Қазақстанда бес өңірде тасқын қаупі жоғары. Бұл аймақтарға Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары жатады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Экология және табиғи ресурстар министрлігінің "Қазгидромет" РМК 2026 жылғы 1 наурызға арналған гидрологиялық болжамына сәйкес, топырақтың күзгі ылғалдылығының көрсеткіштерін, жауын-шашынның мөлшерін ескере отырып суық кезеңде, топырақтың қату тереңдігі, мұз қабығының болуы топырақ бетінде, сондай-ақ өзендердің мұз режимдерінде су тасқыны қаупі бар өңірлерге алдын ала баға берілді. Тәуекелдері жоғары аймақтарға Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары кіреді. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін", – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
"Жалпы негізінде осы облыстар дұрыс көрсетілген. Ақмола облысы мен таулы жерлерді алмасақ, қалғандардың бәрі таудың бөктеріндегі аймақтар ғой. Ол белгілі болып тұр. Ол жылда болатын нәрсе, оны бәрі біледі. Ал енді алдыңғы жылғы ауқымды су тасқынын алсақ, ол жерде климаттың ерекшелігі өзінің себебін жасады. Биыл көктемге қарағанда күндіз жылы, қар аздап еріп, түнде ауа температурасы минусты көрсетіп тұр. Сондықтан біресе қатып, біресе еріп жатыр. Жақында ауа температурасы плюске айналғалы тұр. Бірақ та, қардың көбі жерде сәл жібіп отырып қалды. Сондықтан егер гидротехникалық ғимараттар жағынан кедергі болмаса, жалпы дайындық бар деуге болады. Мен биыл онша қауіп күтіп отырған жоқпын", – деді инженер-гидротехник Аманбек Рамазанов.
Сарапшыдан су тасқынына климаттың өзгеруі қаншалықты әсер етіп отырғанын анықтап білдік.
"Климаттың өзгеріп жатқаны белгілі. TALSIM, ТАSQYN деген компьютерлік бағдарламалар бар. Оның ішінде жасанды интеллект те өзінің үлесін қосып жатыр. Сондықтан қолдан келетін дайындық бар. Ал жүйелі мәселелерді жою үшін әлі бірталай әрекет жасау керек. Ол бір күндік, бір немесе екі жылдық жұмыс емес, ол көп уақыт алады", – деп атап өтті спикер.
Аманбек Рамазанов министрліктің қарамағына республикалық меншіктегі бөгеттер мен бөгендер ғана кіретінін баса айтты. Ал шағын инфрақұрылымдар коммуналдық немесе жекеменшікте тұрғанын жеткізді.
"Қауіпті бөгеттерді белгілеу үшін уақыт та, қаражат та керек. Ол жұмыс жасалынып жатыр. Бірақ та, ол да бір-екі жылдық жұмыс емес", – деді инженер-гидротехник.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, су басу аймақтарының цифрлық болжамы "Tasqyn" ақпараттық жүйесінде көрсетіледі.
ТЖМ мәліметінше, бүгінгі таңда Иреклі су қоймасының толымдылығы 79 пайызға тең. Ресей көктемгі су тасқынына дайындық мақсатында суды ағызып, тасқын суларды қабылдау үшін көлемі 1 млрд текше метр бос сыйымдылықты босататыны белгілі болды. Осы жылдың болжамды деректерін былтырғымен салыстырғанда биыл Жайық өзенінің су басу қаупі аз деген болжам жасалып отырғаны да айтылды.
"Су тасқынына қарсы тартылатын күштер мен құралдардың құрамына жеке құрамнан 39 мыңнан астам адам, 12 мыңнан астам бірлік техника, 4 723 су айдау және 701 жүзу құралы, сондай-ақ 35 сорғы-жылжымалы станция кіретін топ құрылды. ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің ірі су басу қаупі аз өңірлерден жалпы саны 930 адам, 113 бірлік техника, 35 жүзу құралы және 99 мотопомпа қосымша күштер мен құралдардың резервтік топтары, сондай-ақ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясынан 64 адам, және 3 бірлік техника жиынтық жасағы бар қосымша топтары дайындалды. Күштер мен құралдарды жедел тасымалдау және зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау үшін "Қазавиақұтқару" АҚ-ның 25-тен астам әуе кемесі тұрақты дайындықта. 2026 жылғы су тасқыны кезеңінде халықты уақытша орналастыру үшін 1 429 179 адамға арналған 3 857 пункт дайындықта тұр", – деп хабарлады ТЖМ.