Еурокомиссия Қазақстанның "ЕО-ОА" форумын басқаруға қатысты бастамасын қолдайды

633

ЕО өкілі Қазақстанның Орталық Азиядағы ең үлкен экономика екенін айтты.  

Еурокомиссия Қазақстанның "ЕО-ОА" форумын басқаруға қатысты бастамасын қолдайды

Еурокомиссияның вице-президенті Валдис Домбровскис ЕО Қазақстанның 2023 жылғы "Еуропалық Одақ – Орталық Азия" форумын басқаруға қатысты бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Бішкекте өткен "Еуропалық Одақ-Орталық Азия" экономикалық форумында жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Қазақстан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен экономика болып табылады. Қазақстан – экономикалық даму және жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі бойынша өңірдегі ең экономикалық дамыған ел. Еуроодақ Қазақстанның 2023 жылы Нұр-Сұлтанда өтетін "ЕО-ОА" экономикалық форумын басқаруға қатысты бастамасын қолдаймыз",  – деді ол.

Жиында ол көміртекті-қарқынды модельден бас тартып, жаңартылатын энергия көздеріне көшу керектігін мәлім етті. Оның айтуынша, ЕО шығарындылар көлемін азайту үшін көміртекті-қарқындылығы азырақ өнімдерді импорттамақ. Еурокомиссия басшысының орынбасары ЕО Орталық Азияның барлық елдерімен ынтымақтастықты күшейтуді жоспарлап отырғанын хабарлады.

Айта кетейік, 5 қарашада Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында "Еуропалық Одақ – Орталық Азия" экономикалық форумы өтті. Жиынға ЕО және Орталық Азия елдерінің жоғары лауазымды өкілдері, ЕО жобаларын осы аймақта жүзеге асырып жатқан ұйымдар, жеке сектор өкілдері, еуропалық қаржы институттары қатысты. Форумда Орталық Азияның экономикалық даму саласындағы басым қажеттіліктері туралы пікірлер айтылды. Бұл форумың негізгі бағыттары – жасыл экономика, цифрландыру және іскерлік ортаны дамыту мәселелері.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу