Елордада жалған шот-фактура жасаумен айналысқандар сотталды

950

Мемлекетке 773 млн теңгеден астам сомаға залал келген.

Елордада жалған шот-фактура жасаумен айналысқандар сотталды Фото: google.com

10 шілде күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жалған шот-фактуралар жазып берумен айналысқан қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы мен оның көмекшілерін соттады, деп жазады inbusiness.kz

“Сот О.-ның А., Қ., С. және Н.-нің жәрдемдесуімен алдын ала сөз байласқан адамдар тобының құрамында 2020-2022 жылдар кезеңінде жұмыстарды нақты орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды жөнелтпей өзінің бақылауындағы 7 кәсіпорынның атынан шот-фактураларды жазып беруді ұйымдастырғанын анықтады. Осы ретте контрагент-кәсіпорындар салық түрінде мемлекетке төлемеген 773 млн теңгеден астам сомаға аса ірі залал келтірді”, - деп хабарлады қалалық сот.

О. қылмысты ұйымдастырушы ретінде өзінің бақылауындағы кәсіпорындар арқылы жалған шот-фактураларды жазып, осындай қызметтерге мұқтаж контрагенттерді іздеген және олармен мәміле шарттарын талқылаған. А. бұрын мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері болғандықтан О.-ға осы кәсіпорындарды тіркеуге және таратуға көмектесіп, салық бойынша кеңес берген. Қ., С. және Н. ұйымдастырушының өтініші бойынша өз таныстарының, кездейсоқ адамдардың атына бақылаудағы кәсіпорындарды ашқан, ал Қ. оның үстіне осы кәсіпорындардың шоттарына түсетін ақшаны  қолма-қол ақшаға ауыстырумен айналысқан.

Белгілі болғандай сотталғандардың кінәсі толық дәлелденді.

“Сот үкімімен О. ұйымдастырушы ретінде коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Оның көмекшілері А., Қ., С. және Н. коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.

Олардың бақылауындағы кәсіпорындардың шоттарында болған 15,5 млн теңге мемлекет пайдасына тәркіленді”, - делінген хабарламада.

Іс бойынша азаматтық талап қойылмады. Бұдан бөлек фискалдық органдар контрагент-кәсіпорындардан берешек сомасын өндіріп алатын болды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу