Кремльдің Беларуське қатысты құпия стратегиясы анықталды - батыс БАҚ

630

Еуропалық БАҚ журналистерінің консорциумы Кремльдің "Ресей Федерациясының Беларусьтегі стратегиялық мақсаттары" атты құпия құжатына қол жеткізді. 

Кремльдің Беларуське қатысты құпия стратегиясы анықталды - батыс БАҚ Фото: Twitter

Соған сәйкес, Ресей Федерациясы 2030 жылға қарай Беларусьті басып алуды жоспарлап отырған көрінеді, деп жазады inbusiness.kz DW сайтына сілтеме жасап.

Журналистер Ресей билігінің "Беларусьтегі Ресей Федерациясының стратегиялық мақсаттары" атты ішкі құжатына қол жеткізді, онда Беларусь Республикасының 2030 жылға қарай Ресей Федерациясына кезең-кезеңімен толық қосылуы жайлы егжей-тегжейлі жазылған. 

Тергеуге Süddeutsche Zeitung, WDR, DNR, Yahoo News, Delfi Eesti, Expressen және Independent басылымдары, VSquare мен Frontstory жобалары, Dosier орталығы мен Беларусь тергеу орталығы қатысты. 

2021 жылдың жазында бекітілген 17 беттік құжат Кремльдің Беларусьтегі саяси, әскери, экономикалық әрі әлеуметтік мақсаттарын тізімдейді. Бұл мақсаттар үш санатқа бөлінеді - қысқа мерзімді (2022 жылға дейін), орта мерзімді (2025 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (2030).

Стратегия "Ресей Федерациясының әлеуметтік саясат, сауда, экономика, ғылым, білім және мәдениет саласындағы басым ықпалын қамтамасыз етуді" көздейді. Бұған, атап айтқанда, "интеграцияға мүдделі ресейліктер мен Ресей нарығына бағытталған бизнес топтарын құру мақсатында" Беларусь азаматтарының ресейлік төлқұжаттарды алу процедурасын жеңілдету арқылы қол жеткізу жоспарлануда. 

Авторлар билікке қол жеткізудің тағы бір амалы - білім саласын қолға алу деп есептейді: 2030 жылға қарай Беларусьте ресейлік бірыңғай мемлекеттік емтихан (ЕГЭ) тапсыруға мүмкіндік беретін орталықтар ашу жоспарлануда.

Сондай-ақ, құжатта 2022 жылғы ақпандағы "жалпыхалықтық референдумда" мақұлданған Беларусь Конституциясының реформасы Ресей мүддесіне сай болуы керек, ал РБ заңдары Ресей Федерациясының заңдарымен "үйлестірілуі" тиіс делінген.

Ресейдің алға қойған мақсаттарынан бөлек, құжатта Кремльдің пікірінше, Ресейдің Беларусьтегі жоспарларын бұзуы мүмкін қауіп-қатер де жазылған. Оларға стратегия авторлары Лукашенконың НАТО-мен жақындасу мүмкіндігін, оған "ұлтшыл әрі батысшыл саясаткерлердің" әсерін, ресейлік коронавирустық вакциналарды америкалық не еуропалық вакциналармен алмастыру, сондай-ақ білім беру жүйесін беларусь тіліне толық аудару процесін жатқызады.

Жарияланған құжаттың түпнұсқалығын соңына дейін растау мүмкін емес, бірақ батыстық сарапшылар оның шынайылығына сенуге бейім. 

"Құжаттың мазмұны ақылға қонымды әрі біз көріп отырған нәрсеге сәйкес келеді", - деді батыстық барлаудың аға қызметкері Süddeutsche Zeitung газетіне берген сұхбатында.  "Құжаттың сыртқы бейнесі Ресей бюрократиясының немесе саяси басқарудың стандартты құжатына ұқсайды", - деп түсіндірді Стокгольм Шығыс Еуропалық зерттеулер орталығы (SCEEUS) директорының орынбасары Мартин Краг.

АҚШ-тың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы (ЕҚЫҰ) елшісі Майкл Карпентер Ресей Федерациясының Беларуське қатысты мақсаттары Украинаға қатысты жоспарларымен бірдей екенін атап өтті. "Тек Беларусьте бұл жоспар соғысқа емес, мәжбүрлеуге сүйенеді. Дегенмен жеме-жемге келгенде басты мақсат - толығымен жаулап алу", - деді ол. 

Журналистер стратегияның жекелеген элементтерін - мысалы, ресейлік төлқұжаттарды жаппай беруді Кремль басқа елдер мен аймақтарда қолданғанын еске салады: Абхазия, Оңтүстік Осетия мен Украинада.

2021 жылдың қарашасында Путин мен Лукашенко Ресей мен Беларусь елдерінің интеграция жоспарына қол қойды. Ол интеграцияның әртүрлі аспектілерін, соның ішінде әскери әрі экономикалық тұстарды қарастыратын шамамен 30 "Жол картасынан" тұрады. Беларусь тұрғындары өз елдерінің Ресеймен интеграциясына бірнеше рет қарсылық білдіріп, көшеге шықты, бірақ одан еш нәтиже шықпады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу