ҚР Президенті өз сөзінде біздің елдің экономикалық әлеуетіне, әлемде тапшы мұнай саласындағы басымдылығын атап өтті.
"Мұнай қорының көлемі бойынша Еуразияда екінші орын иеленетіні расталған Қазақстан – жаһандық энергетикалық дағдарыс салдарын жеңілдету үшін сенімді мұнай мен газ жеткізуші ел", – деді Тоқаев.
Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, көлік-транзит әлеуетінің дамуы Орталық Азия елдерінің тұтас ЖІӨ-н 15 пайызға өсуіне ықпал етуі мүмкін екенін ескерсек, Мемлекет басшысы "бүгінде Қытай – Еуропа дәлізі бойынша құрлықтағы транзиттік тасымалдың 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтетінін" атап өтті.
"Орта дәліз" деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының энергетика мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі маңызы артып келеді", – деді Президент.
Сонымен қатар ел басшысы еліміз цифрлық трансформацияны қолдау үшін реформалар жүргізуге кіріскенін хабарлады. Бұл жұмыстарды бүкіл әлем мойындап отыр.
"БҰҰ-ның рейтингісінде Қазақстан "электронды үкіметті" дамыту бойынша әлемнің үздік отыздығына кіреді, сондай-ақ онлайн қызмет көрсету индексі бойынша 11-орында", – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан алдағы 7 жылда 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тартуды жоспарлап отыр.
"Қазақстанның ұстанымы өте қарапайым және айқын – біз нөлдік сомасы бар ойындарға сенбейміз. Біз "Үлкен ойындарға" емес, Еуразияның жүрегіндегі барлық адамдар үшін "Мол пайдаға" ұмтыламыз", – деп сөзін түйіндеді Тоқаев.