дүкендерінің транзакциялары өткен. Платформаның жалпы айналымы 224 млн АҚШ долларынан асқан.
Ауқымды криптотергеу барысында Follow the Money тәсілі аясында есірткі құралдарының заңсыз айналымына және даркнет алаңдарының қызметіне қатысы бар 4 000-нан астам криптоәмиянға блокчейн-талдау жүргізілді.
Криптотергепу нәтижесінде жалпы сомасы 9,7 млн USDT-тен асатын цифрлық активтер бұғатталды.
Қазіргі кезеңде анықталған қаражаттың бір бөлігі – 3,2 млн USDT тәркіленді.
Олардың қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденіп, қаражат Агенттіктің арнайы шотына аударылды.
Нәтижесінде азаматтардың денсаулығына қауіп төндірген арна жолы кесілді. Ірі көлемдегі есірткі жеткізілімдері тоқтатылып, тарату инфрақұрылымы жойылды, бірқатар есірткі интернет-дүкендерінің қызметі тоқтатылды.
Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда.