Қырғызстан астанасы Бішкекте қазақстандық Kaspi банкінің аккаунттарын рәсімдеу және оларды үшінші тұлғаларға ақшаға сату схемасы анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 24.kg басылымына сілтеме жасап.
Өз атына шот ашқаны үшін азаматтарға 10 мың сом, шамамен 55 мың теңге көлемінде сыйақы уәде етілген.
"Адам тартушылар банк шоттары мен Kaspi қосымшасында аккаунт ашуға дайын азаматтарды іздеген. Тіркеуден өткеннен кейін бұл адамдар ақшалай сыйақы үшін аккаунттарға толық қолжетімділікті және банк карталарын үшінші тұлғаларға берген", – делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдарының алдын ала болжамы бойынша, сатып алынған аккаунттар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, заңсыз P2P аударымдарын жүзеге асыру, интернет-алаяқтық қызметтері аясында қаражатты шығару операцияларын жүргізу мақсатында пайдаланылған.
Бішкек қалалық ішкі істер бас басқармасының тергеу қызметіне 13 адам жеткізілді:
- 8 ықтимал дроппер – аккаунттар өз атына рәсімделген делдал тұлға;
- 2 ұйымдастырушы-рекрутер – тапсырыс берушілерден алатын үлесі үшін адамдарды тартумен айналысқан;
- 2 ықтимал тапсырыс беруші;
- 1 такси жүргізушісі – логистикалық қолдау көрсеткен.
Қазіргі уақытта Бішкек тәртіп сақшылары қаржылық желінің толық ауқымын анықтап, схемаға қатысушылардың барлығын іздеуге кірісті.
Сондай-ақ сатылған есепшоттар арқылы жүргізілген нақты қаржылық операциялар тексеріліп жатыр.