"Ертіс орманы" резерваты бас директорының орынбасары пара алған. Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті оның ағаш өңдеушіден миллион теңге алғанын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті арнайы жедел іс-шаралар жүргізу барысында "Ертіс Орманы" РММ басшылығының заңсыз әрекетінің жолын кесті. "Ертіс орманы" резерваты бас директорының орынбасары Қайриден Әбжатов ағаш кесушілердің бірінен карточкалық шотқа аудару арқылы 1 000 000 теңге көлемінде заңсыз ақшалай сыйақы алған. Ақша ағаш кесу жұмыстары кезіндегі жалпы қамқорлыққа, сондай-ақ орманды тазарту бойынша жұмыстардың жаңа көлемін алуға төленген. Әбжатов алған ақшаны жеке мақсатына пайдаланған", - делінген хабарламада.
Павлодар облысы Шарбақты аудандық соты Қ.М. Әбжатовқа орман шаруашылығы саласында 2 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, бір жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.