Оның айтуынша, 2025–2035 жылдарға арналған Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту жөніндегі жол картасы бекітілген. Бұл құжат қазақы ит тұқымдарын – соның ішінде төбет пен тазыны – қорғау, дамыту және халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Қазақы тазы тұқымына қатысты тиісті стандарттар қабылданып, ғылыми зерттеулер жүргізілді. Ал қазақ төбетіне қатысты стандарттар 2025 жылы бекітіледі, – делінген Үкіметтің жауабында.
Сонымен қатар, Премьер-министр Жапония мен Түркиядағы Кангал, Акита, Шиба тұқымдарын экспорттауға ресми тыйым салынғаны туралы ақпараттың нақтылығы белгісіз екенін атап өтті.
– Мәселен, Түрікменстанда түрікмен алабайы мемлекет қорғауында болғанына және оны елден шығаруға тыйым салынғанына қарамастан, бұл тұқым басқа атаумен FCI (Халықаралық кинологиялық федерация) ұйымында тіркелген. Мұндай жағдай тұқымның халықаралық деңгейде нақты бір ұлтқа тиесілігін тануға кедергі келтіреді. Осыған байланысты, қазақы ит тұқымдарын халықаралық деңгейде мойындату процесінде оларды шетелге шығаруға тыйым салу орынсыз, – делінген жауапта.