Каспий теңізі тартылып барады

605

Каспий теңізінің Ақтау қаласы жағалауы айтарлықтай тартылып барады.   

Каспий теңізі тартылып барады Фото: Нұркен Тәжібай

"Бұлай жалғаса берсе, теңіздің экожүйесі бұзылады", - дейді мамандар.

Дәл осылай 47 жыл бұрын теңіз қатты таязданған. Ол кезде судың деңгейі минус 29 метрге дейін төмендеген көрінеді.

Каспийдің қазақстандық жағалауы 2300 шақырымды құраса, соның 1400-і Маңғыстау өңіріне тиісілі. Көк айдынды небір қайталанбас видеоларға түсіріп, көрікті табиғатты жариялап жүрген блогер Нұркен Тәжібай Каспий теңізінің жағалауы жалаңаштанып кеткенін айтады.

"Соңғы 3 жылда Каспийді әр қырынан түсіріп келемін. Сартас, Кендірлі, Темір баба тұсынан түсірдім. Осы жерді көргенде көңілім құлазып қалды. Былтыр бұл аумақта қайықтар жүзіп жүрді. Ғаламтордан видео көргенде, теңіз батыс беттен бастап тартылып, жойылады деп еді. Олай болмағанын қалаймын", - дейді Нұркен Тәжібай.

Теңіздің тартылуы халық арасында алаңдаушылық туғызды. Олар тез арада Үкіметтің шара қолданғанын құптайды.

"Жыл сайын тартылып, азайып келеді. Ақтаудың байлығы- Каспий. Шара қолдану керек Үкіметтен. Жылдан жылға азайып барады. Зерттеу керек. Аралдың күйін кешпесіне кім кепіл? Осы қалада 1966 жылдан бері тұрамын Каспийдің азайып, кейін қайта толған кезі болды. Мына түрі қорқынышты. Су жағалаудан көп алшақтап кетті. Туризмді дамытамыз десек, туристердің қамыс басқан қуаңшылыққа емес, теңізге қызығатынын ойлауымыз керек", - дейді Ақтау тұрғыны Меруерт Сисеналиева.

Жерді ғарыштан зерттеу деректерінде 15 жылда Каспий теңізінің қазақстандық секторының акваториясы 7 пайызға қысқарғанын көрсетеді. Бұл экожүйеге де, кеме қатынасына да қауіпті. Оған себеп: Каспийге құятын судың азаюы, жауын-шашын сиреді, су тұтыну күрт өсті. Мәселені шешудің екі  жолы бар: бірі - Каспий мен Азов теңізін қосатын Еуразия каналын салу. Екіншісі, Иран Президенті ұсынған Каспийдің оңтүстігінен Парсы шығанағына дейін канал қазу.

"Мұндай жағдайда Қазақстан, Түркіменстан сияқты 5 мемлекет үшін бірден Еуропаға Атлант мұхитына шығатын мүмкіндік туады. Қарсы бағытта Үнді мұхитына шығып кете алады. Теріскейге Еділ өзені арқылы Ақ теңізге, Мурманскіге шығып кете алады. Шығыны көп жоба. Қалай болғанда да, осы жоба жүзеге аспайынша, Каспий теңізін қалпына келтіру мүмкін емес", - деді тәуелсіз эколог Орынбасар Тоқжанов.

Ғалымдардың айтуынша, соңғы 150 жылда теңіз деңгейі 5 рет түсіп, кері көтерілген. Бұл жолғысы - ең төмені. Теңіз деңгейінен 4 метрге дейін тайызданды.

"Біздің тарапымыздан Каспий теңізін, ондағы проблемаларды талдау үшін институт құру жұмыстары атқарылуда. Министрліктен құрылған 3 департамент: халықаралық қарым-қатынас департаменті, білім және инновация мен су саясаты департаменті Каспий теңізі прблемасын шешу үшін тығыз байланыста жұмыс істеуі керек", - деп атап өтті ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Каспийді зерттеу институты су деңгейінің мониторингі және экожүйесін зерттеумен айналысатын болады. Каспий - бес ел шектескен алып су қоймасы. Оның мәселесі халықаралық деңгейде көтерілуі тиіс. Сондықтан да Каспий аумағы елдері арасында ғылыми зерттеулер бойынша келісім дайындалып жатқан көрінеді.                                                                          

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу