"Қазақстанды монеталар арқылы таны" атты көрме өтті

214

Көрме аясында ұлттық валютаның жаңа банкноттық сериясы ұсынылды.

"Қазақстанды монеталар арқылы таны" атты көрме өтті Фото: Ұлттық банк

"Қазақстанды монеталар арқылы таны". Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде осындай көрме өтті. Экспозиция ұлттық валюта – теңгенің енгізілгеніне 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Онда көпшілік төл теңгеміздің жаңа дизайнымен танысып қана қоймай, монеталардың жаңа түрлері туралы ақпарат алды.

Көрмеге келушілер алтыннан, күмістен, сондай-ақ бағалы емес металдардан жасалған 500-ден астам түрлі монеталармен танысты. Сонымен қатар, экспозицияға халықаралық байқауларда орын алған және сирек кездесетін ірі монеталар қойылды. Көрме аясында ұлттық валютаның жаңа банкноттық сериясы ұсынылды. Ол "Сақ стилі" элементтеріне негізделген және көшпенділер мәдениетінен бастап заманауи Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.

"15 қарашада жаңа теңгенің, банкноталардың жаңа сериясының таныстырылымы болды. Бүгін осы жерде де ол туралы айтылады, көрсетіледі. Бұл серия жаңа серия сақ стилі деп аталады. Осы сақ стиліндегі Қазақстан аумағында табылған жәдігерлердің, олардың Қазақстан тарихымен ұрпақтар сабақтастығы ретінде көрсетілген. Осыған арналған дизайн. Бұл жаңа дизайн біртіндеп 2025 жылға дейін енгізілетін болады. Ең алғашқы бұл 5 мың теңгелік купюра осы жылдың аяғына дейін енгізіледі", - дейді ҚҰБ баспасөз хатшысы Асан Ахметжан.

Сондай-ақ экспозицияда Ұлттық банк дизайнерлері "Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері" монеталар сериясының көркемдік тұжырымдамаларын пайдаланған KOKBÓRI инвестициялық монеталарының ребрендингі туралы айтып берді. Ұлттық нақыштағы элементтер қамтылған қайталанбас дизайнерлік шешім оны инвестициялық құрал ғана емес, ерекше коллекция мен таптырмас сыйлыққа айналдырды.

"Келесі жылы болмаса да, одан кейінгі жылдары біз көшпенділердің тотемі сериясын жалғастырамыз. Бұдан кейін инвестициялық монеталардың Үкі, Бұғы сияқты түрлері шығады. Ол үшін бұған дейін шыққан коллекциялық монеталардың дизайнына кішігірім өзгеріс енгізу керек. Себебі коллекциялық монеталарға бағалы тастар орнатылып, алтын немесе күміс жалатылады. Ал инвестициялық монеталар металдан тұтас құйылуы керек", - дей  ді ҚҰБ бас дизайнері Алмат Басенов.

Көрме экспонаттары елдің қалыптасуы мен дамуын суреттейтін ең негізгі мәдени, саяси және тарихи кезеңдерді қамтиды. Сондай-ақ мұндағы әр монета мен банкнота  халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрін паш етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу